Валюта бағамы: $ 384.97 427.12 6.04 ¥ 54.75

Қарыздың жартысы – той мен қазаға

Қазақстандықтардың үштен бірі өздерінің қаржылық жағдайларына көңілдері толса, 9,4%-ы жеткілікті көлемде тамақ сатып алуға ақшалары жетпейтініне күнделікті мазасыздану күйін кешеді екен. Үйлену тойын жасауға немесе туыстарын жерлеуге еліміз тұрғындарының 42,2%-ы қарызға кіруге мәжбүр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ағымдағы жылдың шілдесінде жариялаған «Халықтың өмір сапасы» зерттеуінің мәліметтері осыны көрсетті. Құжатқа түсініктемеде айтылғандай, халықтың өмір деңгейін бағалау бойынша сұрау салуға барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының 11,9 мыңнан астам үй шаруашылығындағы отбасыларының бір мүшесі қатысқан. Мәліметтерді жинау сауалнама жүргізу жолымен биылғы наурыз айында жүзеге асқан. Респонденттер – 15 жастағы және одан үлкен адамдар.

Бақыт кілті ақшада ма?

Алынған нәтижелерге сәйкес, қазақстандықтардың 66,1%-ы өздерін бақытты (2018 жылы мұндайлар 3%-ға артық болған) санайды, тағы 32,4%-ы бақытты дерліктей (өткен жылы – 29,4%) сезінсе, 0,6%-ы – бақытсыз және 0,9%-ы сұраққа жауап беруге қиналған.
Сонымен қатар, мәлім болғанындай, қазақстандықтардың бірқатары үшін бақыт ақшамен түйінделмейді екен: өздерінің қаржылық жағдайларына респонденттердің тек 35,9%-ы ғана (бұл өткен жылғыға қарағанда 3 есеге жуық артық) толықтай қанағаттанса, 61,5%-ы ішінара көңілдері толған, 1%-ы – разы емес (бұл адамдар, 2018 жылға қарағанда, 3,8 есе аз) және 1,6%-ы өз қаражаттарын бағалауға қиналған.
Сұрау салынғандардың 0,4%-ы өздерін кедей санаған (өткен жылғыдан 4 есеге аз). Респонденттердің 8,3%-ының пікірінше, олар орташа деңгейден (2018 жылы – 24,1%) төмен қамтамасыз етілген, 68,8%-ы өздерін орташа тапқа (өткен жылғы көрсеткіштен 13,2%-ға артық) жатқызған, 17,6%-ы орташадан сәл жоғары ауқаттылар болса, 4,6%-ы – салыстырмалы түрде ауқаттылар және 0,3%-ы – жоғары қамтамасыз етілген (соңғы үш көрсеткіш есепті жылда айтарлықтай өзгермеген).
Өзінің жеке әл-ауқатын бағалай келе, қазақстандықтардың 49,9%-ы жағдайларының өткен жылмен салыстырғанда өзгермегенін атап көрсеткен. Тағы 47,8%-ы жақсырақ өмір сүре бастаған және тек 2,3%-ының ғана материалдық бағыттағы әл-ауқаттары нашарлап кеткен.
Сұрау салу барысында статистиктер қазақстандықтарға, соңғы жылы қаржылық қиыншылықтар кешуіне қатысты сұрақтар қойған. Қазақстандықтардың 11,6%-ы соңғы жылда бір мәрте коммуналдық қызмет үшін ақыларын төлей алмапты, 4,9%-ы коммуналканың ақысын соңғы жылда екі рет төлей алмай қалған. Сұрау салынғандардың 7,4%-ының кредит бойынша қарызын төлеуге қаражаты болмаған, респонденттердің 3,4%-ы кредиттік міндеттемелерін төлеуге соңғы жылда бірнеше рет қиыншылық кешкен. Респонденттердің тағы 4,4%-ы тұрғын үйлерін жалдау ақысын немесе ипотекасын төлеуге ақшасы жетпегендіктен қиыншылықтар туындаған, сұрау салынғандардың 1,8%-ында мұндай қиыншылықтар жыл бойында бірнеше рет туындапты.

Тіпті тамаққа қаражат  жетпей қалады

Сұрау салуда респонденттерге, олардың әдеттегі өмірде неге зәру екендеріне қатысты сұрақтар қойылған бөлім бар. Мәселен, сұралған қазақстандықтардың 9%-ы екі күнде бір рет (2018 жылы мұндай адамдар бес еседен артық болған – барлығы 1,6%) ыстық ет пен балық жеу мүмкіндігі бола бермейтінін атап айтқан. Тағы 29,9%-ының қажеттігіне қарай (өткен жылы мұндайлар 13,5%-ды құрапты) мерзімі өткен жиһазды ауыстыруға мүмкіндіктері жоқ екен. Сұралғандардың 43,8%-ы өздеріне ең болмаса айына бір рет дастархан басында жақындарымен және достарымен кездесіп, еркін отыруға мүмкіндігі болмаған, тағы 39,7%-ы кинотеатр, театр, концертке баруға, спортпен айналысуға мүмкіндіктері жоғын мойындаған.
Респонденттердің 39,3%-ының (2019 жылы мұндайлар екі есе көп болған – 78,8%) жыл сайын үйден тыс өткізетін апталық еңбек демалысына мүмкіндіктері жоқ. Сұрау салынған қазақстандықтардың 42,2%-ының (өмір сапасы бойынша былтырғы сұрау салуда мұндайлар 25,6% болған) тойды немесе жерлеуді, ауыртпалықтар туындататын қарызға кірмей өткізуге мүмкіндіктері жоқ. Тағы 44%-ы көзделмеген шығындар төлейтін жағдай туындай қалғанда, оны өз еркімен, қарызға ақша алмай-ақ өтей алмайды.
Зерттеудің «Азық-түліктік қауіпсіздікке қатысты респонденттер пікірі» бөлімі қызықты мәліметтер бүккен. Сұрау салудың осы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда 2019 жылы азаматтардың 9,4%-ы – жеткілікті көлемде тамақ сатып алуына ақшалары жетпейтіні себебінен күн сайын мазасыздану күйін кешеді. Бұл мазасыздану, былтырғы жылмен салыстырғанда, сұрау салынғандардың жалпы санының бірнеше пайызы деңгейінде – төмендеу үдерісін көрсеткенімен, жұмыссыз азаматтар бойынша жағдай нашар көрінеді. Мәселен, сұрауға қатысқан жұмыссыз азаматтардың 15,1%-ы ақша жетпеуі салдарынан азық-түліктің тек бірнеше түрін (өткен жылы мұндайлар екі есеге жуық аз болған – 8%) ғана жеуге мәжбүр екендерін мәлімдеген. Жұмыс істейтін қазақстандықтардың арасында 7,3% адам бірыңғай, жұтаң тағам ішіп-жейді екен. Жұмыссыздардың тағы 4,8%-ы ақша жетіспеуінен тамақ ішуді өткізіп алуға мәжбүр (бұл сан 2018 жылмен салыстырғанда 12 есеге артқан – 0,4% болған), жұмыссыздардың 2,2%-ы (былтыр – 0,3) аштық сезінсе де, ақша жетіспеу салдарынан тамақ іше алмаған, ақша жетіспеушілігінен тағы 1,8%-ы (бір жыл бұрын – сұралғандардың 0,9%-ы) күні бойы тамақ ішпеуге бейіл. Барлық сұрау салынғандардың 2,4%-ы ақшалай қаражат жетіспегендіктен, қалауларынан аз тамақтанамыз, деп мәлімдеген.

Тұрғын үй жоқ, оптимизм бар

Өмірлік жағдайларына қатысты қазақстандықтардың 49,6%-ы өз тұрғын үйлері жағдайларына қанағаттанатынын айтқан, тағы 45,4%-ы – біршама көңілдері толады, тағы 3,8%-ы тұрғын үйлерінің сапасына разы емес.
Сонымен қатар өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі ауыз су сапасына сұралғандардың 42,7%-ы риза, ішінара разылары – 46,2%, разы еместері – 11%. Респонденттердің 41,4%-ы өздерінің туған қалалары/ауылдарындағы ауаны таза деп есептейді, лақтырындылар, шаң-тозаң, ауада кіршеңдік жоқтығына 49,6%-ы ішінара қанағаттанса, сұрауға қатысқандардың 8,8%-ы өздері тұратын жерлердегі ауаны таза емес деп есептейді.
Статистиктер азаматтардың жеке тұрғын үйлер алуға қатысты пікірлерін де анықтаған. Мәселен, сұралғандардың 18%-ы өз беттерімен тұрғын үй ала алады, 46,6%-ы – өз беттерімен тұрғын үй сатып алуға ішінара дайын екен, тағы 22%-ының өз есебінен пәтер сатып алуға мүмкіндіктері жоқ болса, респонденттердің 13,1%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.
Тұрғын үй беруге қатысты мемлекеттік қолдау шараларымен қазақстандықтардың 22,7%-ы разы, тағы 35,3%-ы – разы дерлік, 27,3%-ы – азаматтардың тұрғын үй проблемаларын шешуге мемлекеттік көмекке мүлдем риза емес, 14,7%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналыпты.
Статистиктер респонденттерге болашаққа болжам жасауды ұсынған. Қазақстандықтардың 37,4%-ы біздің жақсырақ өмір сүретінімізге сенімді екен, 36,4%-ы – бұдан әрі жақсара түсетініне сенеді, 22,8%-ы бәрі де сол күйінде қалады десе, сұрау салынғандардың тек 0,2%-ы ғана нашар өмір сүреміз, деп есептейді.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру