Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Орнықты өсім өмір сапасына ықпал етеді

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ жиында жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселелері де қозғалды.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сәйкес, биылдың 7 айының қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім өсімі 4,2%-ке дейін жоғарылаған. Осы мерзімде өнеркәсіп өндірісі 2,7%-ке артты. Құрылыста (11,5%), саудада (7,5%), көлік саласында (5,4%), ауыл шаруашылығында (3,5%), байланыс қызметтерінде (2,6%) оң қарқын байқалды. Серпін өнеркәсіптегі, құрылыстағы және көрсетілетін қызметтер саласындағы жеделдеумен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен негізгі капиталға салынған инвестициялардың тұрақты қарқынымен қамтамасыз етіліп отыр. Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің айтуына қарағанда, инвестициялар ағыны ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынынан озық болып отыр (11,3%).
Сонымен бірге министр орталық және жергілікті атқарушы органдар қандай мәселелерге назар аударуы керектігін де атады. «Жалпы осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша жағымды көрсеткіштердің сақталғаны байқалады. Ағымдағы үрдістерді ескере отырып, үшінші тоқсанда орталық және жергілікті атқарушы органдар: негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды бақылау, құрылыс және ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымын барынша пысықтау және инфляцияны бақылауды күшейту сынды аспектілерге баса назар аударуы қажет», – деді ол.
Бірінші қаржы вице-министрі Б.Шолпанқұлов осы жылдың 7 айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалу жайын баяндады. Оның дерегінше, есепті кезеңде мемлекеттік бюджет кірістерінің өсімі 114,5%, республикалық – 118% және жергілікті бюджет – 106% құрады. Бюджеттердің барлық деңгейлерінде қаражатты игеру былтырмен салыстырғанда жақсара түскен. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 4 трлн 984 млрд теңге көлемінде немесе жоспарға шаққанда 103,6% кіріс түсті. Республикалық бюджет шығыстары 98,9% игерілді.
Вице-министр сондай-ақ мемлекеттік аудит және камералық бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Атап айтқанда, есепті кезеңде 719 млрд теңге бюджет қаражатына аудит жүргізіліп, жалпы сомасы 121 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Аудит жүргізу барысында 114 млрд теңге сомаға бұзушылықтар түзетілді, оның ішінде 7 млрд теңге қалпына келтірілді, 2 млрд теңге өтелді және 105 млрд теңге есеп бойынша көрсетілді.
Құрылыс пен тұрғын үй тапсыру саласындағы өңірлердің көрсеткіштерін жариялаған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Склярдің хабарлауынша, бұл сала бойынша еліміздің 8 облысында оң динамика байқалады. 7 айдың қорытындысы бойынша елімізде 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ол өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіштің 96,3%-ін құраған. Республика бойынша барлығы 55 849 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 24 013 жеке тұрғын үй бар.
Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев биылғы шілдеде айлық инфляция 0,2% құрағанын айтты. Жылдық инфляция 5,4% деңгейінде сақталды. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі мен ақша-кредиттік шарттар биыл инфляцияның нысаналы дәліз ішінде 4-6% сақталуын қамтамасыз етеді.
Жиында сонымен бірге өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жөнінде бірқатар облыс-тардың әкімдері есеп берді.
Үкімет басшысы өз сөзінде бөлінген қаражатты игермей жатқан ведомстволар мен әкімдіктерге ескерту жасады. Әрбір ведомство басшысы алдағы 1 айдың ішінде олқылықтарды реттеуге уәде берді. «Мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшылары үшін бюджет қаражатын жоспарлы түрде игеруге қол жеткізу бойынша жауапкершілік жүктеймін. Жалпы, сапалы және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инвестицияны белсенді түрде тарту бойынша шаралар қабылдау қажет. Инвестицияларды тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселені жан-жақты талқылаймыз. Тиісті жұмыс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру, экспортты дамыту, технологияларды тарту секілді мәселелерді келесі отырыста қарастырамыз. Елбасы мен Президенттің қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалары мен тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыруымыз керек», – деді А.Мамин.
Келесі мәселе – жаңа оқу жылының басталуына дайындық туралы білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгіновтің баяндамалары тыңдалды.
Премьер-министр барлық білім беру нысандарын 1 қыркүйекке дейін толығымен дайындауды және Арыс қаласындағы мектептердің оқу жылына дайындығына ерекше назар аударуды тапсырды. А.Мамин оқулықтармен қамтамасыз ету, балаларды тасымалдау және мектеп оқушыларына ыстық тамақ беруді ұйымдастыру мәселесіне баса көңіл аудара отырып, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту тұрғысынан, оның ішінде компьютерлендіру, мектеп процестерін цифрландыру мәселелері жөнінде берген тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігін атап айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру