Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Баға онлайн режимінде бақыланады

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Астана халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселесі қаралды. Сонымен бірге жиында әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің тың шаралары қабылданды.

Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұлттық инвестициялық реформаның маңызды құрауыштарының бірі және еліміздің экономикалық өсімін жеделдетуге бағытталған. АХҚО бизнесті шетелдік инвестициялармен қамтуда және капиталға қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Орталық аумағында әлемдік қаржы құрылымдарының озық тәжірибелері ескерілетін ерекше құқықтық режим әрекет етеді. Қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов орталық жұмысының негізгі қорытындыларын ұсынып, одан әрі дамыту перспективалары туралы айтып берді. АХҚО басшысы тоқталып өткендей, бүгінде орталықтың жеке заңнамасы, жалпы қолдану мен қаржылық реттеудің 70-ке жуық ережесі қабылданды, барлық қажетті инфрақұрылым, тиісті органдар мен ұйымдар құрылған. Қазіргі уақытта AХҚО реттеушісінің тіркелген кәсіпорындарының саны әлемнің 26 елінің 235 компаниясына дейін өсті. Өткен жылғы қарашада Елбасының бастау беруімен іске қосылған АХҚО биржасында тартылған акционерлік капитал сомасы $70 млн-нан асты. Үстіміздегі жылы АХҚО биржасы акцияларының нарығының жалпы капиталдануы $1,9 млрд құрады.
Қаржы орталығының құқықтық юрисдикциясын дамыту мақсатында Үкімет мүшелері АХҚО туралы конституциялық заңға өзгерістер енгізу жобасын мақұлдады. Жаңа заңнамалық бастамалар тартымды инвестициялық ахуал құруға және инвесторлар тарапынан сенім қатынастар қалыптастыруға ықпал етеді. Ұсынылған түзетулер Қаржы орталығының еліміздің негізгі қаржы платформасы ретінде жылдам қалыптасып, дамуына және оның юрисдикциясын инвестицияларды тарту мен қорғау үшін пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өткен Үкімет басшысы АХҚО қызметін жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Жиында сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов, ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров азық-түлік тауарларының қазіргі бағалары, тұрақтандыру қорларының қызметі және бағалардың өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдері өңірлердегі жұмыстар барысын жеткізді.
Ұлттық экономика министрі мәлім еткендей, инфляция өсуіне ең көп әсер еткен – азық-түлік тауарлары, олар бағалар өсуінің шамамен 63%-ін құрады. Азық-түлік бағалары өсуінің жартысы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына тиесілі. Биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 өнім: пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан белгіленді. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылды. «Қазіргі таңда тауардың бағаларын ұстап тұру үшін барлық қажетті құралдар бар. Бұл – сауда ережесі, тұрақтандыру қорлары және сауда желілерін кредиттеу, көтерме-тарату орталықтары, делдалдық операцияларды мониторингілеу және тексеру. Бұл құралдар жергілікті атқарушы органдарға бағалардың өсуін барынша тиімді тежеуге мүмкіндік береді. Сондықтан оларды белсенді қолдану қажет», – деді ҰЭМ басшысы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мен ұстап тұру, олардың өсу себептерін біртіндеп жою мақсатында шаралар кешені әзірленіп, 16 тамызда күшіне енді. Олардың ішінде – отандық тауар өндірушілердің тауарларды барлық сауда нысандарына орналастыра алу мүмкіндігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-тен аспайтын мөлшерде бекіту және жеткізушілерден қосымша ақы алуға тыйым салу, 4 негізгі тауарлық позицияға (пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат) бағаның маусымдық өсуіне жол бермеу шаралары қамтылған. Сондай-ақ өңірлер көтерме-тарату сауда орталықтарының, сауда объектілерінің құрылысын және нарықтарды жаңғыртуды қамтамасыз етеді.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жақында Ақордада өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру мәселесінің маңыздылығын атап өткенін айтты. «Әкімдер баға өсіміне жол бермеу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы қажет және күн сайын мониторинг жүргізіп, жедел шараларды қабылдауы тиіс», – деді А. Мамин.
Осы орайда әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік өңірлік ережелерін бекіту жұмыстарын жеделдету және тұрақтандыру қорларында өнімдерді сатып алуға алдын ала кірісу тапсырылды.
Қазірде сатып алулар интервенцияларын жүзеге асыру үшін ӘКК шоттары мен депозиттерінде 3,7 млрд теңге бар. Тұрақтандыру қорлары жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында Үкімет басшысы олардың қызметіне тексеру жүргізу, жұмысты қайта құру, тауарлық интервенциялар үшін сатып алуды жедел жүргізу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар негізгі 10 өнімді шығару бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Бұл бағаны ұстап тұрудың маңызды факторы болады. Осы ретте Министрлер кабинетінің басшысы Сауда және интеграция министрлігіне қысқа мерзім ішінде бірыңғай онлайн платформаның әзірленуін қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған жүйенің көмегімен азаматтар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын өңірлер мен нақты дүкендер тұрғысынан онлайн режимінде қадағалап, баға мониторингіне тікелей қатыса алады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру