Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Қоршаған ортаға әсер азаяды

Уақыт пен нарық талаптарына сай болу үшін өндірісті үнемі жаңарту – өнеркәсіп алыптары ұстанатын бірден-бір қағидат. Еуразиялық Топ пен Қазхром компаниясының энергия тұтыну мен үнемдеу, инновациялар мен тиімді технологиялар енгізу, еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясаты Ақсу ферроқорытпа зауытының үлгісінде айшықты көрініс тапқандай.

Ақсу ферроқорытпа зауыты – еліміздің барлық тау-кен металлургия кешенінің үштен бірін құрайтын Eurasian Resources Group құрылымының бір маңызды буыны. Қазақстанда өндірілетін ферроқорытпаның 60%-і осы Павлодар өңірінде орналасқан Ақсу металлургиялық зауытына тиесілі. Қара металлургия алыбы жыл сайын 1 миллион тоннадан астам ферроқорытпа өндіреді. Әрине, әлемде қорытпаның бұдан да ауқымды көлемін бірнеше кәсіпорындарда өндіретін өзге де компаниялар бар, дегенмен, Ақсу зауыты олардан 28 балқыту пешінің бір жерде шоғырлануымен өзгешеленеді. Қуатты өнеркәсіп көшбасшысы әлемде жоғары сұранысқа ие хром, кремний, марганец қорытпаларын балқытады. Ақсуда шыққан қорытпалар АҚШ, Жапония, Корея, Еуропа елдеріне экспортталады. Кәсіпорында әлемдік нарық конъюнктурасының өзгерісіне шұғыл әрекет етудің арқасында серіктестердің талабына сай қорытпаның химиялық құрамын жедел алмастырудың бірегей мүмкіндігі қалыптасқан.
Бүгінгі таңда Еуразиялық Топтың (ERG) инвестициялық саясатының арқасында Ақсу ферроқорытпа зауытының әлемдік нарықтағы көшбасшылығын сақтап қалуға ықпал ететін тиімді өндірісті жаңғырту жұмысы тұрақты іске асырылып келеді. Соңғы жылдары Еуразиялық Топ пен Қазхром компаниясы басшылығымен зауыттың негізгі өндірісі ауқымды жаңғыртудан өтуде. Мұның әсері кәсіпорын өнімділігінің артуынан, өндіріс көлемінің ұлғаюынан нақты аңғарылды. Атап айтқанда, өткен жылы Ақсу ферроқорытпа зауыты өндірісті 2,7%-ке ұлғайтып, 1,12 млн тонна хром, марганец және кремнийлі ферроқорытпа өндірген. Бұл ретте маңыздысы – өндіріс қуатын арттыру ғана емес, кең көлемді жаңғыртудың нәтижесі – зауыттың энергиялық сыйымдылығын, қоршаған ортаға әсерін төмендету болмақ.
Жуырда Ақсу ферроқорытпа зауытының металлургтері жаңадан салынған инновациялық пешті іске қосты. Пешті қалпына келтіруге 70 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салынды. №6 балқыту цехын ауқымды жаңартудың бірінші кезеңін түйіндеген агрегат біртіндеп жұмыс қарқынын үдетіп келеді. Әрі 2024 жылға қарай ол феррохром өндірісінің көлемін 2018 жылмен салыстырғанда 50%-ке арттырмақ. Зауыттың ең ірі балқыту бөлімшесі – № 6 цехты қайта құру – кәсіпорынның негізгі өндірісін кең ауқымды жаңғырту бастамасының бір тармағы. Қалған үш пешке жөндеу жұмыстарын кесте бойынша жүргізіп, 2024 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Осы үш пештің жұмысын қоса алғанда, цех 2018 жылы 269 мың тонна феррохром өндірген. Ал 2024 жылға қарай мұнда жылына 503 мың тонна феррохром өндіру әрі электр энергиясы шығынын 20%-ке төмендету көзделіп отыр. Инновациялық пештің жұмысы толығымен автоматтандырылған. Ол құралдар жиынтығымен жабдықталған барлық жүйелерді мұқият тексеруден кейін іске қосылды. Сөйтіп, 31 шілдеде пештен алғашқы металл алынды.
Қазіргі таңда павлодарлық металлургтер алдыңғы қатарлы балқыту технологияларын жан-жақты меңгере бастаған. Қорытпа зауытындағы заманауи жаңа балқыту пешінің ерекшелігі, металл балқытылғанда бөлінетін газ ауаға таралмайды және қайта өңдеуден өтеді. Пештің герметикалық құрылымының арқасында өндірістен бөлінетін ферроқорытпа газдары сыртқа кетпей, шикізатты қыздыруға жұмсалып, бұдан электр қуаты да едәуір үнемделеді. Экологиялық тұрғыда ұтымды технологияның экономикалық тиімділігі бір бөлек. Электр қуаты шығынының шамамен 20%-ке қысқаруы өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне әкеледі, яғни, феррохром өндірісі 5%-ке арзандайды. Ақсу ферроқорытпа зауыты директорының орынбасары Василий Ващенконың айтуынша, мұндай пештердің жалпы ТМД елдерінде баламасы жоқ.

Газ тазарту жабдығын қайта құру бүгінгі күні «Қазхром «ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының табиғатты қорғау бағдарламасының негізгі бағыты болып табылады, бұл өнеркәсіптік алыптың қоршаған ортаға әсерін азайтады. Қазірде өндірістің экологиялық қауіпсіздігін арттыру үшін Ақсу ферроқорытпа зауытының бірінші және төртінші балқыту цехтарының алты пешінде түтік сүзгілер ауыстырылды. Газ тазалау жүйесінің осы маңызды элементтерін үнемі жаңарту кәсіпорынға өзінің ауа шығарындыларын 99%-ке дейін ұстауға және кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
– Соңғы 18 жылда зауытта ферроқорытпа пештерінің тоғыз жаңа газ тазарту қондырғылары салынды, соның есебінен кәсіпорын атмосфераға шаң шығарындыларын екі еседен астам төмендетті. Біз осы бағытта үнемі қозғалып келеміз – қазір тағы да екі пешке ұқсас құрылыстар салынуда, – дейді кәсіпорынның бас экологы Инна Давыдова.
Қолданыстағы шаң ұстайтын жүйелер тиімділігінің жоғары дәрежесі – 99%, бұл нәтижені Ақсу металлургтері сүзгілерді уақытылы ауыстырудың арқасында қамтамасыз етеді. Жыл сайын сүзгілер 20 мың тоннадан астам шаң ұстайды. Сүзгілерді ауыстыру олар істен шыққанға дейін алдын ала орындалады. Биыл Ақсу ферроқорытпа зауытында алты балқыту пешінде 15 300 түтік сүзгілері ауыстырылды, оның жалпы ауданы 53 800 шаршы метрден асады. Цех мамандарының айтуынша, сүзгілерді ауыстыру пештердің жоспарлы жөндеуі барысында агрегат толық тоқтаған кезде жүргізіледі. Мердігер жеңдерді ауыстырған кезде мамандар қондырғының металл құрылымдарын, тартқыш жабдықтарды, импульсті регенерация мен шаңды түсіру жүйелерін және шаң бункерлерін бірге тексеріп, жөндейді. Содан кейін сүзгілерді тозаңдау жұмысы басталады. Пешті қыздыру барысында газ тазалау қондырғысының жабдығы да біртіндеп қуаттылықты арттырады, сүзгінің түкті бетінің шаңның ұсақ қабатымен біркелкі жабылуына мүмкіндік береді. Осылайша, келесі екі жылға сенімді жұмыс істеу үшін өзіндік қорғаныс қабаты қалыптасады.
Енді зауыттың тағы екі пешінде, сондай-ақ бірден үш пешке қызмет көрсететін алтыншы цехтың аспирациялық шығарындыларының газ тазартқыштарында сүзгілер ауыстырылады. Олардың тиімді жұмыс істеуіне кернеулі пайдалану тәртібі бар сенімді және тексерілген жабдықтар толыққанды жағдай туғызады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру