Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 шілдедегі кеңейтілген үкімет отырысында халықтың әл-ауқатын және жалпы экономиканы жақсартуға бағытталған маңызды міндеттерді алға қойып, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы ретте премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен сейсенбідегі үкімет отырысында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер мен тапсырмаларды орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары қаралып, бекітілді.

Отырыстың күн тәртібінде қа­ралған мәселе бойынша үкі­мет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов, премьер-министрдің орынбасарлары Ж.Қасымбек пен Г.Әбдіқалықова, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев өздері жетекшілік ететін салалардағы жұмыс туралы баяндады.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар жоспары әзірленді. Жыл соңына дейін Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленетін болады. Онда мемлекеттік аппаратты онтайландыру, кадрлық жоспарлау және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері көрініс табады.
Бюджеттік жоспарлау мен мем­лекеттік қаржыны пайдалану тиімділігін арттырудың жүйелі мәселелерін шешу үшін Парламент пен Есеп комитетінің ұсынымдары бойынша тиісті Жол картасы бекі­тілді.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру шаралары туралы баяндай келіп, Ә.Смайылов биыл стратегиялық жоспарлардың рөлін арттыру бөлігінде нормативтік негіз дайындау көзделіп отырғанын атап өтті. Оларды қарау кезінде, бюджеттік бағдарламалардың әкім­шілері саланы және тұтас алғанда елдің одан әрі дамуына әсер ететін нысаналы индикаторларға қол жеткізу тұрғысынан қаражат бөлудің қажеттілігін дәлелдейтін болады.
Ұлттық экономика министр­лігі жанынан мемлекеттік бағдар­ламаларды қаржыландырудың не­гізділігін қарау жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылатын болады. Жаңа мемлекеттік бағдарламаларды бекіту кезінде бөлінетін лимиттер аясында тиімді шараларға ғана қолдау ұсынылады. «Бюджет қаражатының тиімділігін арттыру мақсатында бюджеттік өтінімдерді қарау кезінде ең алдымен әлеуметтік-экономикалық әсері ескеріледі», – деді Ә.Смайылов.
Мемлекеттік сатып алу жүйесі жетілдіріледі. Бұл өнім берушілер­дің біліктілігін арттыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сон­дай-ақ рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру моделін, интернет-дүкендер арқылы сатып алу тәсіл­дерін енгізу және негіздемелік келі­сімдерді қолдану пысықталуда.
Бюджет үдерісінің ашықтығын арттыруға септігін тигізу, сондай-ақ әрбір тұрғынға жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысу­ға мүмкіндік беру үшін 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласының «Сары­арқа» ауданының әкімдігі «қатысу бюджеті» қанатқақты жобасын енгізген болатын. Азаматтар сомасы 500 млн теңге көлеміндегі бюджетті бөледі. Бұл қағидатты Алматы қаласында да енгізу жос­парланып отыр. Жүргізілген жұ­мыстың қорытындысы бойынша жергілікті деңгейде «халықтық қатысу бюджеттерін» енгізу бойынша ұсыныстар жасалатын болады. «Жалпы, жоғарыда көрсетілген шаралар бюджеттік жоспарлау­дың сапасын жақсартуға, қаражат­тың жұмсалуын бақылауды күшейтуге және мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.
Есеп комитетімен бірлесіп мем­лекеттік және квазимемлекеттік секторларда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны және жоспарлағаны үшін жауапкер­шілікті күшейту бойынша шаралар қабылданатын болады. Сонымен қатар министр экспортты дамыту саласындағы тұжырымдамалық тәсілді жаңғырту мақсатында әлемдік нарықтағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, Қазақстанның экспорттық стратегиясы қайта қаралатынын айтты. Экспортты ұлғайту және қазақстандық тауарларға арналған нарықтарды кеңейту мақсатында жаңа Сауда және интеграция министрлігінің жұмысы шаралар кешенін әзірлеуге және оны іске асыруға бағытталатын болады. «Жалпы, жоғарыда аталған шаралар бюджеттік жоспарлау сапасын жақсартуға, қаражаттарды бөлуге бақылауды күшейтуге және мемлекеттік қаражаттың теңгерімін, елдің әлеуметтік-экономикалық да­муының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ә.Смайылов.
Жиынды қорытындылаған премьер-министр Асқар Мамин өз сөзінде үкіметтің қазіргі және алдағы басты міндеті – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңа инвес­тициялар тарту екенін атап өтті. Барлық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен әкімдіктер инвестициялар тарту бойынша жұмысты белсенді түрде жүргізулері тиіс. Осы жұмысты бақылау үшін әрбір мемлекеттік органға, холдингке және әкімдік­ке өзекті тиім­ділік көрсеткіштері белгіленеді. Жаңа тиімді жұмыс орын­дарын құрып, экономиканың басым­дықты секторларында өндірісті әр­тараптандырудың, озық технологияларды енгізіп, экспортты кеңейтудің қажеттігі атап өтілді.
Білім беру саласында білім мен ғылымды толық қаржыландыруды қамтамасыз етудің іс-қимыл жоспары әзірленеді, мектепте және кәсіптік-техникалық білім беруді одан әрі реформалау жұмысы жалғасады. «Әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бірқатар нақты шаралар қолға алынады. Соның ішінде, мұқтаж адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетудің нақты және ашық рәсімдері белгіленеді, әлеуметтік қолдаудың кепілді көлемін көрсетудің бірыңғай тәсілдері жасалады», – деді үкімет басшысы.
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Премьер-министр атап өткендей, Үкіметтің жобалық офисі Мемлекет басшысының тапсырмалары мен сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысына бақылау жүргізудің негізгі құралына айналады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру