Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Шетелдік капиталдың жаңа толқынын тартуға жол ашады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында 2015 жылы арнайы конституциялық заң қабылданып, мақсаты мен міндеттері, қызмет ұстанымдары айқындалды. Сол заң аясында жетпіске жуық жалпы қолдану мен қаржылық реттеу ережелері қабылданып, қажетті инфрақұрылым жасалды. Дегенмен бұл күнде зымыран уақыт өмірге әкелген өзгеріс көп. Осы ретте АХҚО қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында сейсенбі күні премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында конституциялық заңға толықтырулар қарастырылған жаңа заң жобасы қаралды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған ұлттық инвестициялық реформаны жүзеге асырудағы маңызды буын. Бизнесті шетелдік инвестициялармен қамтуда және капиталға қол жеткізуде орталықтың атқаратын рөлі зор. Осы ретте үкімет отырысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің қазіргі нәтижелері мен даму бағдары туралы АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, жаңа заң жобасы жайында қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндады.
Қайрат Келімбетов өз сөзінде «Aстана» халықаралық қаржы орталығының өзіндік жеке заңнамасы қалыптасқанын, орталық қызметіне қажетті инфрақұрылымның бәрі дайындалып, барлық органдары мен ұйымдары құрылып болғанын атап өтті. АХҚО аумағында әлемдік қаржы құрылымдарының озық тәжірибелері ескерілетін ерекше құқықтық режім әрекет етеді.
Қазіргі таңда AХҚО реттеушісінің тіркелген кәсіпорындарының саны әлемнің 26 елінің (АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Қытай, Гонконг және т.б.) 235 компаниясына дейін өскен. Оның ішінде Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі, Wood & Co (Чехия) және CICC (Гонконг) секілді ірі инвестициялық банктер бар. Алдымыздағы жылдың соңына қарай олардың саны 500-ге дейін жетеді деп күтілуде.
Елбасының батасымен былтыр қараша айында АХҚО биржасы жұмысын бастады. Әлемдік қаржы индустриясының көшбасшылары – Шанхай қор биржасы, Nasdaq америкалық биржасы, Жібек жолы қоры және Goldman Sachs америкалық ірі инвестициялық банкі осынау ұланғайыр аймақтардағы, оның ішінде «Белдеу және жол» бастамасы аясында инвестициялық өтімділіктің қолжетімділігіне жол аша отырып, биржаның стратегиялық серіктестері мен акционерлеріне айналды.
АХҚО биржасы жұмыс істей бастаған бір жылдан аз уақыттың ішінде тартылған акционерлік капитал сомасы $70 миллионнан асты. Биыл бірінші жартыжылдықта АХҚО биржасы акциялары нарығының жалпы капиталдануы $1,9 миллиардты құрады. AХҚО ЕҚДБ-мен бірлесіп, еліміздің капитал нарығын дамыту және MSCI жаһандық индексіндегі мәртебесін дамушы экономикасы бар елдер деңгейіне дейін көтеру жөніндегі жобаны жалғастырады.
Жасыл экономикаға көшу және тұрақты өсімге жәрдемдесу үшін AХҚО өз алаңында жасыл қаржыны дамытуға ықпал етеді. Осы тұрғыда ЕҚДБ-мен бірлесіп негіз болатын база – Қазақстанға арналған жасыл қаржы жүйесінің тұжырымдамасы қабылданды, оны жүзеге асыру жөніндегі AХҚО стратегиясы, сондай-ақ AХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығару ережелері әзірленді.
Биыл жылдың басында цифрландыру аясында тараптарға AХҚО сотына әлемнің кез келген нүктесінен электронды түрде жүгінуге мүмкіндік беретін дауларды шешудің өңірге арналған бірегей eJustice онлайн-жүйесі іске қосылды.
Қайрат Келімбетов сөзін қорытындылай келіп, осының бәрі AХҚО-ға беделді Қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 102-ден 51-ші орын алуға және Ыстамбұл, Варшава, Будапешт, Мәскеу мен Бакуден алға озып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның қаржы орталықтары арасында 1-ші орын алуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
АХҚО туралы конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырған бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов ұсынылған түзетулердің екі бөліктен тұратындығын айтты.
Бірінші – бұл инвестициялық салық резиденттілігі, екінші – AХҚО қызметіне қатысты нақтылаушы нормалар.
Берік Шолпанқұлов атап өткендей, бірінші бөлікте қарастырылып отырған инвестициялық резиденттілік бағдарламасы – бүгінгі әлемде жеткілікті түрде кең таралған құбылыс. Қазіргі күні дүниежүзінде резиденттік бағдарламаларының екі түрін ұсынатын 80-нен астам ұқсас бағдарламалар бар. Бірінші түрі – АҚШ, Канада, Испания секілді елдерде, сондай-ақ инвестициялар үшін тұруға ықтиярхат беретін Латвия мен Грецияда жүзеге асырылатын бағдарламалар. Бағдарламаның екінші түрі инвестициялық визаны және елдің салық резиденттілігін алуды ұсынады (яғни инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы). Мұндай елдердің қатарында Италия, Швейцария, Кипр және Ұлыбританияны атауға болады.
Қазақстанда бағдарламаның дәл осы екінші түрін – инвестициялық салық резиденттігін қолдану ұсынылып отыр.
Осылайша, жаңа заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымын және «инвестициялық салық резиденттігі» бағдарламасын енгізу қарастырылған.
Салықтық резиденттік бағдар-ламасы AХҚО актісімен бекітіледі, бірақ оны міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдар мақұлдауы тиіс. Атап айтқанда, ұлттық экономика, сыртқы және ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Бағдарлама инвестициялаудың көлемі мен құралдарын, инвестициялық салықтық резиденттік алу тәртібін анықтайды.
Түйіндеп айтар болсақ, инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы – бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына бірнеше мәрте келу визасын алу мүмкіндігін ұсына отырып, инвестициялар тарту.
Әлеуетті инвесторлар өз қаражаттарын AХҚО биржасында айналатын қаржы құралдарына және бағалы қағаздарға салатын болады.
Сонымен қатар заң жобасында инвестициялық салық резиденттерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынатын табыстарға жеке табыс салығын төлеуден босату қарастырылған. Осы ретте Қазақстан Республикасының аумағында пайда болған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынатын болады, ал шетелдік табыстарға салық салынбайды.
Бұл шара өздерінің салық шығындарын оңтайландыруға, сол арқылы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ұмтылатын инвесторларға бағытталғандығын атап өткен жөн.
Сондай-ақ заң жобасында АХҚО қатысушылары қызметтерінен ҚҚС төлеуден босату қарастырылған.
Түзетулердің екінші бөлігінде АХҚО қызметіне қатысты нақтылаушы нормалар қарастырылады. Осылайша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының органдары еңбек қатынастарын және сатып алу рәсімдерін реттейтін актілерді қабылдау құқына ие болады.
Бұл өзгерістерді «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» жаңа заңға сәйкес келтіру үшін нақтыланған түзету енгізілді.
АХҚО туралы конституциялық заңға толықтырулар көзделген жаңа заң жобасын таныстыра келіп, Берік Шолпанқұлов: «Қазақстанда инвестициялық резиденттілік бағдарламасын іске қосу ұзақмерзімге бағытталған даму кезеңінде елеулі инвестиция әкелуі тиіс», – деп қорытындылады сөзін.
Үкімет «Астана» халықаралық қаржы орталығының еліміздің негізгі қаржы платформасы ретінде жылдам қалыптасып, дамуына, оның юрисдикциясын инвестицияларды тарту және қорғау үшін пайдалануға кең жол ашатын жаңа заң жобасын мақұлдады.
Жаңа заңнамалық бастамалар тартымды және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру арқылы инвесторлар тарапынан сенімге негізделген қатынастардың орнығуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде шетелдік капиталдың жаңа толқынының келуіне жол ашады. Нәтижесінде ел экономикасына құйылар инвестиция молаяды, жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, әл-ауқаты арта түседі.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру