Валюта бағамы: $ 389.52 429.21 6.07 ¥ 54.94

Құрылыс индустриясындағы басты буын

Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деген ұғым бар. Бұл бір кісінің бойында елдің қамын жеген Едігенің, кәсіптің майын ішкен бесаспап маманның, оқу мен білімнің қажымас майталманының бір-бірінен қашық жатқан қасиеттерінің тоғысуы дегенді білдіреді.

Ал, енді осындай теңеуге лайық азаматтардың арамызда саусақпен санарлық екендігін айтсам, таңғала қоймассыз. Менің де осындай «ел мақтаған жігітті» танып-білгеніме көп бола қойған жоқ. Ол – Алматы қаласының экономикасында өзіндік орны бар, құрылыс индустриясында алғаш нарыққа бет бұрған кәсіпкерлік қарлығаштарының бірі «Отырар» жастар тұрғын үй кешенінің бас директоры, техника ғылымының докторы, профессор Жантемір Батырханұлы Хамзин.
Тақырыпқа тамызық ретінде елеусіздеу көрінетін мына бір оқиғаны алдарыңызға тартпақпын. Қазақ баспасөзінің көрнекті өкілдерінің бірі, жуырда ғана арамызды ойсыратып, бақилыққа кеткен Жұмабек Омарұлы Кенжалин бастаған азаматтар бұдан біраз уақыт бұрын «Торғай елі» энциклопедиясын шығаруды қолға алып жатқан болатын. Көктем кезі. Мен ол тұста «Экономика» деп аталатын осы газетіміздің бас редакторының орынбасарымын. Үстімізден қарайтын басшымыз, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы Жүкең бірде кабинетіне шақырып алды. Онда өзінен басқа толықтау келген орта бойлы ақсары жігіт отыр. «Бұл – «Отырар» жастар құрылыс кешенінің бас директоры, құрылысшы әрі ғалым, профессор Жантемір Хазин деген жігіт. Інің болар. Бізде айналымдағы қаражаттың көп емес екендігін білесің. Жәкең жол шығынын көтерем деп отыр. Елге барып, газетті тарату мәселесін шешіп қайтсаң. Әрі ең басты шаруа – «Торғай елі» энциклопедиясына материал жинау мәселесін белгілі журналист Таңатқан Рсаев ағаймен бірге шешіп келсең. Іс-сапарға бұйрығыңды даярлап қойдым, жол шығындарыңды Жантемір бауырымыз көтереді», – деді.


Сонымен, Жүкең тапсырғандай басылымызды насихаттап әрі энциклопедиялық кітапқа материал жинап, іс-сапардан абыроймен оралдық. Энциклопедияның бұрындары кібіртіктеп келген шаруасы қызып жүре берді. Таңатқан ағай «компьютерім шаршаңқырап жүр» деген соң, Жәкең көп ойланбастан жаңасын сатып әперді. Ағайдың елмен сөйлесетін шаруаларына қажет деп, ай сайын телефон шығынын өтеп тұрды. Сөйтіп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей тынымсыз тірліктің арқасында сол кітап үш-төрт жылдан соң, 2013 жылдың көктемінде жарық көрді. Айтпақшы, іс-сапарға барып келгеннен кейін Жүкең тағы да шақырып алып, «Әбеке, өткендегі Жантемір бауырың ердің жасына толып жатыр екен. Өз атымыздан алғыс айтайық, бір қамын жаса» деді. Содан газетімізде Жәкеңнің ұлтжандылық, кәсіпкерлік, ғалымдық қызметіне арналған көлемді мақала жарық көрді. Енді, міне, бір көргенге қарапайым осынау оқиғаға да аттай он жыл толыпты.
Кейін Жантемір Батырханұлы «Қазақ газеттерінің» шаруасына қызу қатысты. Басылымдарымызды насихаттауға, таратуға белсене атсалысты, оларды өз ұжымына және еңбегі сіңген азамттарға, зейнеткерлерге жаздырып, қаражатын төлеп отырды. Газетімізге білікті маман есебінде ойлы мақалалар жазды, елеулі оқиғаларға үн қосып отырды. Осылайша қайраткерлік көрсетіп, қажыр-қайрат танытқаны үшін өзге де белгілі тұлғалармен қатар Жантемір Хамзин басылымыздың Ақылдастар алқасына мүше болып сайланды.
Газетіміздің жанашыры, құрылыс индустриясының майталман білгірі Жәкеңнің бастапқы мамандығы құрылысшы емес екен. Жантемір 1982 жылы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдаған соң Кеңес армиясында офицер болып қызмет атқарады. 1984-1991 жылдары институтта инженер, аспирант болады, лаборатория меңгереді. 1988 жылы кандидаттық, 2006 жылы докторлық диссертациясын табыспен қорғайды. 25 ғылыми еңбек жазып, 15 авторлық куәлік алады, 5 өнертапқыштық патенті өндіріске енгізіледі. Жантемір Хамзин геологиялық барлау кәсіпорындарын алмаз бұрғылармен жабдықтау тұжырымдамасы мен бағдарламасын жасаған жетекші қазақстандық ғалымдардың бірі екенін де жуырда ғана оқып-білдім. Бауырымыз 1988 жылы Кеңестер одағы Білім мемлекеттік комитетінің сыйлығын иеленіпті. Ал, 2006 жылы Мәскеу қаласында М.Ломоносов атындағы медальді кеудесіне қадапты. Оған Қостанай облысы Жанкелдин ауданының құрметті азаматы деген атақты қосыңыз.
Соңғы екі-үш жылда мен Жантемірмен халқымыздың рухани өміріне қатысты ғылыми-көпшілік шараларда тоқайласып, пікірлесіп жүрдім. Олардың бірқатары қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы университет қабырғасында жиырмасыншы ғасырдағы ұлттық ғылымымыз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміздің іргетасын қалаған, өскелең ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан киелі Торғай перзенттеріне арналған, Елбасымыздың Рухани жаңғыру жөніндегі бастамасы ауқымында табыспен өткен халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, симпозиумдар болатын. Санамалап айтсақ, Алаш көсемі әрі идеологы Міржақып Дулатовтың және қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, аудармашы, педагог Нәзипа Құлжанованың 130 жылдық мерейтойлары атап өтілген республикалық семинар мен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, ағайынды Ғафу Қайырбеков пен Марат Барманқұловтың шығармашылығы бойынша өткізілген оқулар, ұлттық баспасөзіміздің алғашқы қарлығаштары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін қайта өмірге әкелген қайраткер-жазушы ағамыз Қоғабай Сәрсекеевке арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция, дініміз бен діліміздің, руханиятымыздың еліміздегі тұңғыш тірекші-жоқшы-лары, жанашырлары, ұстаз-дінбасы Ғазиз қажы Әмірхановтың 90 және ақын, ғалым, Атымтай Жомарт атанған Ерболат Төлегеновтың 70 жылдық мерейтойлары ұлықталған дөңгелек үстел және симпозиум мәжілістері. Елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ғалымдарды тәрбиелеген Ғазиз қажы Әмірхановқа арналған рес-публикалық жиынға еліміздің бұрынғы Су шаруашылығы министрі, техника ғылымының докторы, профессор Нариман Қыпшақбаев, белгілі экономист-ғалым, профессор Таңатқан Досмағамбетов қатысып, сөз сөйледі.
Аса көрнекті ағартушы-педагог, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, аудармашы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың туғаны-на 130 жыл толғанына арналған конференцияға арнайы тоқталғым келіп отыр. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ашқан Торғай орыс-қазақ мектебін және Қостанай қаласындағы қыздар гимназиясын тәмамдаған Нәзипа Құлжанованың ұстаздық ете жүріп, ұлт істеріне де белсене араласқаны, 1914 жылы Семей қаласында ұлы Абай өмірі мен шығармашылығына арналған этнографиялық, әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырғаны белгілі. Қысқа ғұмырын Алаш идеяларын насихаттауға арнап, ұлт әдебиеті мен мәдениетіне жаңа леп қосқан, қазақ ғылыми педагогика ілімінің негізін қалаған ұлт қайраткері Нәзипа Құлжанованың мерейтойына арнап ұлттық университеттің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы мен өзіміздің «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ХХІ ғасыр баспа өнері мен баспасөзі: ғаламдастыру үдерісі және ұлттық ерекшеліктер» тақырыбына өткізген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда негізгі баянадаманы марқұм Жүкең, Жұмабек Кенжалин жасап, Жантемір Батырханұлы кафедра студенттеріне өз атынан екі арнайы стипендия тағайындады.
Өткен жыл ұлт ұясы атанған Торғай халқы үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Ауданның құрылғанына 90 жыл толуына арналған мерекелік шаралар қазақ-жоңғар соғысынан кейін Тобыл-Торғай өңіріне ел қоныстандырған қолбасшы көсем Шақшақ Жәнібек Тарханның 325, ғылымымыз бен әдебиетіміздің, өнеріміздің көрнекті өкілдері Нұрхан Ахметбековтің 115, Асқар Закариннің 110, Қайнекей Жармағамбетовтың 100, Ғафу Қайырбековтің 90, Болат Хамзиннің 80 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келді. Міне, осы шаралардың барлығының басы-қасынан Жантемір Хамзин бауырымыз табылып отырды. Мерейтойға арналып «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген 500 дана «Торғай» энциклопедиясын елге өзінің жүк көлігімен жеткізген осы Жантемір болды. Сол кезеңде облыстық «Қостанай таңы» газеті «мерейтой қарсаңында Жанкелдин ауданында тарихи ескерткіштер бой көтеріп, біртуар тұлғалардың бюстері жаңартылуда. Солардың бірі – Торғай жерінен шыққан тұңғыш гвардия полковнигі, дивизия командирі Мырзағали Жангеловтың құрметіне арнап қойылған ескерткіш қайта жаңарды. Оның қайта қалпына келуіне мұрындық болған Алматы қаласының тұрғыны, бизнес саласында өзіндік орны бар Жантемір Хамзин» деп жазыпты.
Ал белгілі ақын Серік Тұрғынбеков Қостанайда даңқты қолбасшы, мәмілегер Шақшақ Жәнібек Тарханға ескерткіш орнатылғанда «енді, міне, Тархан рухы туған жер кіндігінен бастау алып, байтақ дала төсінде орын тепті, іргелі іске ұйытқы болған батыр ұрпақтарына алғыс айтамын», деп Жантемірдің де есімін атаған еді. Сондай-ақ Жәкең Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде өткен, көрнекті қаламгер Қайнекей Жармағамбетовтің туғанына 90 және 100 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға да белсене қатысып, белгілі ақын, ғалым Нағашыбай Мұқатовтың «Қазыналы Қайнекей» кітабын баспадан шығаруға демеушілік жасады.
Алматыдағы құрылыс индустриясы басшыларының бірі, елжанды азамат, газетіміздің Ақылдастар алқа-сының мүшесі Жантемір Хамзин бауырымызды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, шабысың бәсеңдемесін, табысың ортаймасын дегім келеді.

Амангелді ШОПАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру