Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Kazakh Invest бас оператор болып бекітілді

Үкімет инвесторлар үшін қызметті ұйымдастырудың жаңа ережелерін, сондай-ақ инвестиция тарту және орталық мемлекеттік, жергілікті атқару органдарының инвесторлармен әріптестікті орнату бойынша тәртіптерін белгіледі.

Жаңа ережелерге сәйкес инвестор-ларға қызмет көрсетудің үш деңгейлі жүйесі құрылды. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев құжатқа сәйкес ұлттық компания инвесторлар үшін орталық офис болып бекітілгенін, бұл салада оған бірқатар міндеттер жүктелгенін мәлімдеді. Оған еліміздің инвестициялық әлеуеті туралы таныстырылым жасау мен консультациялар өткізу, мемлекеттік қызметтерді және басқа мемлекеттік ұйымдармен берілетін қызмет түрлерін алу кезінде инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша әрекеттесу кіреді.
Кейбір мемлекеттік қызметтерді алу тәртіптерін шетел азаматтары түсіне бермейтін жағдайлар кездеседі. Сондықтан бүгінгі таңда «бір терезе» инвестиция тартудың кезекті түрі болып қана қоймай, инвесторлармен жұмыс істеудің мүлде жаңа механизмі ретінде қалыптасуы керек. Осы ретте «бір терезе» қағидасы мәліметтерге қолжетімділікті, елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде инвесторларды қолдаудың ашықтығын, туындаған мәселелердің шешілуін, мемлекет пен инвесторлар байланысының бірыңғай нүктесін қамтамасыз етуге арналған.
– Тұтастай алғанда, «бір терезе» инвесторларға мемлекеттік қызметтер алу үшін қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, үдерістердің қолжетімді, шынайы жүргізілуіне, мемлекеттік органдармен өзара тиімді әрекеттестік орнатуға септігін тигізеді, – деді Б.Қанешев.
Айта кетерлігі, қызмет көрсету бойынша сыртқы деңгейді Қазақстанның шетелдегі ұйымдары және еліміздің инвестициялық саясатын іске асыруға жауапты шетелдік өкілеттіктер жүзеге асырады. Ал өңірлік деңгейде инвесторларға қызмет көрсету үшін арнайы мамандандырылған фронт-офистерді құру жоспарланып отыр. Аталған мекемеде жергілікті атқарушы органдардың, ХҚКО-ның, «Атамекен» палатасының, «Даму» қорының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметкерлері, көші-қон, кеден, салық органдарының өкілдері, бұдан өзге, монополистер, нотариустар және аудармашылар жұмыс істейтін болады. Бұл «бір терезе» қызметін ұйымдастыруды үйлестіруді, инвесторлар үшін мемлекеттік және тағы басқа қызмет түрлерін алуды жеңілдетеді. Мұндай шаралар өз кезегінде еліміздің инвестициялық әлеуеті мен тартымдылығын аттыруға оң әсерін тигізеді.
Сыртқы істер министрлігінің ведомстволық ұйымы болып табылатын «Kazakh Invest» ҰК» АҚ – Үкімет мүддесін білдіретін «бірыңғай келіссөзші» және инвестициялық преференциялар нысанында инвесторларды мемлекеттік қолдауды, инвестициялық жобаларды іске асыру мен әрі қарай пайдалану үшін қажетті әртүрлі рұқсаттар мен келісімдер беруді қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер жүйесіне қол жеткізудің бірыңғай пунктінің рөлін атқарады. Былтырдан бері инвесторлар тарапынан ұлттық компанияға 3 мыңнан астам ауызша және жазбаша өтініштер түскен. Инвестициялық омбудсмен қызметі аясында 91 өтініш түсіп, қазіргі кезде оның жартысы өз шешімін тапты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру