Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Қылқалам шеберінің дара жолы

Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде «Бір белдеу – бір жол. Чжан Би Юйдің кескіндемесі» атты көрме өтті. Чжан Би Юй дәстүрлі «гохуа» кескіндемесінің классикасын Шығыс және Батыс Еуропа бейнелеу өнеріне жаңаша сәнді ықыласпен тығыз байланыстыра отырып, өз жұмыстарына барынша қызықты қолтаңба қалыптастырды. Экспозицияда 75 жұмыс бар.

Дәстүрлі қытай кескіндемесі өзінің дүниетанымдық позициясы, бейнелеу тәсілдері мен әдістері жағынан әлемдік өнерде еуропалық кескіндемеден түбегейлі дара, өзіндік ерекше құбылыс екені аян. Қытайдың кескіндемелік орамдарын қараған, бұрын мұндай көріністі көрмеген еуропалық оларды сюжеті жағынан бірінен бірі айнымайтын, қарабайыр әрі қалай болса солай жасалған дүние деп қарауы да мүмкін. Бірақ мұның артында қытай мәдениетінің ғажайып бай әлемі есігін ашады. Әрбір халықтың өзіне тән белгілері болады. Өнер – халық рухының тікелей әрі ашық куәгері. Эллинизм мен христан діні еуропа мәдениетін қалай қалыптастырса, Аспан асты елінде екі діни ілім – даоизм мен конфуций ілімі осындай қызмет атқарды. Қытайлықтар бірін-бірі толықтыратын, екеуі бірін-бірі қажетсінетін қарама-қарсылықтардың тұтастығы идеясын басшылыққа алады. Олар өздері «нағыз шындық» деп түсіндіретін, бүкіл әлемге әйгілі күштің біртұтастығы ұғымына тоқтайды. Күріш қағазға қылқаламмен жеңіл сүйкеле жазылған бамбуктың немесе құртқашаштың бірнеше буыны тұтас табиғат әлемін жаңадан ашқан дерсіз. Қытай кескіндемесін тек дәл осындай дүниетаным ғана қытайдікі етеді.
Чжань Би Юй – ғылым докторы, доцент, магистратураның ғылыми жетекшісі, Ресей Суретшілер одағының мүшесі, бала кезінен бастап Чжунгодағы әйгілі суретші Хэ Ши Фадан қытайдың дәстүрлі «гохуа» кескіндемесін үйренді. 2006 жылы Украина Ұлттық өнер академиясын майлы бояу кескіндемесі саласындағы магистр дәрежесімен бітіріп шақты. Оның ұстазы – белгілі украин кескіндемешісі, Украина халық суретшісі, Украина Ұлттық өнер академиясының толық мүшесі Александр Михайлович Лопухов. 2011 жылы Украинаның Львов Ұлттық өнер академиясының профессоры Николай Дмитриевич Андрущенконың жетекшілігімен докторлық дәрежеге жетті. 2014-2015 жылдары Чжан Би Юй
И.Е. Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтына шақырылды. 2015 жылы Мемлекеттік орыс музейінде, 2018 жылы Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде жеке көрмесін өткізді. Ол сонда үш жұмысын музей қорына тұрақты сақтауға берді. Чжан Украинада, Польшада, Италияда және тағы да басқа елдерде майлы бояу кескіндемесінен бірнеше рет өзінің жеке көрмесін өткізді. Оның жұмыстары Қытай, Ресей, Украина, Польша, Италияның музей коллекцияларында және жеке жинақтамаларда сақтаулы. Чжан қазір Чжецзян Технологиялық университетінің Дизайн және өнер колледжінде еңбек етеді.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру