Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

Даму өрісі – серпінді жобалар

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша былтыр Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны іске асыру аясында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру және өңделген өнім экспортын дамыту бағытында салаға келетін инвестицияларды жыл сайын арттырып, агроөнеркәсіптік кешенге стратегиялық инвесторлар тарту міндетін жүктеген еді. Осы ретте премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен сейсенбідегі үкімет отырысында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің жетекші саласы – мал шаруашылығын дамыту, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысы мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мә­селе бойынша баяндаған ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл алғашқы жарты­жылдықтың қорытындысында мал шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 962,2 млрд теңгеден 1063,5 млрд теңгеге дейін, яғни 10,5%-ға, мал азығы дақылдарының егіс алаңы 19-ға ұлғайғанын атап өтті. Соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен мал басын көбейтуде оң өсім байқалып отырғаны айтылды.
АӨК дамытудың 2017-2021 жыл­­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы аясында министрлік мал шаруашылығы салаларын дамы­тудың ұзақ мерзімді салалық бағдар­ламаларын қабылдап, жүзеге асыруда.
«100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында стратегиялық инвесторлар мен трансұлттық компанияларды қайта өңдеу секторына тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Асыл тұқымды мал басын әкелуді субсидиялау тетігін енгізу есебінен аналық табынды жаңарту жүзеге асырылады. Өз өндірісіміздің көлемін арттыруды ынталандыру үшін өткізу нарықтарын кеңейту және экспортты ұлғайтуды ынталандыру қажет. Министрлік ауыл шаруашылығы шикізатының экспорты бойынша Қазақстан үшін негізгі елдерге өнімге ветеринарлық-санитарлық талаптарды шешу жөнінде келісу тұрғысында белсенді жұмыс жүргізуде. Қабыл­данған шаралар нәтижесінде ірі қара мал еті экспортының көлемін 37 пайызға дейін, қой етін 32 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Агроөнеркәсіп кешен өнімдері экспортының өсуін қазақстан­дық өнімнің бәсекелестік артықшы­лықтарын пайдалану арқылы арт­тыруға болады. Бұл үшін оның эко­логиялық, сондай-ақ органикалық және халал өнімдерін өндіру, өңдеу мен сертификаттау жүйесін жолға қою қажет. «Органикалық өнім өндіру туралы заң 2015 жылдың қараша айында қабылданды, бірақ әлі күнге дейін осы заңды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жоқ. Министрлік мемлекеттік органдармен органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың жол картасын қайта келісу рәсімін аяқтады», – деді С.Омаров.
Сонымен қатар ол елімізде халал өнімдерін өндіру саласында заңнама жоқ екенін атап өтті. Қазіргі уақытта халал өнімдерін өндіруді дамытудың жол картасын келісу аяқталуда.
Өз кезегінде «ҚазАгро» хол­дин­­гінің басқарма төрағасы Е.Қарашөкеев 2018 жылы АӨК қар­жыландыру көлемі 400 млрд тең­геге дейін жеткенін атап өтті. Бұл мал шаруашылығының және жалпы аграрлық саланың тұрақты өсімін қолдауға мүмкіндік берді. Былтыр холдинг мал шаруашылығын несиелеуге 114 млрд теңге бөлді, бұл берілген займдардың жалпы көлемінің 30% құрайды. Мал шаруашылығы құрылымында ет секторына 96 млрд теңгеге, сүтке 18 млрд теңгеге қаражат берілді. Биыл холдинг мал шаруашылығын дамытуға шамамен 134 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр, бұл ретте қаржыландырудың 60% холдингтің еншілес компанияларының меншікті және тартылған қаражаттарынан қамтамасыз етіледі.
Мәселені талқылау барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев, Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов, Солтүстік Қа­зақстан облысы әкімінің орынбасары М.Тасмағанбетов, «Empire Food» компаниясының бас директоры А.Джавидан, «Макинск құс фабрикасы» компаниясының вице-президенті Р.Тоқсейітова өз ойларын ортаға салды.
Бүгінде елдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің жартысынан астамын мал шаруашылығы құрап отыр. Үкімет басшысы Асқар Мамин отырыстың алғашқы бөлігінде қаралған осынау әлеуметтік-экономикалық маңызы ауқымды саланы уақыт талабына сай дамытуда ерекше көңіл бөлуді қажет ететін мәселелер бар екенін атап өтті. «Биыл 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенге стратегиялық инвесторларды тарту туралы міндет қойды. Қазіргі таңда мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі төмен деңгейде қалып отыр, бұл көрсеткіш 35 пайыздан аспайды. Ал Ресейде – 40 пайыз, Беларусьте – 50 пайыз, Еуропалық одақ елдерінде 80 пайыздан астам. Отандық өңдеуші кәсіпорындардың толық жұмыс қуатына шықпауына, жабдықтардың тозуына, шикізаттың жетіспеуіне байланысты бұл кәсіпорындар қосымша өсімді қамтамасыз ете алмай отыр», – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы қазіргі таңда жалпы құны 200 млн доллардан астам 7 инвестициялық жоба бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қаржы құюға дайын стратегиялық инвесторлардың жұмысы пысық­талып жатқанын атап өтті. Ортақ міндет – салаға келетін инвестицияларды жыл сайын кемінде 30 пайызға арттыру. Сондықтан әлеуетті инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, оларға қолайлы жағдайлар жасау қажет.
Сонымен қатар Асқар Мамин халал өнімдері экспортын дамы­ту міндеті алда тұрғанын айтты. Отандық халал өнімдерінің мұ­сылман нарығында жоғары бәсе­кеге қабілеттілігі осы өнімдердің халықаралық талаптарға сәйкестігін бақылау жүйесін дамытуды қажет етеді. Премьер-министр осы ретте ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 15 тамызға дейін халал өнімдерін өндіруді дамытудың жол картасын үкімет қарауына ұсынуды тапсырды.
Күн тәртібіндегі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, «Бәйтерек» холдингінің төрағасы А.Әріпханов, Маңғыстау облысының әкімі С.Тұрымов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхаметов, Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Бескемпіров, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысы жөнінде әкім А.Көлгінов баяндады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру