Валюта бағамы: $ 389.52 429.21 6.07 ¥ 54.94

Құрыш қолды құрылысшылар тартуы

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Жылдың төрт мезгілінде тыным көрмейтін құрыш қолды құрылысшылар санаулы күннен соң өздерінің кәсіби мейрамын қарсы алып, саланы өркендету жөніндегі ойларын ортаға салады, озық тәжірибені бөліседі. Өнеркәсіптік құрылысты қарқынды жүргізумен қатар саланың инженер-техник мамандары тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесін кешенді шешуге, сөйтіп негізгі әлеуметтік түйткілді тарқатуға – халықты қол жетімді баспанамен қамтамасыз етуге қомақты үлес қосуда.
Бұл мақсатқа үкімет әзірлеген «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы қол жеткізу көзделіп отыр, оған сәйкес 2020 жылға қарай 10 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру нысанаға алынған. Ал таяу болашаққа көз жіберсек, 2025 жылға дейін 2 миллион адам үйлі болмақ. Бұқаралық ақпарат құралдарының дерегіне сәйкес, биылғы жартыжылдықта үй құрылысына тартылған инвестиция өткен жылғы алты айдағыдан 15 пайыз өскен. Қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылып, оның 9,6 млрд теңгесі игерілген. Барлық көздерден 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көпбалалы отбасына тұрғын үй берілген. Осы жылдың 6 айы ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары. 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция құйылған. Биылдың соңына дейін 118 мың баспана салу жоспарланған. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 48 925 баспана, яғни 5,7 млн шаршы метр пайдалануға берілген. 2018 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға қосу бойынша 147,4 пайызбен Түркістан, 122,4 пайызбен Қызылорда, 115,6 пайызбен Алматы және 115,2 пайызбен Қостанай облыстары көш бастап тұр. Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 32,8 млрд теңге көзделген. Өңірлерге 14,9 млрд теңге аударылып, соның 14,8 млрд теңгесі игерілген. Биыл кезекте тұрғандар үшін 6 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарастырылған. Осы орайда мемлекет басшысының шешімімен барлық тұрғын үй бағдарламалары біртұтас тұрғын үй саясатына біріктірілетінін атап өткеніміз жөн. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 миллионнан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Бұл бағдарламалар бойынша құрылыс материал-дарының өндірісі экономиканың басымдыққа ие саласы ретінде белгіленген. Аталған салаға басымдық беруге шикізат көздері, кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті, құрылыс өнімдерін жақын шетел нарығында өткізу мүмкіндігі, ішкі сұраныстың өсуі негіз қалайды. Сала үшін жалпы қосылған құн, жұмыспен қамтылғандар саны, еңбек өнімділігі және шикізаттық емес экспорттың құндық көлемі сияқты төрт мақсатты индикатор қарастырылған. Жобалық есептеулерге сәйкес ішкі нарықтың құрылыс материалдарына деген қажеттілігі 80 пайыз шамасында қанағаттандырылады деп болжануда. Материалдардың жекелеген түрлері, атап айтқанда цемент, бетоннан жасалған бұйымдар, әктас, қабыршақ, асбест, арматура, гипскартон, металл құбырлары бойынша ішкі қажеттіліктер қамтамасыз етіле алады. Бағдарламалар аясында шыны табағы мен керамикалық плиткалар шығару, радиаторлар мен арматуралар, сантехника және құбырлар, сонымен қатар басқа да материалдар мен бұйымдар шығару бойынша жаңа өндірістер қолға алынып отыр. Бұл шаралар құрылыс тиімділігін арттырып, тұрғын үй бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда елімізде құрылыс индустриясын дамыту мәселелерін кешенді шешу мақсатында құрылыс алаңдарын коммуникациялық инфрақұрылымдармен, жер телімдерімен қамтамасыз ету қажет болып отыр. Сондай-ақ кез келген саланың жарқын болашағына жол ашатын инновациялық шешімдерді енгізу толғағы жеткен мәселелердің біріне айналды. Бүгінде инновациямен көбінесе құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар айналысуда. Өткен жылдың аяғында инновациялық жаңалықтардың бірі – блокчейн технологиясына бейім осындай салалар анықталып, енгізу кезеңдері белгіленді. Құрылыс индустриясындағы ең ірі ойыншылар – BI Group, «Базис-А» құрылыс компаниялары блокчейн келісім-шарттарды енгізу туралы «AIDA Service IT» компаниясымен меморандумға қол қойды. BI Group құрылыс компаниясын блокчейн технологиясына енгізудің тестілеу жұмыстары басталса, «Базис-А» құрылыс компаниясы бұл жұмысты аяқтады. Блокчейн келісімшарты нәтижесінде тұрғын үй бағасы 20-25 пайызға арзандауы әбден мүмкін. Өйткені құрылыс компаниялары мен сатып алушылар арасын делдалдар тізбегі емес, электронды смарт-карта байланыстырып тұрады. Блокчейн технологиясы бойынша делдал қызметін дистрибьютер де, делдал да емес, смарт-карта атқарады. Оған құрылысқа қажетті тауарлардың электронды тізбесі енгізілген. Құрылыс компаниялары сол смарт-картаға кіріп, тапсырыс береді, тұрғын үй бағасын делдалдар емес, құрылыс компаниялары өз шығындарына қарап белгілейді. Смарт-картада тапсырыс берушілер жайлы мәлімет және құрылысқа қажетті тауарлар тізбегі жазылады. Құрылыс компаниялары өздеріне қажетті тұсқа белгі қойса болды, қалғанын технология шешеді. Қазақстандағы ең ірі компаниялардың IT технологиялардың мүмкіндігіне сенуінің өзі маңызды бетбұрыс. Қазір тек ірі ойыншылар емес, шағын компаниялар да тапсырыс беруге ниетті екендерін білдіріп жатыр, мұның өзі отандық құрылыс индустриясының дамуындағы жаңа бір белесті білдірсе керек.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру