Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

НАРЫҚ АЙҚЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІК ТӘУЕКЕЛДЕР

Мемлекеттің монетарлық саясатын жүргізуші негізгі құрылым ретінде еліміздің бас банкінің қызметі ақша айналымының тұрақтылығын қамтамсыз ету және нақты экономиканы дамытуда қаржы секторының рөлін күшейту міндеттерін жүзеге асыруға бағытталады. Биыл наурызда Ұлттық банк Үкіметпен макроэкономикалық саясаттың 2019 жылға арналған шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсуі және шетелдік инвестицияларды тарту мүмкіндіктері макроэкономикалық тұрақтылық жағдайында еселене түспек.

Осы ретте Ұлттық банк Мемлекет басшысының қаржы реттеушісіне жүктеген міндеттері мен тапсырмаларын іске асыру бағытында бірқатар шаралар қабылдады. Экономиканы қолжетімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында екінші деңгейдегі банктерді ұзақмерзімді қорландыру тетігі жетілдірілетін болады. Қазіргі таңда экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында банктерге 600 миллиард теңге сомаға ұзақ мерзімді қорландыру қаржысы ұсынылып отыр. Ұлттық банк басшысы қазіргі уақытта банктерде жалпы құны 146,2 млрд теңге болатын 187 жоба бойынша өтінім қаралып жатқанын, ал 34 млрд теңге сомаға 77 жоба мақұлданғанын атап өтті. «Бағдарлама бойынша бөлінетін 600 млрд теңге Ұлттық банктің ноттарын немесе басқа қаржы құралдарын сатып алу мүмкіндігісіз бекітілген бағыттар бойынша кредиттер беруге ғана пайдаланылады. Банктердің облигацияларын сатып алу әлеуетті жобалардың тізімі болған кезде ғана жүзеге асырылады, ал банктердің облигацияларын сатып алуға жаңа транштар бұрын берілген қаражат толық игерілгеннен кейін ғана бөлінеді», – деді Е.Досаев.
Ол экономиканың нақты сек­торындағы бірқатар кәсіпорын­дардың шектен тыс кредиттелуі және төлем жасау қабілетсіздігі бизнесті одан әрі кредиттеуді тежеп тұрғанын атап өтті. Сондықтан несиелеу үдерісін жандандыру үшін үкімет тарапынан капиталы жеткіліксіз немесе теріс кәсіпорындарды жедел қалыпқа келтіру шараларын қабылдау маңызды болмақ.
Биылғы жылдың бірінші тоқ­санында банктердің жұмыс істе­мейтін қарыздарды 624 млрд теңгеден 12,5 трлн теңге сомаға дейін есептен шығаруы нәтижесінде несие қоржыны төмендеген соң, сәуір-мамырда кредиттік белсенділік қалпына келуі байқалды. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 15 шілдедегі үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, банк секторының жалпы кредит қоржыны ағымдағы жылғы сәуір-мамырда 2,2%-ға ұлғайып, 12,8 трлн теңгеге дейін өсті. Биылғы қаңтар-мамыр аралығында банктер өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда барлығы 14,2%-ға көп жаңа кредит берді. Ақша-кредит талаптары жеңілдеуде. Бизнес үшін теңгемен берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеме 2018 жылғы мамырдағы 12,5%-бен салыстырғанда 11,9%-ға дейін төмендеді. Қорландыру базасын жақсарту үшін халықтың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлеме мерзімді және жинақ салымдардың пайдасына 12,5%-ға және 13,5%-ға дейін өсірілді. Шетел валютасындағы салымдарды теңгедегі салымдармен алмастыру жалғасуда. Депозиттердің доллар­лану деңгейі биыл жыл басындағы 48,4%-дан мамыр айының қорытындысы бойынша 39,1%-ға дейін төмендеген.
Ұлттық банк халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақ­сатында Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының бірінші – «Әрбір от­басына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру» бағыты бойынша әзірленген «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда.

Бүгінде аталған бағдарлама бойынша 7 936 отбасы 92 млрд теңге сомаға қарыз алды. Бағдарлама банктердің ипоте­калық қоржыны бір жылда 24,8%-ға немесе 1,4 трлн теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Биыл мамырда бағдарлама талаптарын жақсарту үшін қарыз алушыларға баспана құнынан 20%-дан астам бастапқы жарна енгізу құқығы берілді. Бұл ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуға және табысы төмен азаматтарды кеңінен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар банктерге қойылатын талаптарды азайту нәтижесінде бағдарламаға қатысушы банктер қатары көбейді.
Ұлттық банк Мемлекет бас­шысының «Қазақстан Рес­пуб­ликасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шара­лары туралы» Жарлығын іске асыру үшін кепілсіз тұтынушылық кре­диттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару тетігін жасап, бекітті. Оған сәй­кес биылғы жылғы 30 шілдеге дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақ­сыздық айыбы бойынша бере­шекті кешіруді жүзеге асырады. Банктер, микроқаржы ұйымдары және Проблемалық кредиттер қоры (ПКҚ) арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін өтеу туралы келісім жасалған соң 20 тамызға дейін ПКҚ банктерге және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30%-ын өтейді. «Осыдан кейін, Ұлттық банк өзінің бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру шеңберінде есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары жүргізген рәсімдерді тексереді. Жүйелік проблемаларды және болашақта азаматтардың бе­решегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк кредиттеу субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторларды, кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды», – деді Ерболат Досаев.
Қаржы реттеушісінің басшысы банктер мен банктік қызмет туралы заңға және микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдер есептеуге тыйым белгілеу бойынша түзетулер енгізілетінін айтты. Заң аясындағы актілерге тиісті түзетулер алдымызда­ғы қыркүйекте Парламенттің қарауына ұсынылады. «Қарыз беру барысында заматтардың борыштық жүктемесінің коэф­фициентін есептеу кезінде қарыз алушының барлық міндет­темелері, оның төлем қабі­лет­тілігі және әлеуметтік мәрте­бесі есепке алынатын болады. Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кә­мелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күн­көріс мөлшері шегеріліп тасталады. Пруденциялық реттеу шең­берінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезінде банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталған», – деді ол.
Ұлттық банк банк секторын қалпына келтіру үдерісін түпкілікті аяқтау үшін ағымдағы жылдың екінші жартысында халықаралық стандарттар бойынша банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жүргізеді. Бұл шараға халықаралық сарапшылар тар­тылған. Осы ретте Е.Досаев ен­гі­зілген тәуекелге бағдарланған қадағалауды және активтердің сапасын бағалауды ескере отырып, Қазақстанның банк жүйесінің дамуы мен тұрақтылығын қамта­масыз етудің жаңа тәсілдері іске асырылатынын атап өтті.
Жүргізіліп отырған бағам саясатына халықтың және бизнестің сенімі мен транспаренттілігін арттыру Ұлттық банк жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл тұрғыда Ұлттық банк бірқатар шаралар кешенін қабылдады. Биыл 1 шілдеден бастап KASE Қазақстан қор биржасында сауда күнін ұзарту және қатысушылар үшін сауда-саттықтың қолжетімділігін арттыру мақсатында өтпелі валюталық сессия енгізілді. Төраға атап өткендей, шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізудің жаңа режімі шетелдік қатысушылар үшін теңгемен есеп айырысулар мүмкіндігін кеңейтеді.
Ұлттық банк төрағасы валю­талық интервенцияны қоса алғанда, алдыңғы айда жасал­ған барлық операциялар туралы ақпарат жария етілетінін, базалық мөлшерлемеге қатысты келешектегі іс-қимылдарға, ақша-кредит және валюталық саясат бағыттары туралы белгілерге қатысты бағдарлар берілетінін айтты. «Жүргізіліп отырған бағам саясатына сенімді арттыру үшін валюта нарығындағы ахуал бойынша түсіндіру жұмыстары және нарыққа кәсіби қатысушылармен және халықпен қарым-қатынас жалғасады. Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тең­герімін жақсарту үшін квази­мемлекеттік сектор компаниялары іс-қимылының үйлесімін және келісімділігін арттыру шаралары қабылдануда. Шетел валютасын сатып алу көлемі ай сайын келісіледі», – деді Е.Досаев.
Ұлттық банк басшысы Ха­лықаралық валюта қорының жуыр­дағы Қазақстанға миссиясы аясында ақша-кредит саясаты мәселелері бойынша бірқатар нәтижелі кездесулер өткенін атап өтті. «Біз жүргізіліп отырған бағам саясатына қатысты халықтың және бизнестің сенімін және транспаренттілігін арттыру жө­ніндегі ұсыныстарды Президент белгілеген мерзімде ұсынуға дайынбыз», – деді Е.Досаев.
Макроэкономикалық тұрақ­тылық халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканың өсуі және шетелдік инвестицияларды тарту үшін маңызды. Ерболат Досаев Ұлттық банктің ба­ғалауынша, сыртқы және ішкі даму факторларының теңгерімі өзгергенін, олар орта мерзімді перспективада макроэкономикалық жағдайларды айқындайтынын атап өтті. Әлемдік экономика­ның және Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің болжамы төмендеді, бұл біздің экс­порт­тық тауарларымызға сыртқы сұраныстың азаюына әсер етеді. «Сыртқы монетарлық жағ­дайлар жеңілдеуде. Оны АҚШ Фе­дералдық резервтер жүйесі­нің мөлшерлемелердің алдағы төмендеуі туралы мәлімдемесі, ЕОБ-тың экономиканы ынталандыру шаралары және Ресей Орталық банкінің негізгі мөлшерлемені 7,75%-дан 7,50%-ға дейін төмендетуі растап отыр», – деді Е.Досаев.
Осыған орай орта мерзімді перспективада экономикаға сыртқы күйзеліс әсерін төмендету үшін Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп 2019 жылдың екінші жартысы мен 2020 жылы ақша-кредит және қаржы саясаты үйлесімділігін арттыру тәсілдерін айқындады. Ақша-кредит саясаты саласында инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізде сақтау үшін шаралар қабылданады. Басты міндет едәуір артып отырған бюджеттік әлеуметтік шығыстардың инфля­цияға әсерін тежеу, сонымен бірге азық-түлік нарығындағы бағаларды бақылау болып табылады. Осы ретте Ұлттық банк басшысы егер инфляциялық қысым күшейе түсетін болса, базалық мөлшерлемені көтеру арқылы екінші жартыжылдықта ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкіндігін жоққа шығармады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру