Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Минералдық меже

Заманауи инфрақұрылым орнатуға мүдделі барлық ел негізгі элементтер өндірісіне жүгінеді. Бұл үдеріс өз кезегінде экономика дамуында маңызды орын алатын қызыл металға қажеттілікті арттырады. Осыған орай еліміздегі ірі мыс өндіруші компания – KazMinerals азшығынды және ұзақмерзімді активтер қоржынымен, әлемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асырудың сәтті тәжірибесімен тиімді позицияны иеленіп отыр.

Елімізде, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Ресейде жаңа, ауқымды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған КazMinerals бүгінде өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания болып саналады. Топтың операциялық іс-қызметі Павлодар облысындағы Бозшакөл және Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Ақтоғай ашық кеніштерде, сонымен қатар Шығыс Қазақстандағы үш кеніш пен үш кен байыту фабрикаcында, бұдан бөлек, Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізілуде. Топтың жаңа өндірістік кәсіпорындары – Бозшакөл мен Ақтоғай – саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KazMinerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырды. Бүгінде KazMinerals PLC компаниясының құнды қағаздары Қазақстанның, Лондонның және Гонконгтың қор биржаларында айналымда. KazMinerals-та шамамен 15000 адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі – Қазақстан азаматтары.
Операциялық шығындары бойынша Бозшакөл халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындар арасында бірінші квартильге кіреді. Оның кен өңдеу қуаты жылына 30 млн тонна кенді құрайды. Әлі 38 жыл пайдаланылатын кеніштегі мыс құрамы – 0,37%. Өндіріс көлемі – алғашқы 10 жылда жыл сайын 100 мың тонна катод эквивалентіндегі мысты және 120 мың унция концентраттағы алтынды құрайды. Бозшакөл секілді Ақтоғай да карьер типтес ірі ауқымды кеніш. Оны игерудің қалған мерзімі өндірісті кеңейтуді қоса есептегенде – 27 жыл. Кендегі мыс мөлшері 0,36% (оксидті кен) және 0,33% (сульфидті кен). Сульфидті кенді қайта өңдейтін бірінші кен байыту фабрикасының жылдық қуаты 25 млн тоннаны құрайды. Ал 2021 жылы екінші кен байыту фабрикасы соңына дейін өндірісті бастағанда сульфидті кенді өңдеу көлемі 50 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарлануда. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындарының арасында бәсекеге қабілетті болып табылады. Ондағы жылдық өндіріс көлемі – 2021 жылға дейін орта есеппен сульфидті кеннен өндірілетін 100 мың тонна мысты құрайды. Екінші кен байыту фабрикасы өндірісті бастағаннан кейін 2022-2027 жылдар аралығын-да сульфидті кеннен жыл сайын шамамен 170 мың тонна мыс өндірілетін болады. Оксидті кеннен 2024 жылға дейін жыл сайын шамамен 20 мың тонна мыс өндіріледі. Өткен жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 295 мың тоннаны құрады, ілеспе өнім ретінде 50 мың тонна концентраттағы мырыш, 183 мың унция алтын мен 3,511 млн унция күміс өндірілді.
Жуырда KazMinerals Тобы ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы операция-лық және қаржылық нәтижелерді жариялап, Қазақстан мен Ресейде-гі озық жобаларды дамыту жоспарларымен бөлісті. Компания хабарлағандай, биылғы алты айда сатылымнан түскен табыс $1,052 млрд құрады, яғни, Топ өткен жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 3% артық мыс сатқан. Бұл көлем биржадағы мыс бағасының 11%-ке төмендеуімен келтірілген өсім деңгейі нәтиже-сінде қалыптасқан. Есепті кезеңде EBITDA – 59% маржамен $620 млн (былтырғы сәйкес мерзімде – 63% маржамен $690 млн) құрады.
Соңғы алты айдың ішінде KazMinerals Ақтоғай сульфидті кен байыту фабрикасында өндірісті ұлғайту және Бозшакөл мен Ақтоғайдағы сульфидті кендерді өңдейтін фабрикалардың жоғары өткізу қабілетінің арқасында 147,6 мың тонна мыс өндірді.

Бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 6%-ке көп. Есепті кезеңде Ақтоғайда мыс өндіру 74,1 мың тоннаға жетті, Бозшакөлде 47,1 мың тонна, Шығыс өңір мен Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде 26,4 мың тонна мыс өндірілді. Сонымен қатар алғашқы жартыжылдықта компания 87,7 мың унция алтын, 1,552 млн унция күміс, 18,4 мың тонна концентраттағы мырыш өндірді. Осылайша, Топ таза ақшалай құнды төмен деңгейде сақтай отырып, мыс өндірісін ұлғайтумен жоғары өндірістік және қаржылық нәтижелерге қол жеткізді. Дегенмен, таяу болашақта мыс нарығы әлсіреуі мүмкін екендігін ескере отырып, Топ қазіргі уақытта күрделі қаржы салу кезеңін бастан кешуде. Болжамды өзгерістерді және икемді дивидендтік саясатты назарға алып, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Директорлар кеңесі бір акцияға 4,0 АҚШ центі мөлшерінде аралық дивиденд жариялады.
– KazMinerals-тың 2019 жылдың бірінші жартысында EBITDA көрсеткіші $620 млн-ға жетті, өндіріс ұлғайып, салада көш бастап келе жатқан төмен шығынды компания позициясын сақтап қалды. Топтың таяу және ұзақ мерзімді өркендеу жобалары – Ақтоғай II және Баимская іске асырылу барысында. Ақтоғайда бастапқы үгіту қондырғысы мен сульфидті кен байыту фабрикасы салынып, тау-кен техникасының паркі кеңейтілуде. Ал Баимская жобасында биылдың екінші жартысында алғашқы жұмыстар басталады, – деп атап өтті KazMinerals Тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.
Топ ағымдағы жылдың басында Ресей Федерациясы Чукот автономиялы округіндегі Баимская мыс жобасын сатып алған болатын. Бұл – ашық типтегі кеніш негізінде мыс өндіретін төмен шығынды әрі ауқымды тау-кен кешенін құру әлеуеті бар әлемдегі игерілмеген ірі мыс алаңдарының бірі. Мысалы, Баимская лицензиялы алаңының аумағында орналасқан Песчанка кен орнының ресурстары JORC кодексіне сәйкес бағаланып, 9,5 млн тонна мыс, кендегі мыстың мөлшері 0,43% және кендегі алтынның мөлшері 0,23 г/т болатын 16,5 млн унция алтынды құрайды. Іске қосылғаннан кейін жоба алғашқы он жылдағы күтіліп отырған жылдық орташа көрсеткіштер – шамамен 250 мың тонна мыс және 400 мың унция алтын немесе мыс эквивалентімен есептесек, 330 мың тонна болмақ. Кеніштің пайдалану мерзімі 25 жылды құрайды. Жоба Ресей үкіметі экономикалық даму үшін стратегиялық маңызды деп анықтаған өңірде орналасқан. Мемлекет көліктік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытып, салықтық жеңілдіктер беретіндіктен жоба артықшылыққа ие болады. Кенішті игерудің күрделі шығындары $5,5 млрд деп бағаланды. Қазір жоба техника-экономикалық негіздеме жасау кезеңінде. Топ талдаушылардың консенсус-бағасы мен тартымды ішкі табыс нормасы (IRR) аясындағы таза келтірінді құнның (NPV) айтарлықтай өсімін күтіп отыр. Баимская мыс жобасын іске асыру Топқа жоғары өсімді жалғастыруға мүмкіндік беріп, қоржынына ірі ауқымды, ұзақ мерзімді активті қосады.
Баимская алаңын әзірлеуге ағымдағы жылдың екінші жартысына $80 млн күрделі шығындар мақұлданған. Бұл вахталық кентті, отын қоймасын, аэродромды және энергетикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі алғашқы жұмыстарға кірісуге, сондай-ақ қажетті құрылыс жабдықтарын жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. ТЭН-ге бағытталған $70 млн қосқанда, биыл жалпы күрделі шығындар шамамен $150 млн құрайды деп күтілуде. Бірінші жартыжылдықта Баимская жобасына арналған күрделі шығындар $23 млн құрады. Қазірде Чукот өңірінде инфрақұрылымды дамыту Топ басшылығының болжамдарына сәйкес іске асырылып жатыр. Ресей үкіметі қаржыландыратын Билибинодан Баимскаяға дейінгі 110 кВ электр желісі ағымдағы жылдың соңына қарай алаңға қосылатын болады. Қазіргі сәтте 90% тірек бағаналары орнатылған, ал келесі жылы 110 кВ қуат блогы іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ атомдық жүзу энергоблогы отынмен толтырылып, Росатом операторымен сынақтан сәтті өткізілді. Ағымдағы тамыз айында ол Мурманскіден Певек портына аттануы тиіс. Мобильді АЭС Билибинодағы жұмыс істеп тұрған атом электр станциясы істен шыққанда құрылыс жұмыстарына арналған алаңды электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар келешекте мыс өндіруге қажетті қосымша қуатты қамтамасыз ету мақсатында Магадан облысындағы қолданыстағы су электр станцияларына объектіні қосу үшін мемлекет қаржыландыратын 220 кВ электр желісін салу жоспарлануда. Омолон-Анадырь автожолы жобасының шеңберінде Ресей үкіметі Баимская жобасын Певек портымен байланыстыратын ұзындығы 800 км жаңа тұрақты жолдың құрылысын жүргізуде.
Бұдан бөлек, Топ Ақтоғайды кеңейту жобасын іске асыруды ойдағыдай жалғастыруда. Онда сульфидті кенді өңдеу бойынша қуаттылықты екі еселейтін екінші кен байыту фабрикасының құрылысы жүргізіліп, алғашында диірмен және флотациялық жабдықтарға арналған іргетас қаланса, қазіргі уақытта металл құрылымдарын монтаждау жұмыстары біршама яқталып қалды. Кен байыту комбинатына ірі тау-кен техникасы жеткізіліп, іске қосылды. Екінші байыту фабрикасында мыс өндіруді 2021 жылы бастау жоспарланып отыр. Қазақстан Даму банкімен $600 млн көлеміндегі жаңа несие желісі туралы келісімнен кейін Топ жобаны жүзеге асырудағы тәуекелдерді одан әрі азайту мақсатында $100 млн күрделі шығындарды ағымдағы жылға ауыстырды. Сөйтіп, биыл Ақтоғай II жобасының күрделі шығындары $500 млн болады деп жоспарланған. Ал алдағы жылы бұл шығыс $400 млн, 2021 жылы $100 млн сомасын құрамақ. Бұл ретте жоба бюджеті – $1,2 млрд өзгеріссіз қалады .
Сонымен қатар компания Көксай жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін қарастырады. Ағымдағы жылы аталмыш жобаға шамамен $20 млн бағыттау жоспарланған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру