Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Прогрессивті өнеркәсіпке бағдар

Азық-түліктен кейінгі маңызды әлеуметтік рөл – жеңіл өнеркәсіпке тиесілі. Бүгінде 12 мыңнан астам адам – негізінен әйелдер еңбектенетін осы маңызды өнеркәсіп буынын дамыту мәселелері индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың қатысуымен ұйымдастырылған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының «Altyn Oimaq» алғашқы көрме-форумында қозғалды.

Халық жаппай қажетсініп, тұтынатын тауарлар шығарылымын жүзеге асырушы маңызды сала болғандықтан, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға мақсатты түрде қадам басқан орынды. Соңғы жылдары саладағы біршама ілгерілеу үдерісі елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуымен байланысты болды.

Бағдарламаның екінші бес­жылдығында салада өндіріс көлемі өсімінің тұрақты серпіні жүрді. Әсіресе, кілем, сыртқы трикотаж киімдері, шұлық өндірістері қарқын ала бастады. Өткен жылы жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру 1,4 есеге – 72-ден 99 млрд теңгеге дейін артып, 2014 жылдың номиналды деңгейінен 57% жоғары болды. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп өнімі экспортының көлемі АҚШ-тың 202,9 млн долларын құрады, бұл да 2014 жылғы көрсеткіштен 13,3% жоғары. Дайын тоқыма, кілемдер мен кілем бұйымдары Бразилия нарығына шығарыла бастаса, Эстонияға – ерлер мен әйелдер киімдері, жиынтықтар, шалбарлар, Италияға шұлық бұйымдары жеткізіледі. Қазірде ішкі нарықпен қатар, жеңіл өнеркәсіп өнімдері Ресей, Қытай, Латвия, Молдова, Қырғызстан сияқты елдерге экспортталады. Соңғы кездері фурнитура мен штапельді талшықтар өндірісі жолға қойылды. Жалпы, көрсеткіш негізінен поливинилхлорид сіңірілген тоқыма материалдары мен мақта-мата иірімжіптері есебінен тоқыма өнімдері экспортының 49% ұлғаюы есебінен артты. Дегенмен, былғары және оған жататын өнімдердің экспорты 60%, киім экспорты 9,4% қысқарған. Былтыр 2014 жылмен салыстырғанда жеңіл өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестициялар 41% артып, 9 707,9 млн теңгені құрады. Бұл өсім тері және оған қатысты өнімдер өндірісінен басқа барлық кіші салаларда байқалады. ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын іске асыру кезінде 2015-2018 жылдары индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы сомасы 18,5 млрд теңгеге 21 жеңіл өнеркәсіптің инвестициялық жобасы іске асырылды, олар бойынша 1,4 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобалар қатарында – кілем, аяқ киім, жүн бұйымдары, синтетикалық иірімжіп, шұлық-ұйық бұйымдарын шығару бойынша өндірістер бар. Ағымдағы жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша салада 1016 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 96%-і-13 – мың адам еңбек ететін шағын кәсіпорындар. Тігін және аяқ киім кәсіпорындарының жұмыс және арнайы киім мен аяқ киімге бағдарлануына қарамастан, халықтың қалың жігі үшін өнім өндіретін кәсіпорындар бар. Жалпы, қазақстандық өндіруші­лер бұрынғысынша қорғаныс саласындағы тапсырыс пен арнайы киімдер нарығы аясында өнім өткізуге тырысады. Себебі олар өндірушілерге тауарларын кепілді сатуды қамтамасыз етеді.
Отандық тауар өндірушілер­ді қолдауға арналған форумда индустриялық даму министрі Роман Скляр айтып өткендей, бүгінгі таңда елімізде жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті шарттар да, ресурстар да бар, тек осы әлеуетті тиімді пайдалану керек. Мәселен, шикізатты тауарлар нарығына қатысты соңғы макроэкономикалық жағдайлар экономиканы әр­тарап­тандыру қажеттігін барын­ша көрсетуде. Әлбетте, бұл меже шикізат салаларын қайта қарап, ұйымдастыру, өндірісті жаңғырту, соның ішінде заманауи технологиялар трансферті мен заңнаманы жаңартудан кейін мүмкін болмақ. Осыған байланысты, саланы қолдау мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде отандық кәсіпорындарды жеңілдікпен несиелеу жүзеге асырылуда. Жалпы, қарапайым заттар экономикасы тауарларының басым бөлігі жиһаз, жеңіл өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын қамтиды, сондықтан оларды дамытудың тиісті жол карталары әзірленіп, бекітілген. Жол карталарының негізгі бағыттары: қолданыста­ғы өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету, заңсыз тауар айналымымен күресу, мемлекеттік сатып алу саласындағы шаралар мен қазақстандық қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу, экономикалық ынталандыру, жүйелі қолдау, саланы білікті кадрлық ресурстармен толықтыру, отандық тауар өндірушілердің өнімін ішкі нарықта өткізу, қолданыстағы өндірістерді кеңейтіп, жаңаларын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру секілді іс- шараларды қамтиды.
Елімізде «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бөлігін­дегі саясатты белсенді жүргізу халықтың қолжетімді әрі сапалы тауарлармен толық қамтылуын қарастырады. Қазірде «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселелері бойынша міндеттерді орындау үшін 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді. Тұтастай алғанда, жол картасымен жүйелік проблемаларды шешуді қамтитын және өндіріс көлемінің өсуіне бағытталған 50-ден астам іс-шараны іске асыру көзделген. Сонымен қатар аталған салаларда озық технологияларды қолдана отырып, жобаларды іске асыруға инвестициялар тарту бойынша қадамдар жоспарланған. Биыл жалпы инвестиция сомасы 5 млрд теңгеге 4 жаңа жобаны іске қосу қарастырылған.
«Үкімет жеңіл өнеркәсіпті 2021 жылға дейін дамытудың жол картасын бекітті. Бағдарлама бірқатар жүйелі кедергілерді шешеді, сонымен қатар ол қосылған құнның толыққанды тізбегін құруға және өндіріс көлемін өсіруге бағытталған. Аталған жол картасы қауымдастықтармен, бизнеспен тығыз қарым-қатынаста әзірленді әрі оның сәтті жүзеге асырылатынына сенеміз. Бүгінде өнеркәсіп нарығындағы төмен бәсекелестік себептерінің бірі олардың қосылған құнның төмен нүктесінде шоғырланғанынан көрінуде. Сондықтан Қазақстанда қарапайым тігіннен – бірегей, сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнім шығарылатын fashion-индустриясын дамытуға ауысу керек», – деді министр.
Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эдуард Квятковский былтыр тоқыма өнімдерін өндіру бойынша жалпы қосылған құн 4,7% өскенін айтты, алайда жеңіл өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібі жалпы қосылған құнындағы үлесі әзірге үлкен емес – 0,8%.
«Бүгінде қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеге жеңіл өнеркәсіптің 18 жобасы қаржыландырылды. Соның есебінен 187 жұмыс орнын ашу көзделіп, салықтық түсімдердің көлемі 261 млн теңгені құрайтыны болжанды. Сонымен қатар отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін мемлекеттік сатып алуды алдын ала біліктілік іріктеуін жүргізу кезінде индустриялық сертификаттың болуы туралы талап енгізілді. «Самұрық-Қазына» қорымен аяқ киім өніміне категориялық сатып алудың пилоттық жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді. Пилот шеңберінде сатып алулар отандық тауар өндірушілер арасында ғана жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Мұнымен қатар қазақстандық кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуларға жиі тәуелді болып қалуда. Бұл ретте ел аумағында тұтынушылық нарықта тиісті текшелер қамтылмайынша, сала тиісті дамуға қол жеткізе алмайды, оған қоса отандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуы қамтамасыз етілмейді. Отандық брендтерді әзірлеу мен өндіру халықаралық заманауи сән тенденцияларына жауап беретін дизайнмен, танымал шетелдік модельерлер және отандық мамандардың қолдауымен сүйемелденуі керек. Осы бағытта қазір әзірленіп жатқан 2025 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында экспорт дамуына басымдық беріліп, ол келесі бесжылдықтың қозғаушы күшіне айналмақ.
500-ге жуық адам қатысқан форумға жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орындарының, мемлекет­тік ор­гандардың, ұлттық компания­лардың өкілдері, брэнддер, франшизалар, сауда желілері, сауда онлайн-платформалар өкілдері, киім дизайнерлері, авторлық құқық бойынша мамандар, екінші деңгейлі банктер, қолөнершілер, нарық кәсіпқойлары жиналды. Аумағы 2 400 шаршы метр экспозициялық алаңда 85 отандық тауар өндіруші компания орналасып, олар екі күн бойы өздерінің жоғары сапалы өнімдерін өндірушілердің бағалары бойынша кең сұрып­талымда ұсынды. Сондай-ақ қолөнершілер де қатысып, ұлттық нақыштағы туындыларын ортаға шығарды. Көрме залының подиумында отандық дизайнерлер мен өндірушілердің киім дефилелері көрсетілді. Бұл да біздегі дизайнерлер үшін өз коллекцияларын көрсетудің, отандық тігін компанияларына ұсынудың жақсы мүмкіндігі болды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру