Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Су тапшылығы қалай жойылмақ?

Маңғыстау облысында Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында елді мекендерді толықтай ауыз сумен қамту жоспарлануда.

Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың айтуынша, биылғы жылдың бюджетінде бұл мақсатқа 8 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қаражатқа Бейнеу, Қарақия, Мұнайлы аудандарында ауылішілік су құбырларының құрылысы аяқталады. Облыста ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 69%-ті құрайды. Ал жыл соңында 75%-ке жеткізу жоспарланған. Бөлінген қаржыға осы жылы Бейнеу ауданында – Бейнеу, Боранқұл, Сарға, Есет, Төлеп; Қарақия ауданында – Жетібай, Сенек, Құланды; Мұнайлы ауданында – Маңғыстау-3, Баскұдық; Маңғыстау ауданында – Жыңғылды; Түпқараған ауданында – Таушық, Ақшұқыр, Сайын ауылдарында ауылішілік су құбырларының құрылысы аяқталады. Маңғыстау ауданында – Шетпе, Мұнайлы ауданында – Қызылтөбе, Маңғыстау-5 ауылдарында, Ақтау қаласында – Приморский тұрғын алқабында сумен қамту нысандарының құрылысы жалғасуда.
– Жыл сайынғы халық санының, индустриалдық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың қарқынды өсуі су тапшылығының артуына әкелуде. Болжамды есептер бойынша, өңірдің даму қарқынын есепке алғанда, су тапшылығы 2025 жылы тәулігіне 95 мың текше метрді құрайтын болады. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – тұщыландырылған су өндіру көлемін арттыру. Бұл бағытта біз Каспий су тұщыту зауытын тәуліктік қуатын 20 мың текше метрге дейін арттыру жұмыстарын бітірдік. Қазіргі таңда Қаржы министрлігімен зауыттың қуатын 40 мыңға дейін жеткізу үшін осы жылы қаржы бөлу жұмыстары пысықталуда, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар инвесторлармен және өңірдің мұнай өндіруші компанияларымен бірлесе отырып, Кендірлі аймағында, Құрық ауылында және Қаражанбас кен орнында су тұщыту зауыттарын салу жоспарланған. Осы жобалардың іске асуы су өндіру көлемін 130 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру