Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Көлік-логистика кешенінің келешегі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ел экономикасына қомақты үлес қосып келе жатқан көлік-логистика кешенінің қызметкерлері тамылжыған тамыздың алғашқы жексенбісінде өздерінің кәсіби мерекесін думандата атап өтіп, атқарылған ауқымды істері жөнінде есеп береді. Аумақтық ұйымдастырудың жаңа жүйесі қалыптасып келе жатқан қазіргі жағдайда көлік қызметінің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, шалғай­дағы елді мекендер мен халқы сирек өңірлерде инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ауылды қажетті көлік қатынасымен қамтамасыз ету бүгінгі күннің көкейтесті түйіндерінің бірі болып табылады.
Теміржол, автомобиль, өзен және әуе көлігі түр­лерінен, сондай-ақ автомобиль, теміржол және кеме қатынасынан тұратын республиканың көлік кешенінің шаруашылықаралық және мемлекетаралық байланыстарды жүзеге асырудағы рөлі аса маңызды. Жаһандану жағдайында ел шаруашылығын әлемдік жүйеге ықпалдастыру арқылы ғана өсудің орнықты қарқынын қамтамасыз ету мүмкін болады. Осы орайда қаржы-қаражат пен ұйымдастырушылық күш-жігерді бір арнаға тоғыстыру үшін көлік жүйесін дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оған сәйкес отандық көліктік-логистикалық жүйеге заманауи технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Көлік және жолаушылар ағынын басқаруды жақ­сартатын, тасымалдау қауіпсіздігін арттыратын және қозғалыс жылдамдығын арттыратын жүйелер енгізілуде. Мәселен, «Зияткерлік транпорт жүйесі» жобасы аясында көлік құралдарын, инфрақұрылымды, пайдаланушылар мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ықпалдастыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Автожол саласында ақауларды жою жолымен жолдардың өмірлік циклін оңтайландыру үшін жол активтерін басқару жүйесі енгізілуде. Авиация саласында e-freight жүк авиатасымалдары бойынша қағазсыз құжат айналымы және авиажолаушылар туралы деректерді жинау және өңдеу жүзеге асырылуда. Статистика деректеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда транпорт саласын дамытуға шамамен 30 млрд. АҚШ доллары жұмсалып, 2 мың км астам темір жол төселген, 19,5 мың км автомобиль жолдары қайта жаңартылған, Каспийдегі порттық қуаттар 26 млн.тоннаға дейін ұлғайтылған, 15 әуежайда қайта жаңарту жүргізілген.
Бүгінде ел аумағы бойынша 11 халықаралық көлік дәліздері, оның ішінде 5 темір жол және 6 автомобиль жолдары өтеді. Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне тиімді транзиттік трансконтиненттік дәліздер мен бағыттар желісі қалыптасты. Халықаралық көлік дәліздерін әртараптандыру көлік-логистикалық жүйені дамытуда маңызды рөл атқаруда. Осының арқасында транзитпен жүктерді өткізу және тауарларды жеткізу мерзімі 13-15 күнді құрап отыр, бұл теңіз көлігіне қарағанда 2 есе жылдам. Бүгінгі таңда темір жол магистралінің оңтайлы қаңқасы қалыптасты, бұл транзиттік жүктерді қысқа мерзімде тасымалдауға мүмкіндік береді. Елімізде Қытайдың жүк ағынын шоғырландырудың негізгі нүктелерінен 19 халықаралық бағытта Қытай-Еуропа-Қытай тұрақты контейнерлік теміржол желілері ашылып, көліктік-логистикалық сервис енгізілді, бұл бағыттағы контейнерлік транзиттік тасымалдар көлемі 201 мың контейнерге дейін немесе 100 есеге өсті. 2020 жылға қарай осы бағыт бойынша көлемді 800 мың контейнерге дейін, ал тұтастай алғанда, басқа бағыттарды қоса алғанда 2 млн. контейнерге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы желі арқылы «Өзен-Болашақ» темір жол желісі арқылы шығыстан батысқа және одан әрі Парсы шығанағы елдеріне тікелей теміржолмен шығу қамтамасыз етілді, ал тасымалдау уақыты 1,5-2 тәулікке қысқарды.
Соңғы уақытта тындырылған толымды істердің бірқатары келешегі мол Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты. Жобаға қатысушылар бәсекеге қабілетті өтпелі тарифтерді өара келісіп, көлік компаниялары арасындағы өзара іс-қимыл технологиясын бекітті, «Nomad Express» контейнерлік сервисін іске қосты. Мұның өзі Әзірбайжан, Түркия және Грузия арасындағы шекарада Карс-Ахалкалаки темір жол учаскесінің құрылысын аяқтауға қосымша серпін берді. Порттық қуаттарды ұлғайту мақсатында Ақтау портында жаңа құрғақ жүк терминалының құрылысы аяқталды, бұл порттың өткізу қабілетін 19,5 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ транзиттік жүктерді тиеп-жөнелтуді қамтамасыз ету және транскаспийлік мультимодальдық тасымалдарды дамыту мақсатында Құрық портында паром кешенін күзету жөніндегі жоба іске асырылды. Жүк автокөлігіне қызмет көрсету үшін өткен жылдың тамыз айында паром терминалы іске қосылды.
Бүгінде халық арасында жолаушыларды авиа­циялық көлікпен тасымалдау бойынша қызмет көрсету кеңінен танымал. Елімізде азаматтық авиация саласы қарышты дамып отыр. Жыл сайын 10 пайызға өсу қамтамасыз етілді, атап айтқанда авиажолаушылар саны 23 пайызға, транзиттік авиажолаушылар саны 30 пайызға артты. Бұған ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу шеңберінде шетелдік тасымалдаушыларға арналған «Open Sky Astana» жобасы және Астана мен Алматы арқылы транзиттік визасыз тәртіп сияқты бастамалар ықпал етті. Болашақта визасыз тәртіптің табысты тәжірибесін Үндістан мен Иран азаматтарына қатысты пайдалану ойда бар. Осы орайда 2020 жылы 1,6 млн. дейін транзиттік авиажолаушылар тасу немесе жолаушылар ағынын 2,5 есе арттыру жоспарланып отырғанын айта кетуіміз керек.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру