Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Өңірлік даму: Жүйелі көзқарас жадыдан шықпауы керек

Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы индустрияландыру, тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсіптік кешен салаларында іске асырылып жатқан бірқатар кәсіпорындарда болды. Сондай-ақ келесі жылы өтетін Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысын қарады. 

Үкімет басшысы Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған қыш кірпіш өндіретін «ENKI» кәсіпорнында технологиялық өндірістің автоматтан-дырылған процесі мен шығарылатын өнімдер түрлерін назарға алды. Жыл сайын 60 млн данаға жуық қыш кірпіш шығарылатын зауытта өндіріс көлемін 90 млн данаға дейін ұлғайту мәселесіне мән берілді.
Облыс орталығында Асқар Мамин жаңа салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданына барып, оның мысалында тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Биыл шағын ауданда 245 пәтерге арналған 6 көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталды. 2025 жылға қарай ауданы 1 млн шаршы метр болатын 233 көп пәтерлі тұрғын үйді, 2 мектепті, спорт кешенін пайдалануға беру көзделген.


Сонымен қатар Премьер-министр балалар және жасөспірімдерге арналған жаңа «Болашақ сарайының» құрылыс алаңына барды, онда 2020 жылы Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумының басты іс-шараларын өткізу жоспарланған. 1500 адамға лайықталған ғимарат екі: зияткерлік және спорттық даму аймағынан тұрады. Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы бірқатар мейманхана кешенін реконструкциялау барысын да байқады.
Үкімет басшысы өңірде автожолдарды дамытудың қазіргі көрсеткіштері мен жоспарларымен танысты. Қазірде ұзындығы 80 шақырым болатын Щучинск – Зеренді жолын реконструкциялау жобасы аяқталды. Жалпы, өңірде жергілікті маңыздағы 400 шақырымнан астам жолды құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамту көзделген.
Ақмола облысының Бұланды және Бурабай аудандарында А.Маминге ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндалды. Ағымдағы жылы жалпы 10,3 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Макинск құс фабрикасында бірінші кезең іске қосылған, қуаттылығы – жылына 25 мың тонна құс еті. Ал 2020 жылы кәсіпорында екінші кезең пайдалануға берілгенде өндіріс көлемі 50 мың тоннаға дейін ұлғаймақ.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп-өндіретін «Журавлевка-1» серіктестігінде Үкімет басшысына 74 мың гектар жерде егін жинау жұмыстарына дайындық туралы баяндалды.
Ауыл шаруашылығы саласының дамуымен танысу «KazBeef Group» сиыр етін өндіретін ет өңдеу кешеніне бару кезінде жалғасты. А.Мамин кәсіпорынның өндірістік цехында болды, онда биылғы қайта жаңартудан кейін әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келетін ет өнімдерін өңдеудің соңғы технологиялық шешімдері енгізілген. Кәсіпорынның қуаттылығы – күніне 120 бас ірі қара мал немесе жылына 10 мың тонна ет.
Премьер-министр өңір экономикасын дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жүйелі көзқарасты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық құжаттарда алға қойған мақсаттарына уақытылы қол жеткізуге және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалуы үшін барлық күш-жігерді жұмсау керек. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамытуға мықты серпін беріп, бизнес-қауымдастықтардың өзара іс-қимыл аясын сапалы кеңейтуге жол ашатыны атап өтілді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру