Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Қаржы қайтарымы мол сала

Бүгінгі таңда ғылым мен инновациялық технологиялар экономиканы дамытуда шешуші рөл атқарып отыр десек, артық айтқандық болмас. Әр түрлі бағалаулар бойынша дамыған елдерде өндіріс өсімінің 70-тен 90 пайызға дейіні инновациялардың есебінен қамтамасыз етіледі екен.
Кешегі айшылық алыс елдерден хабар алуды айтпағанда, барыс-келіс әпсәттік шаруаға айналған әлемдік экономиканың бүгінгі жаһандану жағдайында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қатарынан көрінуге бет алған Қазақстан үшін бәсекеге қабілетті инновациялық экономиканы қалыптастырып, дамыту басымдық берілген міндеттің бірі болып табылады. Жаңа технологиялар өндірістің тұрақты өсуін, ұлттық экономиканың дүниежүзілік шаруашылық байланыстар жүйесіне үйлесімді интеграциясын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаһандану кезеңінде инновациялық саясат экономиканы әртараптандырудың маңызды факторы болып табылады. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарын артқа тастап, өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқан еліміз алдында тұрған басты міндеттің бірі – ғаламдану жағдайында бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру болды. Осы тұрғыда отандық инновацияларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, мақсатты көрсеткіштер алдымен 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспарда, одан әрі еліміздің 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясында, 2005-2015 жылдарға арналған ұлттық инновациялық жүйені дамыту және қалыптастыру бағдарламасында, сондай-ақ 2019 жылға дейінгі кезеңге арналған ҮИИД МБ, «Цифрлық Қазақстан» және басқа да бірқатар бағдарламаларда айқындалды.
Инновацияның дамуы іргелі және қолданбалы ғылымның жағдайына және ғылыми-техникалық әзірленімдердің коммерциялық тұрғыда қажет-тілігіне тікелей байланысты. Әрине, ғылымы өспеген елдің дамуы да кенжелемек. Ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту нәтижесі елдің экономикалық-әлеуметтік дамуын жеделдетуге жол ашары даусыз. Екімыңыншы жылдардағы орташа алғанда 9,7%-дық қарқынды өсімнен кейін жаһандық қаржылық дағдарыс әкелген қиыншылықтың салдарынан өнімділіктің төмендеуіне байланысты ел экономикасының дамуы баяулады. Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынындағы оның үлесі орташа алғанда 0,06 пайызды құрады. Ал 2010-2016 жылдар аралығындағы кезеңде орташа жылдық өнімділік өсімі 2%-ға жуық төмендеді.
2018 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің өсімі ұлттық экономиканың дамуындағы мұнай секторының үлесі есебі-нен біртіндеп тұрақтанды. Нәтижесінде ағымдағы жылдың алғашқы жартысында экономикалық өсім 4,1% болды. Өнеркәсіп өндірісінің, құрылыс пен қызмет көрсету салаларының жедел дамуы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен негізгі капиталға инвестициялардың тұрақты өсуінің арқасында экономика дамуы қарқынды сипат алды. Еліміздің ішкі жалпы өнімі көлемінің 30 пайызы өнеркәсіп өндірісі, 17%-ы тау-кен секторының есебінен құралды.
ҰЭМ статкомитетінің дерек-теріне сәйкес, былтыр ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру 99,7 млрд теңгеге жетті. Оның негізгі бөлігі жеке сектордың қаражаты есебінен құралды (73%). Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ҒЗТКЖ-ды қаржыландыру көлемін 0,1 пайызға ұлғайту нәтижесінде ұзақмерзімді даму бағдарында ІЖӨ-нің 1,2%-дық өсіміне қол жеткізуге болады.
Алайда соңғы онжылдықтағы инновациялық даму көрсеткіштері басымдық берілген осынау бағыттағы жұмыстың әлі де серпін алмағанын көрсетеді. Аталған кезеңде ішкі жалпы өнім құрылымында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінген қаражаттың үлес салмағы 0,3 пайыздан 0,17%-ға дейін төмендеген, инновациялық патенттер саны үш жылда 478-ден 1 бірлікке дейін қысқарған. Салыстырар болсақ, дамыған елдерде ҒЗТКЖ-ға ІЖӨ-нің 0,5 пайызынан 4,3%-ы аралығында қаржы бөлінетінін көреміз.
Елімізде былтыр ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс-тармен айналысатын 384 ұйым тіркелген. Оларда жұмыс істейтін 22,4 мың қызметкердің басым бөлігі – зерттеушілер (17,5 мың адам), оның ішінде 1,7 мың ғылым докторы, 4,4 мың ғылым кандидаты және 0,9 мың PhD докторы бар.
Интеллектуалды қызметтің нәтижесі болып табылатын инновациялық өнім патентпен қорғалмаған күнде инновациялық экономика тиімді дами алмайтыны анық. Осы ретте елімізде соңғы бес жылда 2 680 инновациялық патент берілген. Оның ішінде саны жағынан ең көбі 2014-2015 жылдарға тиесілі, яғни тиісінше 1093 және 1096 патент берілген болса, былтырғы жылдың еншісінде – бар болғаны 1-ақ патент.
2018 жылы елімізде тіркелген инновациялық қызметпен айналысатын 30,5 мың ұйымның ішінде 3,2 мыңы инновацияларды игерген. Кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі 10,6%-ды құрады. Өңірлер арасында инновациялық белсенділік негізінен Шығыс Қазақстан (15,5%) мен Қарағанды облыстарында (14,7%) және Нұр-Сұлтан (14,7%) қаласында байқалып отыр.
Соңғы бес жылда елімізде өнімдік және үдерістік инновацияларды қаржыландыру 2015 жылғы жеке қаржыландыру көздерінің бірден артуы есебінен 2 есеге дерлік өсті. Осының нәтижесінде былтыр салынған инвестиция көлемі 856,5 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражаттың 86%-ын жеке сектордың, 11%-ын – шетелдік кәсіпорындардың, 3%-ын – мемлекеттің қаржысы құрайды.
Инновациялық салада былтырғы жылы 1,18 трлн теңге сома көлемінде өнім өндірілді. Өндіріс құрылымында өңдеуші сала (930,1 млрд теңге) мен тау-кен өнеркәсібінің (104,7 млрд теңге) үлесі басым болып, инновациялық өнімнің ІЖӨ-ге қатысты алғандағы үлесі 1,98%-ды құрады.
Венчурлық капитал мен тікелей инвестициялауды дамыту мемлекеттік инновациялық саясаттың басым бағытының бірі және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қажетті шарты болып табылады. Осы орайда елімізде стартап-жобаларды табысты іске асыру мақсатында құрылған AIFC Fintech Hub, Astana Hub, Tech Garden, QazTech Ventures секілді қаржы институттары мен инновациялық технопарктер бүгінде жоғары жұмыс нәтижесін көрсетіп отыр. Мәселен, Astana Hub негізінде 244 жобаны құру жұмыстары қолға алынды, оның ішінде басты жобалар қатарында мобилдік қосымшалар, цифрлық автоматтандыру және электрондық коммерция бар. Жалпы алғанда стартап жобаларға 2018 жылы 1 млрд теңгеге жуық қаражат тартылды. Tech Garden жеке кластерлік қоры 232 жобаны жүзеге асыруда. Жедел даму бағдарламасы аясында іріктеліп алынған 69 жоба бойынша былтыр 550 млн теңге табыс келіп, 250 жұмыс орны құрылды. QazTech Ventures грант бағдарламасы бойынша 2014 жылдан 2018 жылдың бірінші жартысына дейінгі кезеңде 3,5 мың жұмыс орны құрылып, 11,5 млрд теңге көлемінде салық төленді, 194,3 млрд теңге соманың өнімі өндірілді.
Соңғы үш жылдың барысында электрондық коммерцияның танымал-дығы айтарлықтай артты. Осы салада жасалған бөлшек сауда көлемі 144,6 млрд теңгеге (84% өсім), көтерме сауда – 114,9 млрд теңгеге (70% өсім) жетті. Сонымен бірге Интернет арқылы 136,1 млрд теңге соманың қызметі көрсетілді.
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингінде Қазақстан былтыр әлемнің 140 елі ішінде 59-шы орыннан (2017 жылы – 57-ші) көрінсе, инновациялық даму деңгейі бойынша 87-ші (2017 жылы – 84-ші) орында болды. Осы тұрғыда халықаралық агенттіктердің бағалауынша, Қазақстан бүгінде инновацияны дамытуға қажетті жағдайдың бәріне ие. Атап айтқанда, адам капиталы, келешегі кемел алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, өнеркәсіп нысандары және басқа да инновациялық даму көкжиегін кеңейтуге жол ашар мүмкіндіктер баршылық. Олай болса, еліміздің жаһандану кезеңінде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге негіз болмақ жаңа экономиканы дамыту ісін алға апаруға бар тұрғыда күш-жігер жұмылдырылуы тиіс.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру