Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Құрамында ГЖӨ компоненттері бар азық-түлік жаңаша белгіленеді

Биылғы жаздың шілде және тамыз айларында күн айырықша аптап ыстық болып жатыр. Және де бұл Қазақстанға ғана емес, жалпы Солтүстік жартышарда орналасқан басқа да елдерге де тән құбылыс екен.

Еуропалық Одақтың климат өзгерісін бақылаумен айналысатын Copernicus атты агенттігінің зерттеушілері бұны ғаламдық жылыну процесінің салдары деп түсіндіреді. Олардың айтуынша, осы жазда температура жүз жыл бұрынғы деңгейден 4 градусқа жоғары екен. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандарының пікірінше, биылғы жаз адамзат тарихындағы ең ыстық жаз болмақ көрінеді. Бірақ бұндай пікір кейінгі кезде жыл сайын қайталанып айтылатын болған сияқты. Үстіміздегі жылдың басында АҚШ-тың NASA агенттігі мен Бүкіләлемдік метеорологиялық станциясы соңғы төрт жыл адамзат тарихындағы ең ыстық кезең болды деген баға берді. Басқаша айтқанда, Жер шарындағы орташа температураның жыл сайын жоғарылауы қалыпты құбылысқа айналып келе жатыр. Енді, міне, мамандар биылғы шілде ең ыстық шілде болды деген тұжырым жасады. Бұған дейінгі ең ыстық шілде 2016 жылы тіркеліпті.
Қалай болғанда да, қазіргі заманның басты белгiсi – жалпы адамзат үшін көптен үйренішті болып қалған жағдайдың түбегейлi өзгерiстерге ұшырауы. Ондаған жылдар бойы қалыптасып, біздің дүниетанымымызға әбден сiңген түсiнiктер қас пен көздің арасында өзгерiп жатыр. Ондай өзгерістердің бәрі бірдей табиғатқа байланысты емес. Бұлардың бірқатарын адамдар өз қолдарымен жасап жатыр десе де болады. Әрине, осындай өзгерістер адамзат игілігі үшін жасалатын сияқты көрінеді. Бірақ олардың пайдасынан гөрі зияны көп дейтіндер аз емес. Бір сөзбен айтқанда, жаңадан әйгi болып жатқан түрлі өзгерістер қоғамдық пiкiрдің ойын сан-саққа жүгіртiп отыр.
Алдымен, генетикалық жағынан өзгертiлген (ГЖӨ) егiн және мал шаруашылығы тауарларының кеңiнен тарай бастауына және олардың адам денсаулығы үшiн зиянды-зиянсыздығы туралы мәселеге қатысты бiржақты түсінiктің болмауына тоқталайық.
Кезінде академик Төрегелді Шарманов осы мәселеге тиісінше назар аударып, трансгендік тағам өнімдерінің қауіптілігі туралы әңгімелер шындықтан гөрі дақпыртқа көбірек келіңкірейді дегендей көзқарас танытқан. Оның сол уақытта айтқан пікірінше, адамзат санының жылдам өсуі жағдайында трансгендік өсімдіктер азық-түлік дағдарысынан шығудың бірден-бір жолы болмақ екен. Солай болса, солай да шығар.
АҚШ-та ондай көкөнiс пен жемiс-жидектер және ет өнімдерi өндірiлiп қана қоймайды, емiн-еркiн сатылады да. Американдық ғалымдар құрамында ГЖӨ компоненттері бар азық-түлік тауарларының адам мен жануарлар денсаулығына зияны жоқ екенін жариялады. 20 жыл бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, олар генетикалық жағынан өзгертiлген өнімдер адам ағзасына қатер төндірмейді деп тұжырымдады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының 400-ге жуық ғалым-маманның қатысуымен дайындалған баяндамасында ГЖӨ компоненттері бар азық-түліктің қауіпті екені атап айтылған. Жалпы, тәуелсіз эксперттердің басым көпшілігі генетикалык жағынан өзгертілген өсімдік онімдерінің күтпеген, жанама әсерлері болуы мүмкін екенін ескертеді.
Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұндай тағам түрлерiне деген көзқарас басқаша. Ресей мен Қазақстанда құрамында ГЖӨ компоненттері бар өнім шығаруға тиым салынған, бірақ генетикалық жағынан өзгертiлген тауарларды импорттауға рұқсат етілген. Еуропалық Одақ болса көпке дейін ондай өнімдерді сырттан әкелуге де тиым салып келген. Бірақ кейінгі кезде ондағы осы мәселеге қатысты талап жұмсара бастады.
Шілденің 28-інде Еуропалық Комиссия Еуропалық Одақ нарығына генетикалық жағынан өзгертiлген өнімдердің 10 түрін қабылдауға рұқсат бергенін жария етті. Бұлар – негізінен АҚШ-тан импортталатын аграрлық тауарлар. Қалай дегенде де, Американың әлгiндей генетикалық жағынан өзгертiлген өнімдердi көптеп өндірiп, жан-жаққа сатқысы келедi. Ал Еуропалық Одақтың оларды онша сатып алғысы жоқ. Дегенмен, ол Америкамен аздап та болса санасуға мәжбүр. Ал АҚШ басшылығы болса, ондай өнімдер тағамның құнын арзандатып, бiрқатар Африка елдерi сияқты қайта-қайта аштыққа ұшырайтын мемлекеттердегi миллиондаған адамдардың өмірiн сақтап қалуға септiгiн тигiзедi дегендi тiлге тиек етедi. Ол Батыс Еуропа басшыларын «сендердің осыған жол бергiлерiң келмейдi» деп айыптағандай болады. Ал мамандар болса, генетикалық жағынан өзгертiлген өсімдiк пен мал шаруашылығы өнімдерiн тұтынудың аяғы адам денсаулығына қандай әсерi боларын әлi басып айта алмай отыр. Олардың айтуына қарағанда, бұл сұрақтың жауабы ендi ондаған жылдардан кейiн бiржолата белгiлi болмақ. Сондықтан әлде де болса бірқатар елдер генетикалық жағынан өзгертiлген азық-түлік дайындауға рұқсат бермей отыр.
Сол Американың көршісі болып табылатын және одан гөрі әлдеқайда кедей мемлекет болып есептелетін Мексиканың өзі ГЖӨ өсімдіктерді өсіруге тиым салған. Бірақ ол елге АҚШ-тан генетикалық жағынан өзгертiлген тұқымдық жүгері байқаусызда әкелініп қойыпты. Енді қазір маистан (жүгеріден) өндірілетін мексикалық өнімдердің жартысынан астамында ГЖӨ компоненттері табылған.
Бұндай өнімдер басқа жерлерде де қазірдің өзінде кеңiнен таратылып жатыр. Әсіресе, Қазақстан сияқты дамып келе жатқан мемлекеттер санатына қосылатын елдерде олар бүгінгi таңда көп кездеседi. Біздің мемлекет азаматтары үшін бұл орайдағы ең қауiптi нәрсе – осындай өнімдердің тұтынушыға көп жылдар бойы мұқият және тиянақты ескертусiз сатылып келгені. ТМД-ның еуропалық бөлігiндегi, тiптi Молдова сияқты, әлеуметтiк-экономикалық жағдайы өте ауыр елдердің өздерi құрамында генетикалық жағынан өзгертiлген қосындылары бар өнімдердi ескертпей сатуға баяғыда-ақ заң жүзiнде қатаң тыйым салған. Оларды сатуға болады, бірақ сатып алушы ненi сатып алып жатқанын алдын-ала бiлуге тиiстi.
Яғни, өнімнің орама қағазына не құтысына бұның құрамында генетикалық жағынан өзгертiлген қосындылардың бар екенi мiндеттi түрде жазылуға тиiс. Бiзде ондай тұтынушының құқығын және, тоқетерiн айтқанда, денсаулығын қорғайтын заңдық талап көпке дейін болған жоқ.
Оның үстіне Қазақстанда тұтынылатын тауарлардың басым көпшілігі сырттан әкелiнедi. Оның бiраз бөлігiн тамақ өнімдерi құрайды. Баспасөзде жарық көрген мәлiметтерге қарағанда, тек бiр ғана азық-түлік тауарларының импорты жылына жүздеген миллион долларды құрайды екен. Бірақ бұның бәрінің не қылған өнімдер екенiне құнттап назар аударып жатқан ешкiм жоқ сияқты. Мәселен, қазіргі уақытта сүт, сарымай және ірімшік сияқты тағамдарды дайындауда пальма майы пайдаланылатыны туралы әңгіме көп. Және де ондай пікір тегіннен-тегін айтылып жатқан жоқ. Шайға сүт құйып ішпейтін және айран ішпейтін қазақ аз болар. Бірақ сол сүтіңіз бен айраныңыздың пальма майынан жасалмағанына қандай дәлеліңіздің болуы мүмкін?! Бұндай тағамдардың қорабында немесе құтысында пальма майы туралы мағлұмат ешқашанда келтірілмейді. Сондықтан сиыр сүтінен жасалған өнім де, пальма майынан жасалған өнім де сырт көзге бірдей сияқты. Ал құрамында ГЖӨ компоненттері бар азық-түліктің жөні тіпті басқа. Кейбір өндірушілер өнімінің ондай заттан таза екенін атап көрсетеді. Бірақ «құрамында ГЖӨ компоненттері бар» деген ескертуі қойылған тауарды әлі бірде-бір рет кездестірмеппіз. Демек, көпке дейін жабулы қазан жабулы күйінде қалып келген.
Ал құрамында генетикалық жағынан өзгертуге қатысы бар өнімдердің орама қағазына не құтысына тек «Е» деген әрiппен белгiленетiн тағамдық қосындылардың бар екенi ғана жазылады. Оның не екенiне басын ауыртып жатқан сатушы жоқ. Баяғы кеңес заманындағы түсінiк бойынша «өкiмет бәрін бақылап отыр» деп ойлайды. Ал бақылаушы органдар болса қазір жекеменшiктiң iсiне онша араласпайды. Араласқанда да, генетикалық жағынан өзгертiлген өнімдердi сатпауға да, не атап көрсетуге де нақты заңы болмаған соң, ол не iстейдi?! Біздегі бар тәртіп мынадай. Тамақ өнімдеріндегі ГЖӨ құрамының рұқсат етілген нормасы 0,9-пайыздан аспауға тиіс. Белгіленген талаптарға, оның ішінде Алиментариус кодексінің халықаралық тағам стандарттарына сәйкес құрамында 0,9-пайыздан астам генетикалық жағынан өзгертiлген компоненттері бар тамақ өнімі міндетті түрде таңбалануы тиіс. Ол таңба – әлгі «Е» деген әрiп. Рас, өткен жылғы желтоқсан айының 26-ысы күні Еуразиялық Одақ бойынша осы мәселеге қатысты жаңа номативтік талап қабылданды. Енді «Е» деген әрiптің орнына ГМО немесе ГЖӨ деген қысқарту ескертпе таңба ретінде пайдаланылуға тиіс. Бірақ… Бірақ өндірушілер үшін осы талапты бұлжытпай орындай бастауға бір жарым жыл уақыт бөлінген. Демек, ГМО немесе ГЖӨ деген таңбаның жаппай пайдаланыла бастауын тек 2020 жылдың ортасына дейін күтпей-ақ қоюға да болатын болар.

Қайрат ӘМІРЕЕВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру