Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Ашық есік күндері Алматыда апта сайын өтіп тұрады

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Әуезов аудандық фронт-офисінде «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры мен Қазақстан халқы ассамблеясы Алматы қаласы Достық үйі Медиация кабинетімен бірлесе ұйымдастырған ашық есік күні өтті.

Алматы қалалық соты, Алматы қалалық прокуратурасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалы (Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, Жер кадастры, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, Мамандандырылған ХҚО салалары бойынша), АХАЖ, Алматы қаласы ҚХА, Көші-қон қызметі басқармасы, халықаралық Медиация орталығы өкілдері қатысып, банк несиелері, мұрагерлік, алимент төлеу, қылмыстық істер, еңбек қатынастары және тағы басқа сұрақтар бойынша кеңес алды, мәселелерін шешті.
«Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бас-тамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры Алматы қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының Медиация кабинетімен бірге жыл соңына дейін осындай қабылдаулар өткізіп отыруды жоспарлаған болатын. Аталмыш шара республикалық бірыңғай медиация күніне орай ұйымдастырылып отыр. Әртүрлі тақырыптағы мұндай ашық есік күндері апта сайын өтетін болады», – дейді шара ұйымдастырушысы, «Жанашыр» халықаралық қорының басшысы Жаңыл Әпетова.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында медиацияны дамытуға қолдау көрсету мақсатында өткен шарада Алматы қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Қазбек Мамсуров, Алматы қаласы ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаев, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Болысбек Батталханов, Қазақстандық орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашев және басқа құрметті қонақтар даталы күнмен құттықтаған ресми бөлім, осы күні кешке дейін созылған қоғамдық қабылдауға ұласты.
Шараға шешен, кәріс, әзербайжан, грек, ұйғыр, орыс, ауған, ингуш және т.б. қазақстандық этностар өкілдері атсалысты. Бұл басқосудың негізгі мақсаты шиеліністі жағдайдан ши шығармай, дауды сотқа жеткізбей шешудің жайын жұртшылыққа түсіндіру болғандықтан, халықаралық медиация орталығының кәсіби медиаторлары мен ҚХА медиаторлары азаматтармен етене араласып жұмыс істеді. Ақпараттық парақшалар таратып, сауалнамалар жүргізді.
«Қазақстандағы татуластыру рәсімдерінің өміршеңдігі кәсіби медиаторлар, судьялар мен адвокаттарға ғана байланысты емес, ең алдымен, өз уақытын, қаржысын үнемдеп, қарым-қатынасты сақтай отырып, дауды балама түрмен шешуге ұмтылатын азаматтардың құқықтық санасына байланысты», – дейді Алматы қаласы ХҚА Медиация кабинетінің меңгерушісі Нұрсәуле Әлтекова.
Мұндай ашық есік күндері алдағы уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының барлық фронт-офистерінде жалғаспақ.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру