Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Экологиялық бастама аясындағы игі шаралар

«ҚазМұнайГаз» компаниялары тобы «Бірге – Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасына үн қосып, ұлттық оператордың еліміздің түкпір-түкпіріндегі еншілес ұйымдарының қызметкерлері қоршаған ортаны тазалау ісіне белсенді атсалысуда. Қазірдің өзінде бұл игі шараға 900-ден астам мұнайшы қатысты.

Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған сенбіліктер тізбегін шілденің 26-сында Павлодар мұнай-химия зауытының 270 қызметкері бастап берді, деп хабарлады ҚМГ баспасөз қызметі. Павлодарлықтар белгіленген аумақта сынған тал бұтақтарынан тазарту, қоқыстарды шығару жұмыстарын жүргізді. Сенбілікке екі Камаз көлігі мен жүк-жолаушы автомобилі жұмылдырылды. Кейіннен қалдықтар қалалық қоқыс тастайтын жерге шығарылды.
Атыраудағы «Ембімұнайгаз» компаниясы да экологиялық науқаннан шет қалмады. Шілденің 27-сі күні атыраулық мұнайшылар Жайық өзені мен қала аумағындағы су тоғандары жағалауларын қоқыс қалдықтарынан тазарту шараларына қатысты. Ал 2-3 тамызда Аққыстау және Талқайраң ауылдарының айналасы тазартылды.
Атырау мұнай өңдеу зауыты да бірнеше сенбілік ұйымдастырды. 27 шілдеде зауыттың 60 жұмысшысы Жайық өзенінің Жаңаталап ауылынан Амангелді ауылына дейінгі аралықтағы жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазалады. Тазалау жұмыстарына 3 көлік техникасы тартылды. Ал 3-ші тамызда аталмыш зауыт бен мердігерлік ұйымдардың 170 қызметкері Жайық өзені жағалауын кәсіпорын іргесінен бастап «Жилгородок» шағын ауданына дейін тазалап шықты. Екі сенбіліктің нәтижесінде 50 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
3 тамызда республикалық науқан жалғасын Қызылорда өңірінде тапты. Қазгермұнай компаниясының қызметкерлері 500 метрге созылған жағалау аумағын қоқыстан тазартты.
«ҚазТрансГаз» АҚ ұжымы өткен сенбіде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен «Бірге – Таза Қазақстан» акциясына білек сыбана қатысты. Осымен үшінші аптаға созылған сенбіліктерге газ саласының 200-дей маманы жұмылдырылды. Елімізді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған іргелі компанияның қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бастаған шара аясында Майбалық көлінің жағалауын тазалады. Нәтижесінде дені пластиктен тұратын бірнеше тонна қоқыс жиналды.
Экологиялық сенбіліктің соңында «ҚазТрансГаз» АҚ компаниясының жастар ісі жөніндегі кеңесінің мүшелері қазақстандықтарды пластикалық бұйымдардан бас тартуға шақырды. Бұл дүниежүзінде қалыптасып келе жатқан тәжірибе. Жастар экологиялық таза материалдарды пайдалануға көшу байтақ еліміздің табиғатын қорғауда маңызды қадам болатынына сенімді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қоршаған ортаны қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселесін қашанда басты назарда ұстайды. Бұл – жұмысшыдан бастап басшыға дейін қатаң орындауды қажет ететін негізгі қағида, басты талап. «ҚазМұнайГаз» компаниясының міндеті – қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау, бұл бағытта нөлдік көрсеткішке қол жеткізу.
Айта кетейік, үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен 20 шілдеде Қоянды су қоймасын тазартумен басталған «Бірге – Таза Қазақстан» атты экологиялық науқан министрлер кабинеті, депутаттар, қоғам белсенділері, жастар, бизнес өкілдері мен қалың жұртшылық тарапынан қолдау тауып, жалпыреспубликалық шараға айналды.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру