Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

ТАҢҒАЛДЫРҒАН ЦЗИЛИНЬ ӨЛКЕСІ!

            Чанчун көрмесі

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсарту арқылы бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Тәуелсіздік алған соң мәдени және тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған бұл саланы дамытуға алғышарттар жасалды.

   Дегенменде атқарылар жұмыстар әлі де болса көп екендігін айтпай кетуге болмас. Бұл жерде Шығысымыздағы алып мемлекет Қытайдан туризм мәселесінде үйренетініміз көп.  Қытай халқының қонақты күтуі, қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жоғары ілгерілеп кеткен.

   Бұдан басқа қазіргі күні Қытай әлемдегі туризм нарығында жетекші мемлекет саналады. ҚХР Ұлттық туристік әкімшілігінің дерегі бойынша 2016 жылы сырт елдерге аттанған саяхатшылардың саны 122 миллион адамды құраған. Ал 2017 жыл өзге елдерге қыдырып қайтқандардың саны 130,5 миллион адамға жеткен, яғни бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 7 пайыз артқанын көрсетіп отыр. Осылайша көрші Қытай елі сапар шегушілер жағынан әлем бойынша бірінші орынды иеленіп отыр.  ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика жөніндегі Комитетінің мәліметінше 2016 жылы Қазақстанға 117 465, 2017 жылы  94 800 қытайлық турист келген. Жалпы, бүгінде Қытай саяхатшылары әлем туризмінің тренді саналады. Оларды тартуға талпынатын, қызығушылығын тудырғысы келетін мемлекеттер көп. Себебі, Қытай сырт елдерге шығатындар саны бойынша әлемдік рекорд орнатып қана қомай, сапар барысында ең көп қаржы жұмсайтын туристердің санатына кіреді.

   Қытай – туристiк ресурстарға өте бай мемлекет. Мыңдаған ғасырлық тарихы бар мемлекет әлемге ежелгi заманнан қалған мәдени ескерткiштерiмен, ұлттық салт-дәстүрлерiмен, ерекше үрдiстегi театр, музыка, би өнерiмен, айрықша асханасымен және бiр жарым миллиардқа жуық халқымен танымал.

 Қытай мемлекетінің аумағында «Қызыл кiтапқа» енгiзiлген сирек кездесетiн аңдар мекендейдi, неше түрлi таң қаларлық өсiмдiктер өседi. Қытай әлемге әсем өзендерiмен де белгiлi. Осының бәрi дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен жыл сайын ағылып келетiн миллиондаған туристердi магниттей тартады.

Қытай өзiнiң көпғасырлық тарихында көптеген ортағасырлық ескерткiштер мен архитектуралық құрылыстарға ие болған. Осы қалалардың бiразына «Қытайдың үлгiлi туристiк қаласы» деген атау берiлген.

   Таяуда Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен бір топ журналистер қауымы Аспан асты мемлекетінің Солтүстік-шығыс өңірінде орналасқан Цзилинь провинциясына барып қайтқан еді.

   «Хайнан Эйрлайнес» ұшағымен 4 сағаттан аса уақытта ел астанасы Бейжіңнің «Шоуду» халықаралық әуежайына түскенде бірден жақсы әсерге бөлендік. Олай дейтініміз жан-жағымызға жылы көзбен күлімсіреп қараған халықты көргенді өз үйімізге келгендей сезіне бастадық. Жалпы «Шоуду» деген сөздің өзі астана, бас қала деген мағынаны білдіреді екен. Бізді Шыңжаң Ұйғыр автаномиялық ауданынан келген «China News Service» агенттігінен келген журналист әріптесіміз Гүлмира Әлғазы қарсы алды. Т-2 терминалында түскен бойда біз көп ұзамай Чанчунь қаласына қарай «China Southern Airlines» ұшағымен 2 сағаттың ішінде жеттік.

   Сапарымыздың басты жоспары – 12-ші халықаралық ЭКСПО шарасы болатұғын. «Қытай-Солтүстік-Шығыс Азия» деп аталатын көрмеде Азияның бірқатар мемлекеттері өзара байланыс орнатып, әртүрлі сала, техника, сапалы тауарларын көрермен қауымға таныстырды. Бұдан басқа  өндірістік және сауда саласында байланыс орнатылды. Чанчундағы ЭКСПО ерекше деңгейде өтті. Бұл көрме бұдан екі жыл бұрын Астанада өткен халықаралық ЭКСПО-2017 шарасынан кем болмады.

   Цзилинь провинциясының астанасы Чанчунь қаласының іргетасы 1889 жылы қаланған.  Бірақ оның тарихы бұдан да тереңде жатыр. 21 мың шаршы шақырымнан асып түсетін шаһарда 8 миллионға жуық адам тұрады. Қаланың тым үлкен екендігін аңғардық. Әрі мегаполис таза, халқы кішіпейіл, мейірімді, әдепті екендігін бір көргенде байқадық.

   Чанчунның табиғаты еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан мен Алматыға ұқсас екендігі аңғарылып тұрды. Бұлай дейтініміз Елордадағыдай табиғаты суық, жел қатты соғады екен, сондай-ақ Алматы сияқты биік таулары көп, жасыл ағашқа көмкерілген бақтары көп. Жалпы Қытай елі жылдам қарқынмен дамып келе жатқандығын ЭКСПО көрмесінде байқадық. Небір түрлі заманауи технологиялар, тамаө өндірісі, өнеркәсіп, әртүрлі салада жаңадан құрастырылған көліктер келген көрерменді таңқалдырмай қоймайды. Бұдан басқа сол технологияларды таныстырып, бүге-шігесіне дейін түсіндіріп тұратын конструкторлардың да жүзі жарқын.

   Жалпы, хань халқы қонақжай екендігін аңғардық. Тіпті имандылық, этика, адаммен байланыс, әдеп шығыс елінде алғаш қалыптасқан деп жатады ғалымдар. Шығыс әлемі өте үлкен аймақты алып жатқаны белгілі. Соның ішінде осы жақсы игі амалдар алдымен Қытай елінде алғаш қалыптасты десек қателеспейміз. Кез келген көшеде хань ұлты сізді танымаса да сұрағыңызға жауап беруге әрдайым дайын тұрады. Тіпті имандылық танытып жол беріп, көңіліңізге қарап сөйлейтіні, тура имандылықтың жарқын үлгісі аңғарылып тұрады.

   Чанчун қаласының тарихы тым әріде тереңде жатыр. Қытайда ең алғашқы автомобиль зауыты дәл осы Чанчун қаласында бастау алғанын білесіздер ме? Міне бұл қалада алғашқы автомобиль зауыты 1956 жылы салынған екен. Автомобиль зауыты алғашында ауыр жүк көліктерін жасаса, ал 1958 жылдан бастап «Хунцы» маркалы көлікті шығара бастады. Хунцы  сөзі қытай халқы үшін ерекше жағымды естілетін сөз. Қызыл байрақ деген ұғым білдіреді. Қызыл қытайлықтар үшін сәттіліктің, жақсылықтың нышаны болып саналады. Мемлекеттің жалауы да жұлдыздармен көмкеріліп, қызыл түспен бейнеленген. Жалпы спортшылары да көбіне қызыл түсте киінуге тырысады. Бұл түсте өнер көрсеткен спортшы көбіне жеңіске жетеді деген ұғым қалыптасқан.

    «Хунцы» маркалы көлікті алғашында компартия басшылары отырған. Тек 1993 жылдың наурызынан бастап көлік нарыққа шығарылып кез келген халық та бұл көлік маркасын айдауға мүмкіндік алады. Қазір Қытайда автомобиль зауыты өте көп. Дегенменде Чанчундағы автомобиль зауыты тарих қойнауына мәңгі қалатыны сөзсіз. Ең алдымен бұл жерден бастау алған көлік зауыты қазіргі уақытта заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген. Көліктерді білімді инженерлер бақылап тұрады. Бір таңғалғанымыз құлтемірлер әр жолда құрастырып келе жатса да бір-біріне соқтығыспай өте шығады. Әрі әр роботтың жүру уақыты өте дәл мөлшерде келтірілген. Зауытта Камаздар, қазіргі заманға сай 7 G буынындағы ауыр жүк көліктері жасалынып жатқандығын көрдік. Бәрі де кестеге сай, жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Көліктердің саны да көп әрі сапасы да жоғары деңгейде. «Хунцы» маркалы көліктің бағасы қолжетімді. Бұл көлік Қытайдың барлық өңірінде сатылады.

   Бәрімізге белгілі алтыншы Қысқы Азиада ойындары дәл осы Чанчун қаласында 2007 жылы  өткен болатын. Сол додада Қазақстан құрамасы 6 алтын, 6 күміс, 6 қола барлығы 18 жүлдемен төртінші орынға табан тіреген еді. Алаң иелері болса 19 алтын, 19 күміс, 23 қола жүлдеменен (барлығы 61 медаль) бейресми командалық есепте көш бастаған болатын.  Міне, арада 12 жылдан астам уақыт өтсе де Қысқы Азия ойындарына арнап салынған ғимараттар Чанчунда әлі күнге шейін бар. Бұл күллі Қытай мемлекетінде спорт нысандарының сақталынып отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Себебі, өзіміз білетініміздей көптеген қалалар Олимпиада, не болмаса ірі доданы қып-қызыл қаржыға ұйымдастырады да, одан кейін ақырында жарамсыз болып қалады. Ал Қытайда жағдай басқаша. Тіпті 2008 жылы Жазғы Олимпиаданы өткізген Бейжіңде спорт нысандары заманға сай жұмыс істеп тұр. Тіпті 2022 жылы Қысқы Олимпиаданы да өткізуге сақадай-сай дайын. Айта кету керек, Бейжің Жазғы және Қысқы Олимпиаданы өткізетін дүниежүзіндегі ең алғашқы қала болып тарихқа енді.

   Цзилинь өлкесінде біз Владивостоктан келген бір топ орыс әріптестерімізбен бірге ғажайып Цзилинь өлкесін араладық. Чанчуньнан автобуспен 1,5 сағаттың ішінде Цзилинь қаласына да барып жеттік. Бұл Қытайда аты ерекше жалғыз шаөар екен. Олай дейтініміз провинция мен қаланың аты дәл тұспа-тұс келетін Қытайда жалғыз қала екенін естігенде таңқалдық. Мәселен біздің елімізде бұндай атаулар көптеп (Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Қарағанды және т.б.) ұшырасып жатады.

   Қалаға кіргенде әсем ғимараттар мен зәулім үйлерді көріп келе жатқанымызда мешітті көргенде таңқалмауға шарамыз болмады. Мен Қытайда мешіт негізінен елдің батысында, яғни Шыңжаң Ұйғыр автаномиялық ауданында орналасқан болар деп ойлаған едік. Өйткені ол жерде қалың ұйғыр, қазақ, дүнген, қырғыз сынды иісі мұсылман қауымы өмір сүреді емес пе?! Ал Шығысы белгілі. Бұнда қалың жергілікті хань өкілдерінің саны өте көп. Сондықтан мешіт не болмаса шіркеу жоқтың қасы деп ойлаған едім. Сөйтсем шығыста да әртүрлі діндегі храмдардың саны өте көп. Бұның өзі Қытайда демократияның бар екендігін барлық ұлт пен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын көрсетеді.

   «Бэйдахэ» деп аталатын тау шаңғы курортына барғанымызда ерекше әсерге бөлендік. Тура Алматының «Шымбұлағына» ұқсағанымен, әсем табиғатқа қоршалған аймақтың табиғаты тым әсем-ақ. Бәрі де уақытылы ғана жұмыс істейді екен. Сағат 16-ға дейін жұмыс істегеніне қарамастан журналистер қауымы келетінін естігенді бізді сыйлап жұмысын жалғастырды. Ұшар басына жеткен кезде Сунхуаху деп аталатын  өзеннің әдемі көрінісін көріп тамашаладық. «Бэйдахэ» тау шаңғысы базасында халықаралық деңгейге сай шаңғыдан жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Шаңғыдан керемет трассалардың салынғаны, әр елден туристердің көптеп келетінін естідік. Ресейлік журналистер қауымы қыста орыс туристерінің бұл жерге көптеп келіп демалып, шаңғы тебетіндігін мақтанышпен айтып жатты. Расында да бұл жердің табиғаты мен халқы мейірімді. Бағасы да қымбат емес, қолжетімді-ақ.

   Пэйчаң шаңғы алаңы мен мұз айдындары бізді ерекше баурап алды. Бұл майданда көптеген жастар қысқы спорт түрлерімен айналысып жатқандығын, бұлардан болашақ олимпиада чемпиондары шығатын жастардың көптеп өсіп келе жатқандығын көрдік. Жалпы Қытай мемлекеті жастарды спортқа тартуға үлкен мән береді. Салауатты өмір салтын ұстану қағидаттарын көрші мемлекеттен үйренгеніміз абзал.

   Бұдан кейін Цзилинь провинциясының ең шығысында әрі шетінде орналасқан Хуньчунь қаласына автобуспен 3-4 сағаттың ішінде жеттік. Яньбянь-Корейский автономный округіне кіретін қаланың жер көлемі өте үлкен екен. Бұл қала үш мемлекетпен, яғни Солт.стік Корея, Моңғолия және Ресей Федерациясы мемлекеттерімен шектеседі екен. Содан болар, бұл шаһарда әртүрлі ұлт өкілдерінің менталитеттері байқалып тұрады. Мәселен, қала көшелерінде қытай иероглифетерімен қоса өзімізге таныс орысша жазылған атаулардың аз еместігін көрдік. Кәрістердің ұлттық тағамы да кез келген мейрамханада сізді күтіп алуға дайын. Тіпті салқын лапшасын ішкенде әрі салаттарынан дәм татқанда кәрістерден сәл өзгешелеу жасалынатынын аңғардық. Ең бастысы қала тұрғындары өте көңілді, жүздерінде мейірімге толы жанармен сізге қарайды.  Хуньчуньда біз орыс тілінде шығатын телеарналар бар екен. Бұл каналда Қытайдағы орыстармен қоса бұрынғы Кеңес Одағында таралған елдердің әлеуметтік жағдайы көрсетіліп тұрады.

   Ең бастысы, Хуньчунь қаласы үш мемлекетке сапалы заттарын экспорттайды. Мәселен, солтүстіктегі алып мемлекет Ресейге тұрмыстық заттар жиі жіберіліп тұрады. Ал Ресейден келетін заттардың көлемі азырақ. Дегенмен де сапасы бар. Мәселен, ресейліктер Хуньчунь тұрғындары құрылыс заттарын жиі сатады. Бұдан басқа шаһарда арнайы шаян орталығының зауыты жұмыс істеп тұр. Зауытқа Ресейдің Владивосток өлкесінің шаяндары қабылданады. Бұл шаян құнарлы тағам ретінде саналғандықтан бүкіл Қытай мемлекетінде сұраныс өте жоғары. Хуньчуньдағы шаян зауытының орталығы бүкіл Аспан асты елдеріне аздаған бағаға қосып сатады. Әсіресе, ел астанасы Бейжің, Шанхай қалаларынан сұраныс көп. Жалпы Хуньчуньда көптеген өндіріс, өнеркәсіп, зауыт баршылық. Бәрі де кесте бойынша жоспарлы әрі ауқымды жұмыстар атқаруда. Өндірілген заттардың сапасы да керемет.

   Журналистер қауымы Хуньчуньннан қайтадан провинцияның астанасы Чанчуньға 5 сағаттың көлемінде автобуспен жеттік. Чанчунь қаласы бізді қайтадан жылы шырайлы жүзбен қарсы алды. Қытайдың «Air China» авиаұшағымен 2 сағаттың ішінде Бейжіңге келдік. Ұшақтың иллюминатормен қарағанда Бейжің қаласы өте әдемі екендігін байқадым. Біз журналистер қауымы Қытаймен қимай қоштастық. Біздің бір аптаға жуық созылған сапарымыз 7 сағаттай өте жылдам өте шықты. Келесі жолы Аспан асты еліне баруға бекіндік. Біз осы шараны ұйымдастырған Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығына әрі осы Елшілікте журналистермен байланыс орнатып бізді таңғажайып, керемет мемлекетке жіберген Яо Пэнфэйге алғысызмыды білдіреміз.

Нұрлан ҚҰМАР

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру