Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

Басымдық берілген жүйе

Медициналық сақтандыру тиімді медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігінің кепілі болып табылады. Экономикасы дамыған, еңбек өнімділігі жоғары елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне басымдық берілген. Себебі сақтандырудың аталмыш жүйесі жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығынан туындайтын өндірістік шығындарды қысқартуға, өндіріс көлемі мен кәсіпорынның табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Елімізде медициналық сақтандыру бұрын ерікті санатта жүзеге асырылған болса, 2017 жылдың бірінші шілдесінен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл салаға үлкен өзгерістер әкелумен қатар, сақтандыру нарығының одан әрі дамуына да өзіндік ықпал етеді.


Еліміз бойынша биылғы шілде айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 9,5 млрд теңге-ден астам жарна түсті. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен биылғы жылдың 31 шілдесі аралығында жинақталған жарнаның жалпы сомасы 195,7 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтеріне сәйкес, оның 186,9 миллиард теңгесі, яғни шамамен 95,5 пайызы жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,8 миллиарды, 4,5 пайызға жуығы – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Өңірлер бойынша алғанда жарна төлеуде бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.


Жинақталған қор қаржысы еліміздің бас банкімен жасалған сенімгерлік басқару жөніндегі келісімге сәйкес Ұлттық банкте сақталады. Алдымыздағы жылдан бастап бұл қаражат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Осы ретте сақтандыру медицинасы еңбек нарығына қатысушы әрбір азаматтың тапқан табысына қарамастан медициналық көмектің барлық түрін алуына мүмкіндік береді. Оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту, диагно-стикалық-консультациялық көмек, сондай-ақ медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сырқатты емдеу, күту мен оңалтуға кететін шығындарды Медициналық сақтандыру қоры өз мойнына алады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің жарналары бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіндегі бастапқы буынды кеңейтуге, ауруханаға түсу деректерін азайту мақсатында әркімнің өз денсаулығына жауапты қарауы, аурудың алдын алу шараларына бағытталады. Нәтижесінде тиімді емханалық-амбулаториялық көмек есебінен жұмыскерлердің денсаулығына байланысты жұмыстан қалу уақыты азаяды.


Өкінішке орай, қазір нарықтағы жұмыс берушілердің бәрі бірдей өз жұмысшыларына әлеуметтік пакет, соның ішінде медициналық сақтандыру қызметін ұсына алмайды. Бүгінде оны жоғары білікті мамандарды тартудағы басымдық ретінде пайдаланатын ірі компаниялар саны шектеулі. Дегенмен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің кең көлемді дамуымен аталған әлеуметтік пакет еңбек нарығына қатысушылардың бәріне қолжетімді болмақ. Бұл өз кезегінде кадр мәселесін шешуге де үлкен ықпал етері сөзсіз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру