Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Өнеркәсіпті өрге бастырар жол

Машина жасау – экономиканы өндіріс құралдарымен қамтамасыз ететін, отын-энергетика, көлік-логистика, өңдеу, ауыл шаруашылығы секторларының дамуына ықпал ететін көпқырлы сала. Осынау кешенді өндіріс түрін ортамерзімде дамыту үшін нендей шаралар қолға алынуда?

Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдарында машина жасау экономиканың ең серпінді дамыған салаларының біріне айналды: ондағы өндіріс көлемі 3 есеге жуық ұлғайып, өткен жылы 1 трлн теңгеден асты.

Аталған кезеңде жалпы сомасы 367 млрд теңгеге 128 жоба пайдалануға енгізілсе, биыл 54 млрд теңге сомасына 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректерінше, бүгінде елімізде барлығы 2 600-ден астам машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді, олар 64 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Машина жасауда құрылған бір жұмыс орны аралас салаларда 7-8 жұмыс орнын құруды ынталандырады. Қазірде шамамен 13 млрд АҚШ доллары машина жасау өнімінің импортын құрап отыр, отандық өнім өндірісі көлемінің сомасы 3 млрд АҚШ долларынан асады. Электр жабдығы, мұнай-газ машинасы, автомобиль негізгі импортталатын өнімдер саналады.
Кейінгі жылдары қазақстандық кәсіпорындар өз өндірістерінде заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жоғары технологиялық өнімдерді құру процесіне жылдам қарқынмен қосылуда. Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында өндірістің өсуі байқалуда, бұған өнімді өткізу кезінде ҚҚС төлеуден босату секілді мемлекеттік қолдау шаралары ықпал еткен. Сонымен қатар темір жол машинасын жасау белсенді түрде дамып келеді. Өндірістің өсуі тау-кен машинасын жасау барысында да байқалады, бұл тау-кен машинасын жасау құрылымының 73%-ін алатын бұрғылау және қазбаөткіш машиналарға арналған қосалқы бөлшектер өндірісінің артуымен байланысты.
Кез келген елдің экономикасының көрсеткіші машина жасау саласының дамуымен байланыстырылады. Тұтастай алғанда, бізде машина жасау бағытындағы үдерістер қарқынды даму, импорттың қысқаруы, кәсіпорындар санының артуы сияқты оң өзгерістермен сипатталуда. Десе де, бұл салада отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, елімізде жоғары қоспалы және ыстыққа төзімді қорғасын өндірісінің жоқтығы, жабдықтардың тозуы, білікті мамандардың жетіспеушілігі сынды кәсіпорындардың толық жүктелмеуіне әкеп соғатын жүйелі проблемалар бар. Мәжіліс депутаты, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев Қазақстанда саланы дамыту үшін қажетті әлеует пен базаның, автоөндіріс өніміне ішкі, сыртқы сұраныстың барын атап өтеді. Бұл ретте көрші елдер өздерінің машина жасау саласын белсенді түрде дамытып жатқанда, олардан қалыс қалуға болмайды. Сондай-ақ оның айтуынша, машина жасау – өтелімділігі ұзақмерзімді салалардың бірі. Егер саланы 185 млрд теңгеден кем емес көлемде жыл сайын қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ететін болса, бұл оған қосымша 740 млрд теңгеге дейін жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Осы ретте жүйелік мәселелерді шешу, саланы дамыту бойынша резервтерді анықтау және іске асыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның машина жасаушылар одағымен бірлесіп Машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Құжатты іс жүзіне асыра отырып, өндіріс көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге өсіру, экспорт көлемін 1,2 есеге арттыру болжанған. Ортамерзімді перспективада машина жасау саласын дамытудың стратегиялық көзқарасы болып табылатын құжаттың негізгі мақсаты – отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың экспорттық әлеуетін кеңейту. Жол картасының негізгі тармақтары сәтті іске асырылған жағдайда, бұл 2024 жылдың соңына қарай өндіріс көлемінің 2 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жол картасында отандық кәсіпорындардың шикізатпен қамтамасыз етілуіне, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға, техникалық реттеу шараларын жетілдіруге және экономикалық ынталандыруды енгізуге бағытталған шараларды қамтитын қолдаудың кешенді пакеті қарастырылған. Құжат тек машина жасауды ғана емес, сонымен қатар тұтастай алғанда барлық өңдеуші өнеркәсіпті ынталандыруға бағытталған үш негізгі тетікті қамтиды.
– Аталған құжат үш басымдыққа негізделген. Бұлар: өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылдау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанында Қазақстанның өнеркәсіптік дамуы қорын құру және кәсіпорындар үшін салықтық жеңілдіктерді енгізу. Бұл тұрғыда қолданыстағы өндіріс қуаттарын жаңғырту мен отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыруға екпін қойылады, – дейді Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы.


Өнеркәсіптік саясат туралы заңды қабылдау мемлекеттің бүкіл аумағында орталықтандырылған және теңгерімді өнеркәсіп саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, салаға мемлекеттік қолдау көрсету процесі мен шарттарын жүйелеп, жеңілдетеді. Мұндай заңдар Италия, Ұлыбритания, АҚШ-та бар, олардың барлығы ішкі өндірушіні қорғауға және ынталандыруға бағытталған.
Жоғарыда айтылғандай, жол картасындағы бір тармақ Өнеркәсіпті дамыту қорын құруға түрткі болады. Мұндай қорлар Ресейде, Беларусьте, ЭЫДҰ елдерінде табысты жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
Құжатта белгіленген қолданыстағы қуаттарды жаңғырту, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында оларға салықтық преференциялар беру аясында жаңа технологияларды енгізу, инвестицияларды ұлғайту, өндіріс көлемі мен оқшаулау деңгейі бойынша өзіне міндеттемелер алатын кәсіпорындар үшін Қазақстанда өндірілген машина жасау өнімдерін сату бойынша айналымға ҚҚС-тің нөлдік мөлшерлемесін қолдану болжанған.
Сонымен қатар құжатта құю, соғу, қалыптау сияқты базалық өндірістерді дамытуға маңыз беріліп, еліміздің негізгі өңірлерінде салалар үшін құю өндірісін іске қосу көзделуде. Бүгінде машина жасаушылардың металға деген жыл сайынғы жалпы қажеттілігі 2 млн тоннаны құрайды, оның ішінде құю – 200 мың тонна. Отандық машина жасаушылар Ресей мен Қытайдан металл сатып алуға мәжбүр. М.Пішембаевтың айтуынша, әлемдік тәжірибеде металлургия зауытының құрылысы 100-150 млн АҚШ долларын құрайды, құю зауытының құрылысы 30-35 млн еуроға бағаланады. Егер бізде кем дегенде бір құю зауыты салынса, жартылай соғумен, отандық өндірушілерді құюмен қамтамасыз етуге болады. Нәтижесінде өнімнің өзіндік құнын төмендетуге – бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қол жетпек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру