Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Банктердің белсенділігі артып келеді

Кез келген елдің орталық банкінің ең басты міндеті – ақша айналымына және экономикадағы кредитке бақылауды жүзеге асыру. Осы ретте Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев сейсенбідегі үкімет отырысында биыл бірінші тоқсанда жүргізілген сауықтыру шараларынан кейін банктердің кредиттік қоржыны ұлғайып, несиелік белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясындағы жұмыстарға тоқталды.

Ұлттық банк басшысы өткен шілдеде айлық инфляция 0,2%-ды құрағанын, жылдық инфляция 5,4% деңгейде сақталғанын айтты. Инфляцияға шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсімі көп ықпал етті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы қалыпты өсу деңгейін көрсетсе, ақылы қызметтер бағасының өзгерісі бұрынғыша сақталды.
Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында тұтыну-шылық сұраныстың артуы инфляцияның жылдам өсуінің негізгі себептері болып қалады. «Осы ретте Үкіметтен инфляцияның өсуіне көбірек ықпал еткен жекелеген тауарларға бағаның өсуін бақылау шараларын күшейтуді сұраймыз», – деді Ерболат Досаев.
15 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/-1п.т. дәлізбен 9,00% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. «Инфляциялық тәуекелдерді төмендету мақсатында Ұлттық банк ақша нарығындағы артық өтімділікті алуда. Маусымда ақша нарығының мөлшерлемесін көтеру және қысқа мерзімді ноттардың мерзімін ұзарту шаралары қабылданды. Нәтижесінде 6-12 ай айналыс мерзімі бар ноттардың үлесі мамырдың соңындағы 43%-дан шілденің соңында 75%-ға дейін көтерілді. Айналыстағы ноттардың жалпы көлемі шілденің соңында 3,0 трлн теңгені құрады. Бұл биылғы 20 ақпандағы 4,7 трлн теңге болған максимумнан 36,8%-ға төмен», – деп хабарлады Ерболат Досаев.
Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі (+/-1т.п. дәлізінде 9,00% деңгейінде) мен ақша-кредит талаптары биыл инфляцияның нысаналы 4-6% дәліз ішінде сақталуын қамтамасыз етеді. Алайда әлемдік нарықтағы тәуекел деңгейінің өсуін және тұтынушылық сұраныс тарапынан проинфляциялық қысымның күшеюін ескере отырып, Ұлттық банк жылдың соңына дейін ақша-кредит талаптарын қатаңдату шараларын қабылдау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Ұлттық банк төрағасы атап өткендей, ішкі валюта нарығын-дағы ахуал көп жағдайда сыртқы факторлардың ықпалымен қалыптасады. 12 тамыздағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 0,9%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 387,48 теңгені құрады. Ресей рублі айдың басынан бастап 9 тамызға дейін бір АҚШ доллары үшін 63,4 рубльден 65,1 рубльге , 2,8%-ға әлсіреген. «Сыртқы сектордағы жағдай тұрақсыз болып қалуда. Мұнай бағасы құбылып тұр. 31 шілде мен 7 тамыз аралығында мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 65,2 АҚШ долларынан 56,2 АҚШ долларына дейін күрт төмендеді. Бұл АҚШ президентінің Қытай тауарларына баж салығын енгізу туралы мәлімдемесінен кейін болды. Биылғы 9 тамыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы бір баррель үшін 58,5 АҚШ долларына дейін өсті», – деп түсіндірді Ерболат Досаев.
Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері биыл 1 тамызда 27,7 млрд АҚШ долларын құрады. Олар екінші деңгейдегі банктермен валюталық своптың жабылуы және Үкіметтің сыртқы борышын өтеу нәтижесінде шілдеде 1,8%-ға төмендеді. Валюталық активтердің төмендеуі алтын қоржынының өсуімен ішінара теңестірілді. Ұлттық қордың активтері алдын ала деректер бойынша іс жүзінде өзгерген жоқ және шілдеде 59,8 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер 87,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Төлем теңгерімінің жай-күйіне қатысты алдын ала бағалау бойынша, биыл алғашқы жартыжылдықта ағымдағы операциялар шоты 2,0 млрд АҚШ доллары көлемінде дефицитпен қалыптасты. Сауда теңгерімінің сальдосы 10,3%-ға, 11,3 млрд АҚШ долларына дейін азайды. Тауарлар экспорты көлемі өзгермегенмен, баға факторының есебінен 1,1%-ға, 28,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайған. Тауарлар импорты 10,2%-ға, 17,3 млрд АҚШ долларына дейін инвестициялық және азық-түлікке жатпайтын тауарлар әкелудің ұлғаюы есебінен өскен.
Банктердің несиелік белсенділігі артып келеді. Сәуір-маусымда бірінші тоқсанда жүргізілген банктерді сауықтыру шараларынан кейін кредиттік қоржын 3,5%-ға немесе 433,6 млрд теңгеге, яғни 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұзақ мерзімді кредиттер – 11,0 трлн теңге, қысқа мерзімді кредиттер – 1,9 трлн теңге болды.
Бизнес үшін кредиттерге қолжетімділік арта түсті. Биыл маусымда теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме былтырғы осы мерзімдегі 12,5%-бен салыстырғанда 11,7%-ға дейін төмендеген. Қаржы реттеушісінің басшысы кредиттеудің өсуіне қорландыру базасының сапалы жақсаруы ықпал етіп отырғанын атап өтті. Ұлттық валютадағы салымдар валюта нарығындағы мазасыздықтың нәтижесінде маусымда төмендегеніне қарамастан, жыл басынан бері 5,5%-ға өсті. Бұл ретте еурооблигацияларды (ҚазАгро) өтеу, сондай-ақ жекелеген ірі салымшылардың валюталық депозиттерді шетелдік қаржы ұйымдарына аударуы нәтижесінде шетел валютасындағы депозиттер 19,8%-ға қысқарды. Соның салдарынан депозиттерді долларландыру маусымның соңында 41,6%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық банк бірқатар әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда. Оның ішінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірінші – «Әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағыты бойынша әзірленген «7-20-25» бағдарламасы аясында игілікті іс қолға алынды. Осы жылдың 8 тамызындағы жағдайға сәйкес, аталған бағдарлама бойынша 188,3 млрд теңге сомаға 16 677 өтініш беріліп, оның ішінде банктер 112,7 млрд теңге сомаға 9 813 өтінімді мақұлдаған. Нәтижесінде қазіргі таңда жалпы ипотекалық кредиттеу серпін алып отыр. Өткен жылғы шілдеден бастап, яғни бағдарлама іске қосылғаннан бері банктердің ипотекалық қоржыны 30,5%-ға, 1,5 трлн теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін банктерге ұзақ мерзімді ресурстар беріледі. Биыл 9 тамыздағы жағдайға сәйкес, банктер 51,4 млрд теңге сомаға 106 жобаны мақұлдап, 31,2 млрд теңге сомаға 69 қарыз берген.
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер және шағын қаржы ұйымдарымен бірлесіп, екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.


Бірінші – халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейін мөлшерде берешекті өтеу. Қазіргі таңда азаматтардың тізімдері бойынша берешек туралы ақпаратты жинау жұмысы жүргізілді. Ақы төлеуге жасалған тізім бойынша берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады. Бұл алдын ала деректер бойынша еліміздің 508 мың азаматына 105,5 млрд теңге көлеміндегі сомаға мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді. Азаматтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына өтініш жасамайды. Берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізеді, содан кейін әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жібереді.
Екінші – 2019 жылғы 1 шілдеге есептелген барлық қазақстандықтардың кепілсіз тұтынушылық несиелері үшін айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару. Ұлттық банктің 2019 жылғы 2 шілдедегі №116 қаулысымен белгіленген тетіктердің көмегімен банктер мен шағын қаржы ұйымдары 30 шілдеде 1,2 миллион азаматтың кепілсіз тұтынушылық несиелері үшін есептелген жалпы сомасы 33,6 млрд теңгені құраған айыппұлдары мен өсімпұлдарын кешірді. Осы ұйымдардың қарыздарды кешіруге кеткен шығындары сомасының 30%-ын Ұлттық банк өтейді. Бұл жұмыс алдымыздағы 20 тамызға дейін аяқталатын болады.
Келешекте мерзімі 90 күннен асып кеткен кепілсіз қарыздарға айыппұл, өсімақы есептеуге заң жүзінде тыйым салынатын болады. Осы ретте астанада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банктің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев: «Қазір банк қауымдастығымен қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу тәсілдерін өзгерту мәселелерін талқылаудамыз. Қарыз жүктемесін шектейтін тұрақты тетік бар. Ол ай сайынғы несие төлеміне табыстың 50%-ын ғана жұмсауға рұқсат береді. Қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Қарыз жүктемесін есептеуде ең төменгі күнкөріс деңгейі және әрбір отбасы мүшесінің күнкөрісіне қажетті сома анықталады», – деп атап өтті.
Егер төлем қарыз алушы табысының 50 пайызынан асып кетсе, несие берілмейді.
Қарызды кешіруге қатысты осы жолғыдай әлеуметтік қолдау бір мәрте ғана жасалатынын түсіну маңызды. Болашақта кепілсіз несиелерді оңды-солды таратуға жол беретін мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін Мемлекет басшысы Ұлттық банкке қаржылық ұйымдардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі шаралар кешенін (оның ішінде, мерзімі 90 күннен асып кеткен кепілсіз қарыздарға айыппұл, өсімақы есептеуге, сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға кепілсіз несие беруге тыйым салу) қабылдауды тапсырды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру