Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Алғашқы жартыжылдықтағы валюта және депозит нарықтары

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Статистика деректеріне сәйкес үстіміздегі жылғы маусымда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 377,18 – 384,53 теңге аралығында өзгерді. 2019 жылғы маусымның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,5 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 380,53 теңге болды. Теңге-АҚШ доллары валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 13,7 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтар көлемі 3,9 млрд АҚШ доллары болды, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі 9,8 млрд АҚШ долларына жетті.
Бұл ретте бір еншілес банктің биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлеміндегі үлесі 74,8 пайыз болды, мұның өзі олардың меншікті капиталын валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты орын алды. Аталған операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетелдік валютаға сұраныс немесе ұсыныс арақатынасына әсер етпейді. 2019 жылғы маусымда халық нетто-негізде 491,8 млрд теңгеге парапар сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі АҚШ долларын 384,2 млрд теңгеге, Ресей рублін 65,2 млрд теңгеге, еуроны 41,2 млрд теңгеге сатып алуға бағытталды. Шетел валютасына маусымдағы жоғары сұраныс ең алдымен елдегі президент сайлауынан кейін теңгенің күрт әлсіреуі туралы қауесет аясында жоғары девальвациялық күтулерге байланысты болды. Сонымен бірге маусымда шетел валютасын сатып алу көлемінің өсуіне демалыстар кезеңіне, шағын кәсіпкерліктің жекелеген санаттарының сауда қызметі мен ақшалай аударымына және еңбек мигранттарының шет елге шетел валютасын әкетуіне байланысты дәстүрлі маусымдық сұраныс әсер етті.
Валюта түрлері бойынша АҚШ долларын сатып алуға шығыстар 2 есе, еуро және Ресей рублін сатып алуға шығыстар тиісінше 29,6 пайызға және 10,5 пайызға ұлғайды. Депозит нарығына келетін болсақ, резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 1,1 пайызға төмендеп, 2019 жылғы маусым айының соңында 17305,9 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 8738,8 млрд теңгеге дейін 2,7 пайызға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиттері 8567,1 млрд теңгеге дейін 0,7 пайызға ұлғайды. Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 10099,3 млрд теңгеге дейін 5,1 пайызға азайды, шетел валютасындағы депозиттер 7206,7 млрд теңгеге дейін 5,3 пайызға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2019 жылғы маусымның соңында 41,6 пайыз болды. Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2019 жылғы маусымда 5419,1 млрд теңгеге дейін 5,9 пайызға азайды, шетел валютасындағы депозиттер 3319,8 млрд теңгеге дейін 2,9 пайызға ұлғайды. Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4680,2 млрд теңгеге дейін 4,3 пайызға кеміді, шетел валютасындағы депозиттер 3886,9 млрд теңгеге дейін 7,4 пайызға артты. Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,6 пайызға ұлғайып, 11811,1 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 6823,1 млрд теңгені, шетел валютасындағы салымдар 4988,0 млрд теңгені құрады. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,2 пайызды, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 9,4 пайызды құрады.
Ал инфляция және инфляциялық күтулерге келсек, статистика деректеріне сәйкес 2019 жылғы маусымда инфляция 0,2 пайыз болды. Жыл басынан бері инфляция 2,6 пайызға жетті. Қаңтар-маусымда азық-түлік тауарларының бағасы 5,9 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 2,2 пайызға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасы 0,9 пайызға төмендеді. Жылдық инфляция 5,4 пайыз деңгейінде қалыптасты және 4-6 пайыз нысаналы дәліз ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 8,2 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 6,1 пайызға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 1,2 пайыз болды. 2019 жылғы маусымда халықтың инфляциялық күтулері нақты инфляциядан кейін өсті. Халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы 5,4 пайыз болды. 2019 жылғы маусымда Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 0,5 пайызға немесе 28,2 млрд АҚШ долларына дейін 134,8 млн долларға ұлғайды. Үкіметтің Ұлттық банктегі шоттарына валютаның түсуі, банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтардың ұлғаюы және алтын сатып алу бойынша операциялар Ұлттық қордың активтерін толықтыру және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялармен ішінара бейтараптандырылды. Жалпы алғанда елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда, 2019 жылғы маусымның соңында 86,4 млрд АҚШ долларына жетті. Ақша базасы 2019 жылғы маусымда 4,1 пайызға тарылып, 6346,1 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 5241,7 млрд теңгеге дейін 5,1 пайызға тарылды. 2019 жылғы маусымда ақша массасы алдын ала деректер бойынша 1,0 пайызға төмендеп, 19537,4 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2231,5 млрд теңгеге дейін 0,6 пайызға төмендеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру