Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Ең төмен резервтік талаптар тетігі өзгертілді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Саясаттың салдарын экономикадан іздеген классиктер тұжырымының дұрыстығына ұлы Абайдың мақамына салсақ, жаздың басы бірі ерте, біреуі жай мамыр мен маусым және соңғы бір айда көз жеткізгендей болдық. Шілденің аптабынан бас сауғалаған қаймана жұрт байқамай да қалған доллар бағамының құлдырауы нарықты қас қақпай қадағалайтын қаржы-кредит ұйымдарының жіті назарынан тыс қала алмады. Алматының ауа райындай құбылмалы теңге ахуалы оқыс мінез танытып жатса, қапы қалмауды ойлаған еліміздің бас қаражат реттеушісі – Ұлттық банк жуырда ең төмен резервтік талаптар туралы қағидалардың орындалуын бақылау тәртібін бекіту және ең төмен резервтік талаптардың нормативтерін белгілеу туралы қаулылар қабылдағанда әдетте кірпияз сарапшы қауым түсіністік танытты.
Аталған құжаттарда бұл өзгерістер бас банктің ақша-кредит саясаты құралдарын жетілдіру шеңберінде енгізілгені көрсетіліп, оларды енгізуге байланысты банктер міндеттемелерінің құрылымы, нормативтердің мәні және резервтік активтердің құрылымы ауысқаны атап өтілді. Міндеттемелердің құрылымынан резиденттік қағидаты бойынша бөлу алып тасталды. Ең төмен резервтік талаптар тетігіне өзгерістер енгізуге байланысты банктердің бұл талаптарды есептеу үшін қолданылатын міндеттемелерінің құрылымы валюталар және мерзімдер бойынша бөлінді. Резервтік активтер ең төмен резервтік талаптарды орындау кезінде басым түрде банктердің Ұлттық банктегі ұлттық валютадағы корреспонденттік шоттары есебінен қалыптастырылатын болды. Енді резервтік активтерді есептеу үшін қолданылатын қолма-қол кассаның көлемі ең төмен резервтік талаптарды айқындау кезеңіндегі ең төмен резервтік талаптардың орташа мөлшерінің 50 пайызымен шектеледі. Ең төмен резервтік талаптардың қалған бөлігі банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарындағы қалдықтар есебінен орындалады. Талаптар тетігіне енгізілетін толықтыру өтімділікті басқару және ақша құнын реттеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Резервтік міндеттемелердің әр түрі бойынша ең төмен резервтік талаптардың жеке нормативі айқындалды. Мәселен, ұлттық валютамен қысқа мерзімді міндеттемелер 2 пайыз, ұлттық валютамен ұзақ мерзімді міндеттемелер 0 пайыз, шетел валютасымен қысқа мерзімді міндеттемелер 3 пайыз, шетел валютасымен ұзақ мерзімді міндеттемелер 1 пайыз болып белгіленді. Бұл орайда ең төмен резервтік талаптардың жаңа нормативтерін саралау ұлттық валютамен ұзақ мерзімді қорландыруды көздейтінін атап өтуіміз керек. Банктер міндеттемелерінің құрылымын, резервтік активтерді оңтайландыруды және нормативтер белгілеуді нысанаға алған ең төмен резервтік талаптардың қолданыстағы тетігінің өзгеруі ақша-кредит саясатының құралдарын жетілдіруге, банктердің өтімділікті басқару сапасын жақсартуға, банкаралық кредиттеуді дамытуға, ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігін күшейтуге, долларландыру деңгейін төмендетуге бағытталған.
Осы орайда банк секторы активтерінің сапасын бағалау жөнінде айта кеткеніміз жөн болар. Ел экономикасы үшін маңызы зор бұл іске бас банк үстіміздегі тамыз айының алғашқы жұлдызынан бастап кірісіп те кетті. Халықаралық деңгейде қабылданған ағылшын тіліндегі терминологияда Asset Quality Review (AQR) деп аталатын банк секторы активтерінің сапасын бағалау еліміздің банк секторы активтерінің шамамен 87 пайызын құрайтын 14 ірі банкке қатысты болады. AQR банк секторының қаржылық тұрақтылығын кешенді бағалауды жүзеге асыру бойынша әлемдік нарықтағы жалпыға белгілі тәжірибе болып табылады. Бұл – банктердің капиталға қажеттілігін анықтауға, қоржынның сапасына баға беруге, кредиттеу тәжірибесін талдауға мүмкіндік беретін диагностика. Осы бағытта бас банк жүргізіп отырған жұмыс мынадай үш негізгі мақсатты көздейді. Біріншіден, негізгі банктердің қаржылық жағдайы туралы қолжетімді ақпараттың сапасын арттыру есебінен барлық банк жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету. Екіншіден, банктердің қаржылық жағдайын жақсарту үшін түзету шараларын анықтау және қажет болған жағдайда ендіру есебінен қаржылық тұрақтылықты нығайту. Үшіншіден, Қазақстанда жұмыс істейтін банктердің сенімділігін көрсету есебінен инвесторлар мен салымшылар тарапынан сенімді арттыру. Осындай шаралардың арқасында банктердің қолданыстағы бизнес үдерістерін үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жетілдіріп, нақты экономиканы кредиттеуді жандандыру және халыққа көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту көзделіп отыр. Бұдан басқа, әлеуетті инвесторлар үшін қаржы секторының ашықтығын арттыру есебінен жалпы алғанда елдің инвестициялық ахуалы жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт бар. Еуропа Орталық банкінің әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылып жатқан банк секторының жай-күйін зерттеуде сапаның бірыңғай халықаралық стандарттарын сақтауға кепілдік беріледі және халықаралық қоғамдастық тарапынан бағдарлама нәтижелеріне деген сенім қамтамасыз етіледі. Еуропа Орталық банкінің әдіснамасы бойынша Қазақстан заңнамасы мен қаржы институттарының ерекшелігін ескере отырып түзілген AQR-ды үстіміздегі жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр. Бағдарламаның нәтижелері активтердің сапасын бағалауға қатысушы банктерге жеткізіліп, қажет болған жағдайда жұмыс қорытындылары бойынша орта мерзімді келешекте нақты іс-шаралар жоспары жасалып, екінші деңгейдегі банктерге қазіргі бизнес үдерістерді одан әрі жетілдіру бойынша тиісті ұсыныстар беріледі.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру