Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

9 бағыт бойынша міндеттер жүктелді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің даму көрсеткіштерін одан әрі арттыру бойынша Үкіметке, өңір басшыларына нақты тапсырмалар берді. Соған орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев облыс активінде алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырып, өңірдің даму қарқынын жақсарту мәселелерін жан-жақты талқылады. Басқосуға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұхамеджан Абауов қатысты.

– Халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін бағыттар бойынша Президентіміздің алға қойған тапсырмаларын бірлесіп орындауымыз қажет, – деп сөзін бастаған облыс әкімі алдымен индустрия­ландыру мәселесіне назар аудартты.

2015 жылдан бастап кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде облыста жалпы құны 91,3 млрд. теңгенің 32 жобасы іске қосылып, 1500-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылған. Бірақ сол нысанның екеуі – «Каризма» жиһаз цехы мен «КроунБатыс» мал бор­дақылау алаңы жұмыс істемейді. «Краун­Батыс» нысаны бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген және ол жобаны инвестор қолға алмақшы.
Жалпы биылғы бірінші жарты­жылдықтың қорытындысында өңдеу өнеркәсібі саласымен 90 млрд. теңге­нің өнімі өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсет­кішпен салыстырғанда 11,2%-ға артық. Облыс басшысы екінші жар­ты­жылдықта осы қарқынды сақтай отырып, өндіріс көлемін былтырғы 200 млрд. теңгеден 210 млрд. теңгеге дейін өсіру жоспарланғанын қаперледі. Биыл да индустрияландыру картасы шеңберінде құны 4,5 млрд. теңгенің үш нысанын іске қосу (200 жұмыс орнын құрумен) және қосымша 130 жұмыс орнының ашылуымен жалпы құны 1 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын бес нысанды «жандандыру» жоспарланған.
– Алайда жаңа нысандардың іске қосылуына және жаңа жұмыс орын­дарының құрылуына қарамастан, кәсіпорындар сыртқы және ішкі бәсекеде әлсіз. Премьер-министр тара­пынан аймақтық индустрияландыру картасы бойынша жобалардың аздығына қатысты сын айтылды. Жобалардың көпшілігі индустрия­ландыру бағытына емес, шағын және орта кәсіпкерлікке, бастапқы кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына, «Атамекен» палатасына, «Даму» қорына, жергілікті атқарушы құры­лым­дарға жаңа жобаларды дайындауды тапсырамын, – деген облыс әкімі екінші жартыжылдықта бұл тапсырманың қадағаланатынын жеткізді.
Елбасы тапсырмасымен өнімді экспорттаушыларды қолдау мақса­тында 500 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржы өнімдерін сыртқа шығаратын кәсіпорындарға жеңілдетілген несие мен мемлекет тарапынан кепілдік беру, шекараға дейінгі көлік шығы­­нын өтеу сықылды қол­дау көрсе­туге бағытталған. Өңір­де «Кублей», «Стекло-Сервис», «КазАрма­­Пром» кәсіпорындары ондай қолдауды пайдаланған. «Алайда өнімді экс­порт­таушылардың барлығы қажетті ақпа­ратты білмейді. Білмегендіктен мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланбайды», – деді Ғали Нәжімедұлы. Облыс басшысы бизнес жүргізуде өңірдің әлеуетін және Ресейдің бес губерниясымен шектесетін жағы­рапиялық орын ерекшелігін пайдалану керектігіне тоқталды.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша отандық өнімдер өндірісін дамытуға Елбасы тапсырмасымен үш жылға 600 млрд. теңге бөлінген. Қаіргі уақытта еліміз бойынша 41 млрд. теңгенің 92 жобасы мақұлданған. Ал БҚО бойынша 221 млн.теңгенің алты жобасы ғана оң шешімін тапқан, яғни бар болғаны 0,5% ғана, республикалық шаманың бір пайызына да жетпейді. Әрине, мұндай көрсеткіш – облысымызға үлкен сын.
Бүгінге облыстан 1680 тонна ірі қара мал еті мен ет өнімдері (жоспар 3000 тонна, орындалуы 56%), 574 тонна қой еті экспортталып отыр (жоспар 800 тонна, орындалуы 71,7%) экспортталды. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысымен статистикалық ақпаратқа сәйкес ауыл шаруашылығына 7,5 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған. Алайда облысымыздың тауар өндірушілері статистика департаментіне тартылған инвестициялары бойынша ақпаратты толық бермейді. Инвестиция бойынша тек заңды тұлғалар ақпар береді, шаруа қожалықтары міндеттелмеген. Өңірдегі тіркелген құрылымдардың 95%-ы – шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер. Облыс әкімі қала және аудан әкімдерін осы мәселені ескеріп, тартылған инвестиция көлемі көрсеткіштерінің статистика құрылымдарына тапсырылуын қадағалау қажеттігін тапсырды.
Актив жиынында өңір басшысы жерді тиімсіз пайдалану мәселесіне тоқталып, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға бақы­лауды күшейтуге, ауылдық жерлерде мемлекеттен субсидияланатын ауыз суды тиімді пайдаланудың ма­ңыздылығына көңіл аудартты.
– Президент отандық бизнесті қолдау мәселесіне назар ауда­рып, кәсіпкерліктің өсіп-өркен­деуіне, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін, себепсіз тексеріс­тер жүргізетін бопсалаған, рейдерлік жасаған лауазымды тұлғаларды қатаң жауапқа тартуды тапсырды. Ондай адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарасты­рылады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – мемлекеттің басым бағытта­рының бірі. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі ретінде өз тарапымнан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға кепілдік беремін. Негізсіз тексерістер болып жатса, маған тікелей шығып, хабарласуларыңызға болады, – деді Ғали Есқалиев.
Облыс басшысының баяндауынша, мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі қатынасы өңірді дамытуға, соның ішінде бюджетке түсетін жүктемені азайтуға пайдаланған тиімді. Алайда облыста бұл бағыт бойынша жұмыс сылбыр, бар-жоғы жеті жобаға келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен мемлекеттік міндеттемелерді орындауға 3,5 млрд. теңге төленеді.
Өңір басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 9 мыңнан астам отбасыға (51 300 адам) 2,3 млрд. теңге шамасында төленген. Биылғы жылдың 1 сәуіріне АӘК алушылар саны 5 есеге өсті, жыл соңына дейін 60 мың адам қамтылмақ. АӘК қаржыландыруға бюджеттен 4,8 млрд теңге бөлініп, жылдың соңына дейінгі қосымша 3,2 млрд теңге бөлінбек. Сонымен қатар облыста АӘК-тің дұрыс тағайындалуына тексеру жүргізілуде. АӘК-ке өтініш берушілер тарапынан табыстарын жасыру, жалған мәліметтер ұсыну, жалған ажырасулар, жұмыстан босап қалу, табыстарын азайтып көрсету, малын сойып алу секілді заңсыз әрекеттер әшкере болуда.
Ауыл тұрғындарының жанына ба­татын газ тарту бағасының әр ауыл-ауданда әркелкілігі, тым қымбаттығы облыс әкімінің сынына ілікті. «Сырым ауданында үйге газ кіргізу 350 мың теңге болса, Теректі ауданында 600 мың теңгеге жеткен. Бұл мәселе бойынша «ҚазТрансГазАймақ» кәсіп­орнында болдық. Олар мән-жайды анықтап білмек. Газды бір емес, бірнеше ауыл кіргізетін болса, арзандайды екен. Облыс тұрғындарының 95 пайызы көгілдір отын игілігін көруде дейміз. Бұл құр сан ғана. Мысалы, Ақжайық ауданында 11 ауылға газ жеткізілгенмен, үйлерге әлі кірмеген. Сондықтан біз есепте 11 ауылдың газбен қамтылғанын айтып, өзімізді өзіміз алдап отырмыз», – деген Ғали Есқалиев ақпараттың нақты болуын, мердігерлермен баға мәселесін шешуді атқарушы құрылымдардан талап ететінін жеткізді.
Жиында облыс басшысы бюджет қаражатын тиімді жұмсау, мем­қызметтерді цифрлық форматқа көшіру, аумақтарды дамыту және өзге де мәселелерді қамтыған 9 бағыт бойынша қала, аудан әкімдіктеріне, сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. «Атқаратын жұмыстарымыз өте ауқымды. Прези­денттің тапсырмаларын жүзеге асыруда өңір тұрғындарымен бірлескен жұмыс жоспарларын құруымыз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, өршіл мақсаттарға жетелейтін жолда ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын», – деп қорытты сөзін облыс әкімі.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру