Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Ұлттық банк теңге бағамын өзгертпек

Сарапшылар осылай деп болжайды

Ұлттық банктің айырбас пункттері үшін жұмыс кестесін енгізуге ұсынысын – «теңге бағамын директивтік жолмен бір реттік өзгертуге» әлдеқандай дайындық, деп есептейді экономист Әсет Наурызбаев. Өткен жылдардың тәжірибесі халықтың дүрлігуі бағамның одан сайын құлдырауына әкеліп соққанын көрсетті. Мейлі, аз ғана уақытқа болса да.

Сөйтіп, Ұлттық банк кезекті үдерісті өз бақылауына алмақ. Дегенмен, бұл қаржылық реттеушінің жалғыз мақсаты емес екен.

Теңгені күрделі  сынақтар күтуде

Осының алдында ғана Ұлттық банк жұртшылық талқысына қолма-қол валютамен операциялар жүргізудің жаңа ережелерін жария еткен болатын. Ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді деп жоспарланған. Ережені толықтай тізіп жатудың қажеті шамалы, бірақ әзірге қызығушылық тудырып отырғаны мыналар: айырбастау пункттері сағат 10-нан 19-ға дейін ғана жұмыс істей алады, әрбір сату/сатып алуда айырбастау пункттерінің қызметкерлері клиенттің жеке мәліметтерін жазып алулары тиіс және айырбастау пункттерінің жарғылық капиталы 100 млн теңге болуы көзделген, оның үстіне бұл лицензия алуға өтініш бермей тұрып жинақталуы тиіс.
Экономист Әсет Наурызбаев алғашқы екі талаптың түсініктемесі біреу ғана – Ұлттық банк айырбас пункттеріне бақылау мен басқару орнатқысы келетінін айтады. Мәселе бұл оған не үшін қажет екендігінде.
– Ұлттық банк бір реттік директивалық құнсыздану жағдайында қолма-қол валютаны айырбас нарығындағы дүрлігуден қорғауға тиісті шаралар қабылдау үшін қажет. Бұның басқаша түсінігі жоқ. Сондықтан да валюта нарығында бізді үлкен сілкіністер күтіп тұр, – деп есептейді ол.
Ә.Наурызбаев бұдан бұрынғы ірі құнсыздануларды еске түсіріп, мысалға келтіреді. Өсек-аяң оқиға алдында ғана жайылады да, адамдар валюта сатып алуға жаппай ұмтылады, ал айырбастау пункттері жедел бағамды көтереді. Сөйтіп, таң алдында айырбастау пункттерінде ол екі есе артып шыға келеді.
Мысалы, «бағамның еркін ауытқуына көшу» кезінде 1999 жылы 4-ші сәуірде доллардың биржалық бағамы 138 теңгені құрады, ал 5-ші сәуірде 160 теңгеден сата бастады – соның өзінде онда ұзын-шұбақ кезек орын алды. 2009-шы жылы да жағдай дәл осылай болды.
– Ендігі құнсыздану бұйрық бойынша жүзеге асатын сияқты. Кешкісін, айырбастау пункттері жабылғаннан кейін жаңа бағам белгіленеді де, таңертеңнен сол бойынша сауда жүргізіледі, – деп есептейді сарапшы.
Яғни бұл – теңге бағамы таяуда төмендейді деген сөз.
Бәлкім, клиенттердің жеке мәліметтерін тіркеу де осы тектес шара шығар?
– Егер елде валюта жетіспейтін болса, ақшаны еркін айырбастауға шектеу қоюдың кез-келген тәсілі жарай береді. Осыдан он жыл бұрынғы Өзбекстанды немесе Кеңестер Одағы күйрегеннен кейінгі Қазақстанды еске түсірейікші, сол кезде валютаны сатып алу қиын ғана емес, айрықша күрделі болды. Жеке тұлғаларға валюта сатып алуға кедергілер көбірек болған сайын, мемлекетке соғұрлым пайдалырақ болмақ, – дейді экономист.

Кімге тиімді – жақында  оны біле аламыз

Ондаған пайыздарға дейінгі құлдырау үшін үлкен экономикалық алғышарттар көріп отырған жоқпын, деп атап көрсетеді Наурызбаев. Әйтсе де, мынадай бір көңіл аударарлықтай жайтты еске салды:
– Ұлттық банктің соңғы кездері алтын сатып алып жатқаны алтын-валюта сақтық қорларының орталануынан туындауы мүмкін. Сондықтан сақтауда қордаланған алтынның таза салмақтағы ауқымын жақсылықпен ашып көрсетуді талап ету қажет, – дейді ол.
Шындығында қор ортайған болса, онда теңгеге алып-сатарлық шабуылдар жасалуы мүмкін, ал егер қорлар жетіспей жатса, онда мұны тоқтату керек.

Жүзмыңдық жарғылық капитал енгізуге қатысты айтар болсақ, Наурызбаевтың пікірінше, бұл шара осы саладағы бизнесті ірілендіруге бағытталған. Демек, кішігірім айырбас пункттері нарықтан кетіп тынады, ал Ұлттық банктің тікелей бақылауында болатын 3-5 ірі жүйе қалады. Бұл, әрине, жаман, деп қорытады экономист.
– Ұлттық банк валюталық нарық-ты реттей алмайды. Қалай реттеуге тырысса, бірден «жасырын нарық» пайда болады, ал біз оны есімізде өте жақсы сақтағанбыз, – деп атап айтты ол.
Бұл ретте тұтынушылардың әмиян-дары да ортаяды.
Нарықты монополиялағаннан кейін маржа артып кетеді және қызмет сапасы да төмендейді.
– Бұл – барлық валюта сатып алушылардың жағдайын қиындататын нарыққа қарсы қимыл. Бұл ірі айырбастау пункттерінің мүдделерін қолдау үшін жасалып отыр. Егер қабылданатын болса – біздер пайда табушылардың тізімін біле аламыз, – деп түйіндейді Ә.Наурызбаев.

«Итке темір не керек?»

Тағы бір экономист Алмас Чукин айырбастау пункттеріне жарғылық капиталдың тіпті керегі де жоқ деп есептейді.
– Айырбастау пункттері ешкімнен қарыз алып жатқан жоқ және ешқандай тәуекел де артпайды. Ол тек жай ғана сатады-сатып алады және ақшаны сол жерде қолыңызға береді. Дәл солай біз әрбір кішкентай дүкендерге де үлкен жарғылық капитал иеленуге бұйыра аламыз ғой онда, – деп күйінеді ол.
Бұл ұсынысты Чукин «әлдебір себептермен реттеушіге ұнамайтын нарыққа қатысушыларға әкімшілік әдіспен қысымшылық жасау» деп атады.
Бірақ шағын айырбастау пункттері-нің нақты несімен ұнамай қалғандары – түсініксіз.
– Қоғамда оларға біреу шағымданды ма? Көп елдермен салыстырғанда бізде олар тамаша жұмыс істейді, – дейді ол.
Чукин бұл шараның шағын және орта бизнеске залалын тигізетіні жөнінде әріптесімен келіседі. Өйткені, ірі капитал өзіне қажетті ақшасын таба алады, ал шағындары (әсіресе кішігірім қалалар мен аудан орталықтарында) жабылып қалады.
Бұдан басқа клиенттер тағы бір-қатар ыңғайсыздықтарға жолықпақ. Мәселен, айырбастау пункттеріне сапарға әлдеқайда ұзағырақ уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені, онда бірталай құжаттар толтыру талап етіледі. Ал одан әрі қиыншылықтар «қатарымен» өсе береді.
– Сосын бұл айырбас пунктіне мұндағы қызметкердің журналды қаншалықты дұрыс толтырғанын тексеретін адамдар келеді. Содан соң сырттан тексеруші келеді. Айырбастау пунктінің қожайыны шығындардың орнын бірдеме қылып толтырады – тиісінше айырбастау операцияларына маржа да өседі. Қорытындысында барлық ауыртпалық тұтынушыға түседі, – деді А.Чукин.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру