Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Ағаш егу – сауапты іс

Алматыдағы «Atakent» саябағында «Журналистер аллеясының» салтанатты ашылуы өтті. Аллеяға Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз қолдарымен алма ағаштарын отырғызды.

Жергілікті «Достар клубының» белсенділері қатысушыларға тал егуге қажетті құралдар таратып, ағаштың төлқұжатын тапсырды. Әр ағашқа оны отырғызған журналистің аты-жөні жазылған тақтайша бекітілді. Журналистер аллеясына жалпы саны 70 ағаш егілді.
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің журналисті де бұл шараға қатысып, көгалдандыру бойынша жүргізіліп жатқан шараға қатысты. Жас алма көшеттерін отырғызған қаламгерлер бұл шара елімізде жаппай жүргізілсе құба-құп болатындығын атап өтті. Алматыда студенттердің, жастардың, президенттің аллеясы бар екені белгілі. Енді, міне, журналистердің де өз аллеясы пайда болды.
Егер жақсы күтілсе қаламгерлер-дің еккен үш жылдық көшеттері келесі жылы «Голд Раш» деген алма тұқым бойынша өнім беретіні сөзсіз. Бұл дегеніміз 2020 жылы алғашқы жемісі гүлдейтінін білдірсе керек.
«Қазір «Атакент» демалыс саябағында 9500-дей ағаш бар. Алдағы уақытта ағаштардың санын көбейту жоспарда тұр. «Өз ағашыңды суар» деген ұранмен әр журналистке әлеуметтік желі арқылы эстафета жолдаймыз», – деді «Атакенттегі» «Достар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бауыржан Баякешов.
Қала орталығындағы бұл жерге күн сайын 10 мыңға жуық тұрғын келіп, демалады. Яғни, әр адамға бірге жуық ағаштан келеді. Алайда қарқынды өсіп келе жатқан қала үшін көк желектің көп болғаны жақсы.
50 гектар жерді алып жатқан саябақ қала тұрғындары ғана емес, еліміздің өзге өңірі мен шетелден келген туристердің де қызығушылығын тудыруда. Былтыр ол жерлерді өңдеп, веложол мен демалыс орны салынды. Бұдан кейін көгалдандыру жұмысы қолға алынды. Алдағы уақытта жас ағаштарды тұрақты суарып, көшеттерге күтім жасалмақ.
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің журналисі Нұрлан Құмар аталмыш басылым серіктестігіне қарасты 6 басылым, атап айтқанда «Tenge Monitor», «Үркер», «Уйғур авази», «Мысль», «Ақиқат» және «Ана тілі» газетінің атынан ағаш екті. «Ағаш егу – сауапты іс. Өзім көптеген ағаштарды өсіргенмін. Қазіргі таңда елімізде ағаш егу мәселесін бүкіл өңірімізде жаппай қолға алу керек деп ойлаймын. Егер еліміз жасыл баққа айналса табиғатымыз жақсарып, адам баласының өмір сүруі, денсаулығы жақсаратыны сөзсіз. Жасыл – бұл менің түсім. Сондықтан ағаш егуді мен бала кезден бері қолдап келемін», – деп атап өтті Нұрлан Құмар.
Алманың «Голд раш» түрін «Алтын ғажайыбы» деп атайды. Егер бұл алманың сорты жақсы күтілсе бір талдан 100 келі өнім жинап алуға болады екен.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру