Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Қазақстан – өңірдің қаржы хабы

Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономикасы бар тұрақты және гүлденген мемлекет. Тәуелсіздік алғаннан бері республиканың жалпы ішкі өнімі айтарлықтай өсті. Соңғы 20 жылда осы көрсеткіштің орташа жылдық өсу қарқыны шамамен 6% құрады, бұл экспорттық көрсеткіштердің артуына және халықтың нақты табысының өсуіне орай ішкі тұтынушылық сұраныстың өсуіне байланысты.

2018 жылы Қазақстанның ЖІӨ 170,5 млрд. АҚШ долларына жетті, еліміз жан басына шаққанда 9,3 мың АҚШ долларды құрайтын ЖІӨ-нің көрсеткіші бойынша өңірдің көшбасшысы болып отыр.
Шикізат экспорты есебінен қарқынды экономикалық өсу кезеңінде жинақталған қаржы ресурстарының арқасында 2008-2009 және 2015-2016 жылдарда орын алған сыртқы факторлардың әсері кезінде тұрақтылықты сақ­тап қалды. Бес жылдық мерзімде әлемдік экономиканың баяу өсуінің аясында экономиканың 4,5%-ға дейін бірқалыпты өсуі, шикізат тауарларына сұраныстың біртіндеп артуы және қалыпты бағаның сақталуы болжанып отыр. Жылдың қорытынды­сы бойынша инфляция деңгейі белгіленген нысаналы дәліз ше­гіндегі 5,3%-ға дейін төмендеді. Болашақта инфляция деңгейінің 3-4%-ға, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейінің 4,8%-ға дейін бір­те-бірте төмендеуі күтілуде. 2021 жылы мемлекеттік бюджеттің тапшылығын ЖІӨ-ге шаққанда 1,3%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Елдің халықаралық резервтері 2018 жылдың қорытындысы бойынша 88,9 млрд. АҚШ долларын, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері 58 млрд. теңгені, ал Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Банкінің алтын-валюта активтерінің мөлшері 30,9 млрд. АҚШ долларын құрады.
Жан басына шаққандағы және ЖІӨ-ге қатысты тікелей шетел инвестицияларын тарту рейтингінде Қазақстан биыл Орталық Азия өңірінде бірінші орынды иеленді. Дамушы елдер мен өтпелі экономикасы бар елдерге инвестициялар көлемінің азаюына алып келген халықаралық инвестиция­лық климаттың тұрақсыздығына қара­­мастан республика шетелдік инвесторлар үшін өзінің тар­тым­­дылығын сақтап қалды. 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша елімізге тікелей шетелдік инвес­тициялардың жалпы көлемі 24,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Тұтастай алғанда тәуелсіздік жылдарында еліміз 320 млрд. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартты. Бұл көрсеткішке елдегі қолайлы іскерлік ахуалдың арқасында қол жеткізілді – қазіргі уақытта Қазақстан кедендік баж салығынан босату, импортқа ҚҚС, мемлекеттік заттай гранттар, салықтық преференциялар, инвестициялық субсидия­лар сияқты инвестициялық жеңілдіктер ұсынады, осының нәтижесінде елге тікелей шетел­дік инвестициялардың үлкен көлемінің тұрақты ағыны жүзеге асты.

2019 жылы Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізудің жеңілдігі» рейтингі бойынша Қазақстан алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 8 орынға көтеріліп, әлемнің 190 елінің ішінен 28-ші орынға ие болды.
Қазақстан рейтингте Орталық Азия елдері мен Ресейден озып келеді, миноритарлық инвесторларды қорғау көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орында тұр және келісім-шарттардың сақталуын қамтамасыз ету және бизнесті ашу жеңілдігі сияқты көрсеткіштер бойынша реформаларды ойдағыдай жүзеге асыруда. Салықтарды төлеу үшін қолайлы режім санатында еліміз 56-шы орында тұр.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Үкіметі құрылымдық реформаларды іске асыруды жалғастыруда. 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары шеңберінде адами капиталды дамыту, технологиялық жаңару және цифрландыру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, заңның ұлықтығын нығайту және өңірлерді дамыту негізгі бағыттар болып белгіленді.


2018 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан Еуразия өңіріндегі елдер арасында екінші орынға ие болып, 140 елдің ішінен 59 орынға тұрақтады.
Қазақстан акционерлердің құқықтары, банкроттық мәсе­лелері бойынша нормативтік база және т.б. көрсеткіштер бойынша әлемде бірінші орынды иеленіп, 12 фактордың ішінде 5-еуі бойынша өз көрсеткішін жақсартты.
Жаңа Жібек жолының құрлық арқылы өтетін бағда­рының негізгі элементі болып саналатын Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы сауда және саяси қатынастарды нығайтуға бағытталған «Белдеу мен Жол» бастамасының артықшылықтарын толығымен пайдалана алады.
Өңірлік сипаттағы және қамтылған инфрақұрылымы бойынша тарихтағы ең ірі жоба болып саналатын бастама жаһандық сауданы өзгертуі мүмкін, ал АХҚО жобаны іске асыруда маңызды элемент болмақ. Нәтижесінде Қазақстан халықаралық сауда жүйесіне ықпалдасудан түсетін кірістерді иеленіп қана қоймайды, сонымен бірге ілеспелі қызметтер мен туынды инфрақұрылымды дамытуға оң әсер ете отырып, ішкі көліктік байланыстарды дамыта алады.
Теңдестірілген және тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу мақсатында Қазақстан экономиканы әртараптандыру және жеке секторды дамыту бойынша шараларды іске асыруға кірісті.
Осыған орай, жасыл экономиканы дамыту шеңберінде шығарындылар квотасымен сауда-саттық жасаудың озық жүйесі енгізілуде және парниктік газдар шығарындыларының квоталарымен сауда-саттық жасау ғана емес, сондай-ақ шығарындылар туралы деректерді бақылау мүмкіндігі болатын онлайн-платформа іске қосылуда.


«Самұрық-Қазына» ұлттық қорының компанияларын жеке­шелендірудің Кешенді жос­парының шеңберінде өткізіліп жатқан жекешелендірудің жаңа толқыны шетелдік инвесторлар үшін пайдалы мүмкіндіктер ұсынуда. Жекешелендіру бағ­дарламасы Қор активтері құ­рылымын оңтайландыруды, корпоративті басқаруды жақ­сартуды, ашықтықты қамта­масыз етуді, технологиялар мен білім беруді, шағын және орта кәсіпорындарды дамытуды көздейді. АХҚО Биржасы 2018 жылғы ең күтілген іс-шара – «Қазатомөнеркәсіп» әлемдегі ең ірі уран компаниясының акцияларын жария орналастыруға арналған платформа болды. Алдағы уақыттарда АХҚО Биржасы Қордың телекоммуникация, әуе тасымалы, теміржол тасымалы, мұнай, энергетикалық, тау-кен өндіру салаларындағы акциялары жария орналастырылады деп күтілген компанияларға арналған платформа болмақ.
Қазіргі заманғы жаһандық әлемде тәуелсіз мемлекеттер бір-біріне тәуелді болып бара жатыр. Гүлденген, экономикалық тұрғыда дамыған өңірді құру Қазақстан мен барлық көршілес елдер үшін басымдық болып табылады. Мемлекеттің орнықтылығы, қолайлы іскерлік ахуал, инвестициялардың барлық деңгейдегі құқықтық кепілі еліміздің өңірдің қаржы хабы ретінде дамуының негізгі факторлары болуы тиіс.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру