Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Алдағы дамуымыз қалай жоспарланды?

Сейсенбіде Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен дәстүрлі Үкімет отырысы өтіп, онда еліміздің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мақұлданды. Сонымен бірге 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемі, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобалары қаралды.

Заң жобаларын Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов, ұлттық экономика министрі Р.Дәленов таныстырды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев сөз сөйледі.
2020-2024 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономика-лық даму болжамына сәйкес елдің ЖІӨ-нің нақты өсімі 2020 жылы 4,1%, кейіннен 2024 жылы 4,7%-ке дейін өседі деп болжанған. ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны алдағы болжанатын кезеңде 4,4%-ті құрайды.
Республикалық бюджет жобасында 2020 жылға арналған түсімдер осы жылдың жоспарына 639 млрд теңге өсіммен 11,2 трлн теңгені құрайды. 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарының басымдықтары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары мен Тұңғыш Президент жариялаған бастамаларды одан әрі іске асыруға бағытталатын болады.
Тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру бірінші кезектегі бағыттар болып қалып отыр. Атап айтқанда, 2020 жылға арналған әлеуметтік сала шығыстары биылғы шығыс көлемінен 303 млрд теңгеге өсумен 5,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Сонымен қатар бюджет шығыстары экономиканың нақты секторын қолдауға, оның ішінде индустриялық-инновациялық дамуға, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымына, агроөнеркәсіптік кешенге, цифрландыруға, өнімді жұмыспен қамтуға бағытталады. Ұлттық экономика министрі жалпы сипаттағы трансферттер өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге және өңірлік экономиканы дамытуға ынтаны арттыруға бағытталғанын атап айтты.
2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын ұсынған Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов тоқталып өткендей, ол ортамерзімді келешекте еліміздің алдына қойылған негізгі міндеттерді іске асыруға, атап айтқанда, тұрақты экономикалық жағдайды қамтамасыз ету, бюджет кірістерін әкімшілендіру сапасын арттыру, фискалдық орталықтанудан шығару, өңірлердің дербестігін көтеру және бюджет шығыстарын оңтайландыру, басқа да жұмыстарға бағытталған.
Осылайша, республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері мынадай көлемдерде қалыптасты: 2020 жылға арналған түсімдер 11,2 трлн теңгені құрайды, мұнайға жатпайтын түсімдердің үлесі биылғы 61,4%-тен 2022 жылы 71,2%-ке дейін өсуде, бюджет тапшылығы 2020 жылы жалпы ішкі өнімге 1%-ке дейін кезең-кезеңмен төмендетумен жоспарланған. 2020 жылы шығыстар 12,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл ретте шығыстардың өсу қарқыны жалпы ішкі өнімнің өсу көрсеткішінен аспайды. Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толық көшу жүзеге асырылатын болады. Осыған байланысты, аталған бағыт бойынша шығыстар 217 млрд теңгеге ұлғайтылды. Жалпы алғанда, шығыстар құрылымында әлеуметтік саланың шығыстары 44,7% құрайды.
Премьер-министр 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде әрбір өңірдің ерекшеліктері және олардың экономикалық даму деңгейлері ескерілгенін атап өтті. «Республикалық бюджетте көзделген қаражат мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді», – деді А.Мамин.
Осы орайда Үкімет басшысы өңірлердің әкімдері бюджет қаражаттарын жұмсау кезінде белгіленген бағыттарды ұстануы қажеттігін атап айтты.
Аталған заң жобалары Мемлекет басшысымен келісілген және белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясымен мақұлданған. Министрлер кабинетінің қарауының қорытындысы бойынша жобалар Парламент Мәжілісіне жіберілетін болады.
Үкімет жиынында білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов таныстырған Педагог мәртебесі туралы заң жобасы да мақұлданды. Оның негізгі идеясы – мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату арқылы өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа мүмкіндік беру. Бұған қоса, мұғалімдердің жалақысын арттыруға, еңбек демалысын ұлғайтуға, педагогтік шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар көзделуде. Айта кету керек, аталған заң жобасы өңірлердің әкімдеріне бюджет мүмкіндігіне қарай мұғалімдерге материалдық көмек көрсету мәселесін өздігінен шешуге мүмкіндік береді.
Үкімет басшысының айтуынша, жалпы заң жобасын іске асыру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, педагогтар үшін әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жасауға жол ашады. Осы ретте мәселені қарау қорытындысы бойынша, А.Мамин осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай Парламент Мәжілісіне «Педагог мәртебесі туралы» және «Педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалім жүктемесін төмендету мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру