Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Тәуелсіз рейтинг «тұрақты» деп болжанған

Ал, ЕДБ-тер активтері 25 трлн теңгеге жеткен

Халықаралық Fitch Ratings агенттігі таяудағы сараптамасында Қазақстанның тәуелсіз рейтингін «BBB»/«Тұрақты» болжамы деңгейінде белгіледі. Талдаушылар елдің күшті мемлекеттік және сыртқы теңгерімін атап көрсетеді. Алайда, олар экономиканың шикізат секторына тәуелділігін, банктік сектордың әлсіздігін, басқару сапасының нашарлығы мен инфляция жоғарылығына да тоқталыпты.

Агенттік Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өз алдындағы басшының жүр­гізген экономикалық саясатының негізгі басымдықтарын сақтап қалуға ниетті екенін атап айтады. Бұл басымдықтарға жүйелік реформалар және әлеуметтік шығындар да кірді.
Тоқаев, сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік және инвестициялық шығыстарды одан әрі арттыру есебінен өзінің танымалдығын нығайтуға ұмтылады. Сайлаудан кейін ол премьер-министрге жаңа ұсыныстар енгізіп, жұмыспен қамтуды арттыру бойынша тапсырма берді.
«Сондай-ақ Қ-Ж. Тоқаев қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар­дың қарыздары ауыртпалығын же­ңілдету туралы жариялады. Аталмыш ұсыныс 3 млн азаматты немесе елдің халқының 16%-ын қамтиды. Тиісті шығындар 105 млрд теңгеге жуық қаржыны құрайды. Тоқаев мемлекеттің қазақстандық жеке банктерді құтқару үшін енді қайтып қаржылай көмек көрсетпейтінін атап айтты» – делінген Fitch Ratings зерттеулерінде.
Жаңа президент, деп есептейді талдаушылар, іскер хал-ахуал мен институционалдық ортаны жақсарту бойынша іс-қимылдарын жалғастыра береді. Әйтсе де, мұнайлық емес салалардағы өнімділіктің және жұмыс күшінің төмен өрбуі кедергі болуы себепті экономикалық әртараптандыру баяу дамиды, деп көрсетеді агенттік талдауы.
Енді екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) қазіргі жай-күйіін саралап көр­сек.
Жалпы алғанда, банктік жүйенің активтері маусымда бір айда 369,6 млрд теңгеге (+1,5%) немесе бірден жылына – 1,4 трлн теңгеге өсіпті, сөйтіп, қазір 25 триллион теңгені құрап отыр. ҚР ЕДБ-лер активтерінің үштен бірінен астамы Халық Банкінде шоғырланған: 8,6 трлн тг, бір айда плюс 156,9 млрд тг және жылына бірден – +3,8 трлн тг.
Бір қызығы, екінші орынға еліміздің тағы бір аса ірі банкі – ForteBank шығыпты. Бір айда ғана осы қаржы институты активтерінің сомасы бірден 127,9 млрд тг-ге, бір жылда – 475,8 млрд тг-ге, 1,9 трлн теңгеге дейін өскен. Активтерінің сомасы бойынша үшінші орынға Kaspi Bank ығысыпты. Бір айда бұл банк 27,7 млрд тг, жылына – 456,5 млрд тг, 1,9 млрд тг-ге дейін қорына қосыпты.
ForteBank өз тұғырын сенімді түрде нығайта түсуде. Активтерінің өсуінен басқа, банк жазды рейтингтерін жақсартумен бастапты. Мәселен, 2019 жылдың 6 маусымында халықара­лық S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі ForteBank-тің рейтингтерін «В»-ден «B+»-ке дейін, болжамы – «Тұрақты» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдағанын жариялады. S&P сарапшылары былай деп хабарлайды: ForteBank-тің рейтингтері артуы банктің соңғы үш жылда өзінің бәсекелестік тұғырын айтарлықтай нығайтқан және активтерінің көлемі бойынша, 8%-дық нарықтық үлесімен, Қазақстандағы аса ірі банктердің үштігіне кіреді (1-таблица).


Бұған қоса, 2019 жылдың 15 шілдесінде Moody’s Investors Service (Moody’s) халықаралық рейтингтік агенттігі де ForteBank-тің рейтингтерін көтерді. Мәселен, ForteBank-тің депозиттер бойынша ұзақ мерзімді рейтингі бірден екі сатыға, В3-тен В1-ге дейін, болжамы – «Тұрақты» деңгейге өскен. Рейтингтің жо­ғарылауы соңғы екі жылда банк табыстылығының және қаржы­лық тұрақтылығының жақсарғанын айғақтайды; табыстылықтың артуы банктік бизнестің өсуі, шығындардың шегерілуі, тарихи проблемалық қарыздардың қайтарылуы және комиссиялық алымдардың артуы арқылы тиімділікті жақсартуға негізделген, деп атап көрсетеді Moody’s-дің талдаушылары.
Жалпы алғанда, ағымдағы кезеңге банк активтері бойынша аса ірі үштіктің рейтингтері төмендегідей күйде екен.
Халық Банк: Standard&Poor’s-дің эмитентке ұсынған ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі – «BB», болжамы «Тұрақты»; Moody’s-дің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингі – «Ba1», болжамы «Тұрақты»; Fitch Ratings-дің эмитенттің дефолтына ұзақ мерзімді рейтингі «BB», болжамы «Позитивті».
ForteBank: Standard&Poor’s-дің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі – «B+», болжамы «Тұрақты»; Moody’s-дің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингі – «B1», болжамы «Тұрақты»; Fitch Ratings-дің эмитенттің дефолтына ұзақ мерзімді рейтингі – «B», болжамы «Тұрақты».
Kaspi Bank: Standard&Poor’s-дің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі – «BB–», болжамы «Тұрақты»; Moody’s-дің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингі – «Ba3» болжамы «Тұрақты» (2-таблица).


Айта кету керек, банктік жүйенің активтері өсуі жағдайында ҚР ЕДБ-дің қарыз қоржыны, керісінше, теріс сипат танытуда: минус 1%, 13,3 трлн теңгеге дейін. ҚР ЕДБ-тер активтеріндегі қарыз қоржынының үлесі, бір жыл бұрынғы 57%-ға қарағанда, барлығы 53,2%-ды құраған.
Сөйте тұра, активтер бойынша үздік үштіктегілер – плюсте. Мәселен, Халық Банк, Казкоммерцбанкті жұтуы нәтижесінде, қарыз қоржынын бір жылда 48%-ға, 4 трлн теңгеге дейін ұлғайтты.
ForteBank бір жылда 6,2%-ға, 654,4 млрд тг-ге дейін ұлғайтыпты. Kaspi Bank кредиттер қоржынын 18,5%-ға, 1,2 трлн тг-ге дейін арттырған (3-таблица).

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру