Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Көлеңкелі экономикамен күрес

«Бүгінгі күнге еліміздегі ең көлеңкелі секторлар – сауда мен құрылыс саласы, – деп атап көрсетті таяуда үкіметте өткен брифингте қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов. – Осы ретте қабылдаған негізгі шараларымыз – тауар өндірісі мен импортынан бастап, оны тұтынушыға жеткізуге дейінгі онлайн-мониторинг орнату».

Тәтті тоқаш дәурені өтті

2000-шы жылдардың басынан бері Қазақстанда көлеңкелі экономикамен күрес, қамшылаудан гөрі, «тәтті тоқашпен» басымырақ арбау тәсілімен жүргізілді, деп атап көрсетеді «Курсив» ақпарат агенттігі өз сайтында. Осы аралықта капиталды (2001 жыл) және мүлікті (2006-2007 жж. және 2014-2016 жж.) заңдастыру бойынша үш ірі акция ұйымдастырылды.
2001 жылы 3 мыңға жуық қазақ­стан­дықтар банктердегі арнайы шотқа $480 млн ($-АҚШ долларын) аударды. Бес жылдан соң азаматтарға тек ақшаларын ғана емес, енді жылжитын және жылжымайтын мүліктерін де заңдастыруға мүмкіндік берілді.
Нәтижесінде, қаржы министр­лігінің мәліметтері бойынша, 2006-2007 жылдары елімізде 840 млрд теңгенің ақшалай қаражаты және мүліктері заңдастырылған болатын.
Қазақстандағы соңғы заңдастыру мүмкіндіктерін еліміздің 140 мыңнан астам азаматы пайдаланған. 2016-2017 жылдары 5,7 трлн теңге, соның ішінде ақшалай қаржымен – 4,1 трлн теңге және мүлікпен – 1,6 трлн теңге заңдастырылды. Заң бойынша жылжымайтын мүліктің 151 мыңға жуық нысаны, сондай-ақ заңды тұлғалардағы 213 қатысу үлесі тіркелген.
2014-2016 жылдардағы заңдас­тыруды Нұрсұлтан Назарбаев жаппай мағлұмдау алдындағы «соңғы шара» деп атады және былай деп ескертті: «Бұл заңдастырудан кейін біз енді, салықтан жасырылған, ақшаларды бүкіл әлем бойынша іздестіре бастаймыз».
Шындығында, сол кезден жаппай мағлұмдауды енгізудің мерзімі жылжытылды – қазір, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кә­сіпкерлер мен олардың жұбайлары сияқты мақсатты санат – декларацияларын міндетті түрде 2024 жылдан бастап өткізеді деп белгіленген. Ал көлеңкелі экономиканың көлемі тіпті ресми мәліметтер бойынша да, Қазақстандағы экономикалық келеңсіздіктердің ресми бағалануы, әдетте әжептәуір ұстамды жағдайда көрініс табатыны ежелден аян. Егер 2018 жылдың қарашасында сол кезде әлі Қазақстанның премьер-министрі құзырындағы Бақытжан Сағынтаев 2015 жылдан 2018 жылға дейін ҚР-дағы көлеңкелі экономика үлесі 3%-ға, 28%-дан 25%-ға дейін, төмендеді деп мәлімдесе, 2019 жылдың тамызында қаржы бірінші вице-министрі Шолпанқұлов бұл көрсеткіштің 30%-ға дейін өскені туралы хабардар етті – расында, ол бұл өсімді есептемелердің жаңа әдістемесімен түсіндіреді.

Сауда алаңындағы «көлеңкемен» күрес

Бақылаудағы экономиканың ең үлкен үлесі сауданың еншісіне тиесілі, мұндағы қатаңдықты да бірінші болып нақ осы сала сезеді. Сала үшін назар аударарлықтай шешімдердің бірі – шағын бизнес үшін патент беру жөніндегі жұмыс тәртібін 2020 жылдан бастап жою.
«Әуелгіде патент жалданушы қыз­меткерлерсіз жұмыс істейтін өздерін-өзі қамтамасыз еткен кәсіпкерлер санатына арналған болатын, – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев. – Бірақ біздің нарықта қарамағында жалданушы қызметкерлері бар, атқарған істері айналымы рұқсат етілген шекті 8,9 млн теңгеден жоғары, патент бойынша төлеушілер көп».
2020 жылдан бастап мұндай кәсіп­керлер патенттен оңайлатылған мағлұм­дамаға көшетін болады. МКК өкілінің пікірінше, бұл бизнеске аздап қана салықтық салмағын түсіреді: 2%-дың орнына олар 3% салық төлейтін болады.
МКК ұстанымымен Мәжіліс депутаты Екатерина Никитинская келіспейді. Ол патентті жою, біріншіден, бөлшек сауда нүктелерінің қысқаруына әкеп соғады, ал екіншіден, кәсіпкерлерді «көлеңкеге» итермелейді, деп есептейді. Ал бұл патенттің оңайлатылған мағлұм­дамаға көшуі мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды (онлайн-БКМ) міндетті түрде құру арқылы және солардың қызметіне төлеп отыру міндеттеліп жүзеге асырылады да, депутат есебінше, кәсіпкерлердің қо­сымша шығындарға ұрынуына әкеліп соғады.
«Егер қазір патент қолдану барысында кәсіпкерге түсетін жиынтық салмақ бар-жоғы 12,6%-ды құраса, ал жаңалық енгізілгесін бұл 30-дан 60%-ға дейін артады, яғни, екі есеге дейін өседі. Бөлшек сауда саласындағы айналымдары көп емес кәсіпкерлердің жағдайы айрықша алаңдаушылық тудырып отыр. Статистикаға сәйкес, бұл салада 1,4 млн-ға жуық азаматтар жұмыс істей­ді, бұл – еліміздегі жұмыспен қамтыл­­ған халықтың 16%-ы, – деп атап айтты депутат.
Патенттен оңайлатылған шараға көшу барысында шағын бизнеске салмақ арта түсетін болады, сондықтан мемлекетке кәсіпкерлерді ынталандыру туралы да ойлануға тура келеді, деп есептейді ҚР Тұңғыш Президенті Қорының Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Әділ Құсманов.
«Оңайлатылған мағлұмдама мен патент бойынша жұмыстар барысында салықтық аударымдар арасындағы айырмашылық 1% немесе 2%-ға дейінгі мөлшерді құрайды. Егер жұмыс барысында ақшасыз есеп айырысу жүзеге асырылған жағдайда, қосымша салықтық салмақ жылына 180 мың теңгеге жетуі мүмкін. Бұл шағын бизнес үшін айтарлықтай қомақты сома болып есептеледі, – дейді Құсманов. – Сондықтан кешенді тәсіл қолдану қажет – өз ісін ірілендіруге, жұмыс тиімділігін арттыруға және тиісінше салық төлеуге бизнестің өзі мүдделі болатындай, мемлекет тарапынан қосымша ынталандыру шараларын ұйымдастыру шарт».

Онлайн-БКМ – соңғы ерекшелік тұрғысында

Мемлекет әзірге бизнестің барлық түрлері үшін бір ғана ынталандырма қарастыруда, бұл – салықтарды бәрі төлейтіндей жағдай орнықтыру.
Нақты уақыт режимінде салық органдарына сатып алу/сату туралы мәліметтер беріп отыратын онлайн-БКМ жүйесіндегі саудаға жаппай көшу 2020 жылдың 1 қаңтарына белгіленген. Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтың мәліметінше, тіркелген онлайн-кассалық аппа­раттардың саны 342 мың бірлікті құрап отыр, немесе еліміздегі БКМ-лар жалпы санының 72%-ы. Жаңашылдық, деп мәлімдейді МКК төрағасы М.Сұлтанғазиев, өзін толықтай ақтайды – қазірдің өзінде қосымша 14 млрд теңге салық түскен. Салық жинаушылар үшін бұдан да ыңғайлырақ жағдайлар көзделген.
Шын мәнінде бұл жаңашылдық салық жинауды жеңілдетіп қоймай, көп жағдайда есептемелерден тыс қалып жататын жеке кәсіпкерлердің көпшілігін қатаң тәртіпке бағындыратын сияқты. Нарықтық экономиканың басты шарттарының бірі де нақ осы – салық ережесінің бұлжымас тәртіп екендігінде. Тек әдеттегідей бұл кезекті науқандық шара деңгейінде қалып қоймаса екен, мемлекет тым әсіре қысым жасамай, жаңа талапты байыпты іске асырса, дейді отандық кәсіпкерлер.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру