Валюта бағамы: $ 385.76 427.89 6.04 ¥ 54.79

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялап, реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқан еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерді айқындап берді.
Президент Жолдауда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, халықты әлеуметтік қамту саласын жаңғырту, сондай-ақ өңірлердің әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларын ұсынды.

Мемлекет басшысы алтыншы шақырылған Парламенттің бесінші сессиясын ашық деп жариялап, депутаттарды жаңа парламенттік мау­сымның басталуымен құттық­тады.
Еліміздің жаңа тарихындағы маңызды кезең – Қазақстан Тә­уелсіздігінің 30 жылдығы жа­қындап келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді ны­ғайтып, халқымыздың жағ­дайын жақсартуға жол аштық. «Тәуел­сіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырған қазіргі уақытта біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз», – деп атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев алда тұрған ортақ міндеттер мен өзінің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға қатысты ой-тұжырымдарын ортаға салды.

Заман талабына сай тиімді мемлекет

Саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады.
Негізсіз, жүйесіз саяси ырық­тандыру елдің ішкі саяси ахуа­лының тұрақсыздығына, тіпті мем­лекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан саяси реформалар кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылады. «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент оның пәрменді теті­гінің бірі ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін атады. Халықты тол­ғандырған кез келген өзекті мәсе­ле ашық айтылып, талқыланбаса, оның шешімі табылмайды. Қоғам мен билік арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Еліміз көппартиялы теңгерімді жүйені қалыптастыра алса, бұл мемлекет болашағы үшін мықты іргетас болмақ. Осы ретте партия құрылысы үдерісін жалғастыру, халықпен тиімді кері байланыс орнату, митингтер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғам­дық келісімді нығайту мақсатында атқарылуы тиіс іс-шаралар атап көрсетілді.

Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігі

Сот және құқық қорғау жүйе­сіндегі күрделі реформалар – азамат­тардың құқықтарын қорғаудың және қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Осы ретте Президент сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтіп, соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған оқиғаларға үн қатты. Парламент пен Үкіметке есірткі тарату, адам саудасы, жыныстық зорлық, педофилия, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны қатайтуды тапсырды.
Қоғамның өз құқығын талап етіп, мемлекеттің оған құлақ түруіне деген сұранысы артып отырған бүгінгі уақыт талабына сай ақылға қонымды сот жүйесін, сауатты жұмыс істейтін полиция мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүйесін жолға қою, сонымен қатар жаңа тұжырымдама негізінде тегеурінді әскер қалыптастыру міндеті алға қойылды.

Дамыған және инклюзивті экономика

Ел экономикасы жаһандық си­паттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсет­кіштен жоғары болды. Мемлекет басшысы экономиканың дамуына тың серпін беру үшін Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыру қажеттігін атап өтті.
Бірінші – шикізатқа телінген менталитеттен арылып, экономиканы әртараптандыру. Осы тұрғыда «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналып отыр.
Екінші – квазимемлекеттік сек­тордың қайтарымын арттыру. «Мем­лекеттің экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатымен квази­мемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу жөнінде шешім қабылдадым. Біз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек. Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп, үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін анықтау үшін талдау жүргізуі тиіс», – деді Президент.
Стратегиялық секторларда жұмыс істейтін мемлекеттік компаниялар мемлекеттің бақылауында болуы тиіс. Әйтпесе, Президент атап өткендей, мемлекеттік монополистердің орнына жеке монополистер пайда болып, соның салдарынан зардап шегуіміз мүмкін.
Елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес. Үкімет баға белгілеу және тарифтер мәселесімен жүйелі әрі нақты айналысуы керек. Бұл табиғи монополистердің тауарларына да, көрсететін қызметтеріне де қатысты. «Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету. Осы ретте, «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл – біздің жұмысымыздың басым бағыты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үшінші, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын бизнес, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Яғни салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.
Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете бермек. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алайда, сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жер­гілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Президент осы ретте Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды, Үкіметке микро- және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды.
Микро- және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім 2020 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді. «Біз бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілетініне сенеміз. Бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс. Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысының ұстанымы бойынша, бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс. Сонымен қатар көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға, салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті жандандыру қажеттігі атап көрсетілді.
Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажет. Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 млрд теңге бөлу тапсырылды.
Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу, экономиканың маңызды саласы ретінде туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамыту міндеттелді.
Төртінші – ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету. Бұл ретте өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға, оның ішінде ең алдымен орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету тиімділігін барынша арттыру қажет. Осы мақсатта Үкіметке мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеу жүктелді. Оның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру мәселелері көзделуі тиіс. Атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттің бірі – шетелден тікелей инвестиция тартуды барынша жандандыру. Цифрлық экономиканы дамытуда алда тұрған жұмыс көп. Үкіметке заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қолдау көрсетуді жалғастыру тапсырылды.
Бесінші – дамыған агроөнеркәсіп кешені. Елімізде ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортында шикізат басымдығынан бас тарту керек. Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту ісінде нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігіне назар аударылды.
Мемлекет басшысы жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталып, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын, оған жол берілмейтінін мәлімдеді. «Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс», – деді Президент.
Бұл мәселені шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес.
Алтыншы – әділетті салық салу жүйесі және тиімді қаржылық реттеу.
Жолдауда жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қа­рамастан, қоғамдағы күшейе түскен мүліктік жіктелу үдерісіне алаң­датарлық фактор ретінде ерекше назар аударылды. Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажеттігі атап көрсетілді.
Президент Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырды. Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырып, болашақ зейнеткерлердің де, жұмыс берушілердің де мүдделерін ескере отырып, ортақ шешімге келуі тиіс.
Қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін жаппай енгізу үшін тежеуші фактор­дың бірі саналатын банктердің жоғары үстеме алымын жою, сондай-ақ тиісті реттеу ережелеріне сәйкес банктік емес төлем жүйесін белсенді дамыту, Ұлттық банк осы салаға нақты бақылау орнатуы қажеттігі атап көрсетілді.
Экономикадағы түйткілді мәсе­ле­нің бірі – кредиттік қаржы көлемінің жеткіліксіздігі. Соңғы бес жыл ішін­де заңды тұлғаларға, сондай-ақ ша­ғын және орта бизнеске берілген кре­диттің жалпы көлемі 13 пайыздан аса қысқарған. Осы орайда екінші деңгейдегі банктердің бизнеске кредит беруі қолайлы әрі ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз ету керек.
Тағы бір мәселе – халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың тым көп несие алуы. Бұл мәселе әлеуметтік және саяси түйткілдерге ұласты. Сондықтан, Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке екі ай ішінде мұндай жағдайдың қайталанбауына кепілдік беретін тетіктерді әзірлеуді міндеттеді.
Жетінші – Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі. Президент келешек ұрпақтың қаржысы – Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қа­­жет­тігін айтты. Ұлттық қордың транс­ферттері бәсекеге қабілетті экономи­каны қалыптастыруға бағыт­талған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек. Кепіл­дендірілген трансферт көлемі 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 трлн теңгеге дейін азаюы тиіс. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Сегізінші – еңбекақы төлеу дең­гейін арттыру. Тау-кен саласын­дағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанмен, азаматтардың жалақысы айтарлықтай өскен жоқ. Осы ретте Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтау тапсырылды.
Әлеуметтік жаңғырудың
жаңа кезеңі

Әлеуметтік салада баса маңыз берілген міндеттің бірі – білім беру сапасын жақсарту. Елімізде еңбек ресурстары теңгерімін есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін жасалмаған. Яғни мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалып отыр. Экономикада техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясаты – орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – педагог кадрлардың тапшылығы. Президент сондықтан Үкіметке келесі жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарлама­сын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді, аз қам­тылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы білім мен ғылымды дамытудағы басқа да өзекті мәселелерді атап көрсетіп, Үкіметке олардың шешімін табуды нұсқады. Сонымен қатар отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік көмек көрсету және зейнетақы жүйесін дамыту бағытында шешімін күткен мәселелер мен атқарылар іс-шаралар айқындалды.

Қуатты өңірлер – қуатты ел

Бұл бағытта жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты, инфрақұрылымды дамыту секілді міндеттерге басымдық берілді.
Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Алайда бұл аксиома бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр. Осы ретте Президент қанатқақты жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажеттігін айтты. Бұл Президент әкім­шілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады.
Бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау барысында келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетіндігі айтылды. Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар міндеттерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы, олардың құқықтары, міндеттері мен жауап­кер­шілігі заңнамалық актілерде нақты белгіленуі тиіс.
Сонымен қатар Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген – басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты, инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылар істер мен шаралардың бәрі еліміздің әр аймағының өркенді дамуына, өңірлер тыныс-тіршілігіндегі алшақтықтың азайып, барша халық­тың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру