Валюта бағамы: $ 389.52 429.21 6.07 ¥ 54.94

Өркениет биігіне бет алған мемлекет

Жақында Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен бір топ журналист қауымы Қытайға барған болатын. «Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» халықаралық жобасы аясында  өткен сапарымыз Аспан асты мемлекетінің батыс бөлігі, яғни Үрімші қаласынан басталды. ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қалалық округ Орта азиялық өңірдегі ірі әкімшілік, мәдени және қаржы орталығы болып саналады.

Қаланың символы және негізгі назар аударарлық орны – Қызыл тау болып табылады. Оның етегінде керемет бақ жайқалып тұр. Халық саны 2 миллионнан асып жығылатын шаһардың халықаралық Дивопу әуежайынан түскен кезден бастап керемет әсер алдық.

Жер көру, бөтен елге саяхат жасау кім-кімнің де көңіл көкжиегін кеңейтері анық. Өзге мемлекетті аралаған кез келген адам өзі туып өскен елін сағынары баршаға аян. Сондай-ақ, өзара салыстыру секілді ғажайып сезімді бастан өткересің. Бұның өзі адамның пайым-парасатын өсіруге, өз елін, ұлтын сүюге жол ашады.

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы‎ның орталығына әр елдің журналистері, атап айтқанда Канада, Италия, АҚШ, Түркия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Сербия, Тайланд, Ауғанстан, Египет, Сауд Арабиясы, Индонезия, Бангладеш, Пәкістан, Малайзия, Жапония, Албания, Австралия, Ирландия мемлекеттерінің БАҚ өкілдері болып, Үрімшінің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты.

Қытайда расында да демократия бар екендігіне көзіміз жетті. Ұйғұр, дүнген, қазақ, қырғыз сияқты аз ұлттардың емін-еркін мешітке барып, күніне 5 уақыт намазды оқи алатындығын, бұдан басқа Ислам оқу орталығының көптеп салынып жатқанын көріп қуандық. Ел үкіметі діни мекеменің құрылысы мен жөндеуіне арнайы қаржы бөліп, имамдарға көмек көрсететін көрінеді. Бұрынырақта Батыс журналистері Қытайда адам бостандығы жоқ деп жиі жазатын еді. Дегенмен Аспан асты еліне барып көрмеген, халық бұл ақпаратқа сеніп қалатыны белгілі. Бұл жолғы сапарымызда Батыс елінен келген көптеген әріптестеріміз бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығына көздері жетті.

Сапарымыз алдымен Шыңжаңдағы Халықаралық көрме орталығынан басталды. Бұл көрмеде террорлық актіде қаза болған бейбіт халықтардың суреттері мен түсірілімі журналистер қауымына көрсетілді. Әр жылдары болған бұндай қоғамдық кеселдің салдарынан көптеген адамдар жарақат алып көз жұмғаны болатын. Қазір Құдайға шүкір, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы‎нда жағдай біраз жақсарды. 33 ай, яғни 3 жылға жуық уақыт ішінде бұл аймақта террорлық шабуыл болмапты. Бұған, ең басты себеп Қытай үкіметінің жүргізіп отырған тиімді саясаты болса керек.

Үрімшіде терроризм мен экстремизмге қарсы көптеген оқу орталықтары бар. Бұл орталықтарда жастар әртүрлі салада білім алуда. Мәселен, әр адамның табиғатына, бейімділігіне қарай техникалық, гуманитарлық, аспазшылық, ауылшаруашылық сынды кәсіптік білімдер тереңінен оқытылуда. Осының өзінен-ақ жастардың қолы бос болмауына, таза еңбекке ұмтылуға, жұмыс істеу қабілеттілігін арттыруға Қытай үкіметі үлкен мән беруде. Бұл салада бітірген жастарға жұмыс міндетті түрде табылады әрі жалақысы да көп болмақ.

Шыңжаңдағы Ислам институты да терророизм мен экстремизмге қарсы көптеген істерді атқаруда. Оқу орнында Исламды жастардың бойына сіңіріп қана қоймай, мұсылман баласы кез келген елде болмасын сол жердің бейбітшілігіне зор мән беру керектігін үйретуде. Шейх Абдужакуп Тумнияз есімді Жоғары оқу орнының ректоры университетте көптеген игі бастамалардың атқарылып жатқандығын кеңінен атап өтті. Шыңжаңдағы Ислам институтын партия Комитеті мен  Шыңжаң Ұйғыр автономиялық округының Халық үкіметі 1982 жылы құрған болатын. Этникалық комиссия (Шыңжаң Ұйғыр автономиялық округының этникалық және діни Бюросы) басқаратын оқу орнының 12 ішкі ұйымы бар. 1987 жылы алғаш рет Университеттің кірпіші қаланды.  Ол 7900 шаршы метрді құрап тұр, ал 2017 жылдың күзінде 50 000 шаршы метрді құрайтын жаңа университет пайдалануға берілді. Құрылыстың инвестициялық жалпы көлемі 279 миллион юаньды (соның ішінде 250 миллионды орталық басшылары, қалғандарын жергілікті жерден) құрады. Қазіргі таңда институт 1100 студенттің білім алуына лайықты оқу орнына айналды. Бұл кешенді мекемеде кітапхана, стадион, гимназия, асхана, студенттік жатақхана және ұстаздар мен қызметкерлерге арналған жатақханасы бар екен. Үрімші, Қашғар, Хотан, Қызылсу-Қырғыз автономиялық округі, Ақсу, Турфан, Чанцзи және Іле-Қазақ автономиялық округі сынды 8 аймақта бөлімшесі жұмыс істеп тұр.

Соңғы аялдамамыз  Такла-Макан шөлінің оңтүстігінде орналасқан Хотан қаласы болды. Бұл атақты шөлдің үстінен ұшақпен басып өтудің өзі үлкен әсерге бөледі. Себебі батысынан шығысқа қарай 1000 шақырым, ал ені 400 шақырымға жуық, яғни 300 мың шаршы километрден астам аумақты алып жатқан алып шөлдің тарихы тереңде жатыр. Жергілікті халық бұл шөлді «Тәклимакан қумлуқи» деп атайды екен. Такла деген арабтың «тастап кету», ал макан ұйғырша «қан» деген ұғымды білдіретінін ескерсек, бұл шөлдің адам тұрғысыз мекен екенін білдірсе керек.

Дегенмен де еңбекқор Қытай мемлекеті Такла-Макан шөлін біртіндеп игеріп, өркендетіп жатқанын байқадық. Бұған дәлел, Ақсу мен Хотандағы кейбір шөлді аймақтарға құнарлы топырақ төгіп, жерді көгалдандыру бойынша көптеген игі істер атқарылып жатқанын көргенімізде қуандық.

Нұрлан ҚҰМАР

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру