Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Өндіргіш күштің бірі ғылым-білім

Алтын күз – қамбаны дәнге толтырып, балапан санайтын шаруақор қауымның қауырт та қарбалас шағы ғана емес, сондай-ақ көз майын тауыса «инемен құдық қазып», ғылым мен білім нұрын шашқан ұлағатты ұс­таздардың да ел алдында есеп берер тұсы болып табылады. Қазіргі таңдағы экономика мен білім жыл өткен сайын тонның ішкі бауындай біте қайнасып, ғылым мен білім басты өндіргіш күштердің біріне айналуда. Білім беру саласында қордаланып қалған, шешімін тосқан түйткілдер баршылық. Дуалы ауыздар биылғы жаңа оқу жылын толғақты түйіндер тарқатылатын бетбұрысты кезеңге балап отыр.
Көзіқарақты қауым ұстаздардың дәстүрлі тамыз мәслихатына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысып, сөз сөйлеуін оң өзгерістердің бастамасы ретінде қабылдады. Педагогтардың табысы төмендігін және экономика бойынша орташа жалақының 65 пайызын құрайтынын атап өткен мемлекет басшысы үкіметке мұғалімдер жалақысын алдағы төртжылдықта екі есеге арттыруды тапсырды. Сондай-ақ олар бес күндік жұмыс аптасына көшетін болды. Мұның өзі пән оқытушыларының сабақ тақырыптарын терең пысықтауына, қазіргі заман жаңалықтары мен жетістіктерін оқыту үдерісінде кеңінен қолданып, білім бару сапасын арттыруына мүмкіндік береді.
Зымыран заман ағылшын тілін игеруді талап етіп отыр. Жиында Президент ғылыми-жара­тылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс екенін атап өтті. Бұл тілді оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болатындығы туралы пікірі көп көңілінен шыққанын атап өтуіміз керек. Ал, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге «Әліппе» қайтарылатынын мәлімдеді. «Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өз­деріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізілетін бо­лады», – деді министр. Осындай жамиғатқа жағымды жаңалықтың бірі білім беру үдерісінде электрондық құрылғыларды қолдануға рұқсат берілуі дер едік. «Егер ата-ана баласының электронды нұсқамен, шартты түрде айтқанда, планшет немесе ноутбукпен келуін қаласа, онда ешкім оған тыйым салмайды. Бұл оқушы мен оның заңды өкілдерінің таңдауы», – деді министр.
Ал, жоғары білім саласына келетін болсақ, тілге тиек етілетін жаңалықтың бірі грант санының өсуі. Мәселен, биылғы 2019-2020 оқу жылына 66 556 грант бөлінген. Оның ішінде бакалавриатқа – 51 085, магистратураға – 13 159 және PhD докторантураға 2312 мемлекеттік грант тиесілі. Тағы бір жаңалық тәлімгердің академимялық ұтқырлығына қатысты. «Егер студент бір оқу орнында грант жеңіп алып, кейін басқа елді мекенге көшкен жағдайда сол грантын алып кете алатындай жасаймыз» деп атап өтті сала басшысы бұл турасында. Бүгінде жоғарыда айтылған бакалавриат, магистратура, докторантура мамандықтары ақпараттық технологиялардың ұшқыр дамуына, қызмет көрсету және саладағы еңбекті жіктеу ережесінің түрленуіне байланысты жаңа өрістермен толығуда. Мұндай мамандықтарды, атап айтқанда жүк тасымалын қадағалайтын логистик, компанияның өнімді сату, жарнамалау және өткізу жұмыстарымен шұғылданатын промоутер, сайт жасаумен шұғылданатын веб-дизайнер кәсіптеріне бейімі бар жастар бүгінде жоғары оқу орындарында білім алуда.
Осы орайда білім мен ғылым саласында оқырман қауымға жеткізілер тағы бір жағымды жаңалық – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық беделінің арта түсуі дер едім. Білім ордасы «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде ең үздік университеттер қатарына еніп, 207 орынды бағындырды. Аталмыш топқа посткеңестік аймақтан тек екі университет – ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғана енеді. QS ұйымы әлемдегі үздік білім ордаларына көп жылдан бері ғаламдық рейтинг жүргізіп келе жатқан беделді әрі ықпалды, барлық елде мойындалған халықаралық агенттік болып табылады. Рейтингіде алғашқы үш орынды Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд және Гарвард университеттері сынды АҚШ университеттері иеленген. ҚазҰУ соңғы бес жылда «QS WUR» рейтингінде 400 сатыдан астам белеске көтерілді. Бұл ретте әлемдік тәжірибеде бірде-бір жоғары оқу орны мұндай өсу қарқынына кол жеткізбегенін атап өту керек. Мұндай көрсеткіш білім беру мен ғылымның әлемдік нарығындағы университеттің жоғары бәсекеге қабілеттілігінің айқын айғағы. «QS WUR by Subject» пәндік рейтингінің нәтижесінде ҚазҰУ ТМД елдері жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып әлемдегі ең үздік 51-100 топқа енген. Аталмыш рейтингіге жетекші университеттің алты мамандығы кірді. Ғаламдық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ рөлінің артуын ескере отырып, QS ұйымы сонымен қатар Қазақстанның бүкіл жоғары білім беру жүйесінің әлемдік биік беделінің көрсеткіші болып табылатын «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» атты әлемдік деңгейдегі шараны үстіміздегі қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде өткізу туралы шешім қабылдады. ҚазҰУ өзге де беделді халықаралық рейтингілерде қарқынды серпіліспен алға жылжуда. «Times Higher Education» британдық агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ Орталық Азияда алғаш болып әлем­дегі ең үздік университтер тобына кірді.

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail:
Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру