Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Биік мақсатқа сындарлы іс-қимылдар жеткізеді

Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды. Сонымен қатар жиында биылғы егін жинау жұмыстарының барысы қаралды.

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсуін кемінде 5% етіп тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылымдық өзгерістерді іске асыру қажеттігі туралы айтты. Бюджеттік-қаржы бағыты бойынша баяндаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов Үкімет экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмысты жалғастыратынын және мемлекеттік органдардың да, квазимемлекеттік сектордың да қызметіне функционалдық талдау жүргізуді жандандыратынын атап өтті.
Жолдауда тапсырылған мемле­кеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру үшін олардың қатарына дағдыларды меңгерген жас мамандарды тарту шарасы бойынша алдағы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартуға бағытталған жұмыс жүргізіледі. Ал босатылған қаражат неғұрлым пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалатын болады. Осылайша, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25%-ке қысқарады.
Басым міндеттердің бірі – квазимемлекеттік сектордан қайтарымды арттыру бағытында Ұлттық әл-ауқат қорының өткен 14 жылдағы халықтың әл-ауқатының өсуіне нақты үлесі бағаланады. Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айлық мерзімде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компа­ниялардың тиімділігіне талдау жүргізеді.
Жұмыссыздықты азайту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру шеңберінде Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Осы жылдың соңына дейін микро және шағын бизнес компанияларын олардың негізгі қызметінен үш жыл мерзімге салық төлеуден босату жөніндегі заңнамалық негіз әзірленетін болады. Келесі жылдың қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу күшіне енеді.
Ә.Смайылов жақында эконо­микалық тергеу қызметінің жұ­мысы қайта қалыптастырылып, оңтайландырылғанын еске салды. Бұл бағытта қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс күшейтіледі, капиталдарды шығарумен, салық төлеуден бас тартумен күрес қатаң болады.
Мемлекет басшысы Жолдау аясында салық жүйесін ұлттық табысты барынша әділ бөлуге назар аудара отырып, жаңғыртуды тапсырды. Бұл тұрғыда Үкімет компаниялар үшін адами капиталға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық қайта жарақтандыруға, экспортқа инвестиция салуға ынталандыратын ағымдағы салық жүйесінің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды. Салық кодексінде көзделмеген төлемдерге, алымдарға тыйым салынады.
Маңызды міндеттердің бірі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиім­ділігін арттыру. Осыған байланысты, Ұлттық банкпен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін Ұлттық қорды инвестициялау және пайдалану сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленеді.
Сондай-ақ Қаржы министрлігі кедендік әкімшілендіруді жақ­сарту және күшейту жөніндегі кешенді жұмысты жалғастырады. Мемлекеттік сатып алу жүйесі бұдан әрі жетілдірілетін болады.
Жалпы, Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды іске асыру және орындау бойынша тиісті іс-қимыл жоспары әзірленеді.
Сонымен қатар Жолдауды іске асыру шаралары туралы Үкімет басшысының орынбасарлары Ж.Қасымбек пен Б.Сапарбаев баяндады.
Премьер-министр Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруды толығымен қаржылай қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін айтты. «Президент тапсырмаларын орындауға барлық бірінші басшылар дербес жауапты екенін назарларыңызға саламын. Атап айтайын, әрбір тапсырманың орындалуы қатаң бақылауға алынып, оны жүзеге асырудың нақты мерзімі белгіленуі қажет. Біз қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Асқар Мамин.
Осы ретте Премьер-министр 7 қыркүйекке дейін Мемлекет басшысының Жолдауында қойыл­ған міндеттерді іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлеуді тапсырды.
Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ауыл шар­уашылығы министрі С.Омаров, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, бірнеше өңірлердің әкімдері баяндады.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша егін жинау жұмыстары респуб­ликаның барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Егін жинау жұ­мыстарын уақытылы жүргізу үшін 395 мың тонна жанар-жағар май қажет. Үкімет басшысы егін орағын сапалы және уақытында өткізу, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Егінді уақытында жинаумен қатар, жұмысты барынша шығынсыз орындау өте маңызды. Жалпы егін орағы науқанының барысы жаман емес. Үкімет тарапынан егін орағын қаржылай және материалдық-тех­никалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабыл­данды», – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы астық сақтау кәсіпорындарының астықты қоймаға уақытылы қабылдауы қажеттігіне және жиналған астықты сақтаудың тиісті шараларын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру