Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Тәтті түбір өсіру тиімді

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың тамызында Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Жетісудың еліміздегі қызылша өсіретін жетекші өңір ретіндегі беделін қайта жаңғырту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта облыс әкімі Амандық Баталовтың басшылығымен ауқымды жұмыстар жүргізілді.

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ өңірдің қант саласын жаңғырту жөніндегі бағдарламасының операторы атанды. Кәсіпкерлерге сервистік дайындау орталығын (СДО) құру мен дамытуға қолдау көрсетілді. 2011 мен 2019 жылдар аралығында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен 45 СДО құрылды, оның 29-ы қызылша бағытында жұмыс істейді. Ескелді ауданындағы «Сырымбет» сервистік дайындау орталығы» ЖШС облыста құрылған табысты кешендердің бірі болып табылады.
2016 жылы қант қызылшасы бағыты бойынша құрылған «Сырымбет» дайындау орталығының құрамына «Тельман» өндірістік кооперативі, «Жақыпбаева Р.» шаруа қожалығы, «Сариев С.», «Дүйсенбінов А.» шаруа қожалықтары бірікті. Сервистік дайындау орталығы құрылған сәтке дейін қожалықтардың қызылша өсіруден үлкен тәжірибесі болмады. Алайда шаруалар бар күш-қуатын жинап, істің болашағына сенді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің үміті ақталып, күткендегіден асып түсті. «Әрине, алғашында сенбеушілік пен қорқыныш болды, көпшілігі жұмыс тетігін түсінбеді. Біраз уақыт өткен соң қызылша өсірушілер істің пайдалы екеніне көз жеткізді. Біздің орталықтың жұмыс істеп жатқанына биыл үшінші жыл. Осы уақыт аралығында өз тиімділігін танытты, фермерлердің бірігуіне, шаруа қожалықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, өндіріс көлемін арттыруға және инновацияларды енгізуге мүмкіндік берді», – дейді «Сырымбет» СДО» ЖШС директоры Әбен Тайжанов.
Құрылған жылы сервистік дайындау орталығының егістік алаңы бар-жоғы 70 га болатын. «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ көрсеткен қолдауының арқасында бірнеше жыл ішінде «Сырымбет» тәтті түбір өсіретін егістіктің аумағын көбейтті. Өнім көлемі мен сапасын жақсарту үшін СДО-ға Дания, Франция мен Германиядан жоғары сапалы элиталы тұқымдар берілді. 2017-2018 жылдары орталыққа жалпы сомасы 38,3 млн теңге болатын 849 дана егіс тұқымы берілді.
Биыл сырымбеттіктер 454 дана элиталы тұқым сатып алды. Тұқым сатып алу мен оны себу қызылша өсірушілер жұмысының аз ғана бөлігі. Болашақ өнімнің көлемі техника мен құралдардың сапасына, өнімділігіне тікелей байланысты. Осы ретте «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қаржылық лизинг бойынша 10 ауыл шаруашылығы техникасы жалпы сомасы 140 702 300 теңгеге сатып алынған. Оның ішінде пневматикалық тұқым сепкіш, қопсытқыш, бүркігіш техникасы, «Франц Кляйне» комбайны, КАМАЗ, Нефаз автотіркемесі, компактор бар. Осылайша жан-жақты қолдау «Сырымбет» серіктестігінің қызылша аумағын 2016 жылғы 70 гектардан биыл 385 га дейін арттыруға септігін тигізді. Былтыр 27 800 тонна қызылша жиналып, Көксу қант зауытына тапсырылды. Маусымдық жұмыстар кезінде жүзден астам адам жұмыспен қамтылады. «Қызылша өсіру оңай жұмыс емес. Кез келген адам оны баптай алмайды. Бұл бағытта бізге үлкен қолдау көрсеткен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына және «Жетісу» ӘКК тарапынан көрсетіліп жатқан көмек үшін алғыс білдіреміз. Көріп тұрғаныңыздай, мемлекет пен бизнестің өзара әріптестігінің жемісі көп. Сондықтан бүгінгі даму қарқынын төмендетуге болмайды, жеткен жетістік-терімізді одан әрі жақсартуымыз қажет», – дейді «Сырымбет» СДО» ЖШС директоры Әбен Тайжанов.
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ агроөнер-кәсіптік кешен департаментінің директоры Қуаныш Тоғайбеков қызылша өсірушілерді қолдау жалғасатынын айтты. Мәселен, 2015 жылы қызылша бағыты бойынша 29 СДО-ға «Жетісу» ӘКК тарапынан жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын 603 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, 2011 жылдан бері 60 мың данадан астам тұқым берілген. «Сервистік дайындау орталықтарын құру нәтижесінде қант қызылшасының жалпы көлемі 2014 жылғы 24 мың тоннадан былтыр 440 мың тоннаға дейін көбейді. Егістік алаңы 2014 жылғы 1 200 гектардан биыл 14 мың га дейін ұлғайды», – деп атап өтті Қуаныш Тоғайбеков.

Диас БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру