Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Жерден өнген – жерде қалмайды

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Апшыны қуырған шілденің шіліңгір ыстығында қаймана жұрт орман-тоғайдың көлеңкесін саялап, Ыстықкөл мен Алакөл асып кетсе, кетпенін арқалап, атыз қуалаған дихан қауымды күн нұрына балқып, аптап аялаған егіс даласынан табатыңыз кәдік. Таңның атысынан күннің батысына дейін бел шешпей, қамбаға түстер астықтың жайын ойлаған шаруагер қауымның қам-қарекеті бүгінде шаш етектен. Оның ең бастысы қаражатқа келіп тірелетіні түсінікті. Нақтылап айтатын болсақ, тиыннан теңге құрайтын қаржыгерлердің есебінше, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 60 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 2012 өтінімімен жұмыс істеу қолға алынған, оның ішінде 1912 өтінім 55,9 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Қалған қаражат егін жинау жұмыстарын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа, Қазагрохолдинг қаражаты есебінен10,1 млрд. теңгеге 269 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге кредит берілген.
Статистика деректеріне сүйенсек, көктемгі егіс алаңдары жалпы алғанда 19,0 млн. гектарды, оның ішінде дәнді дақылдар14,5 млн. гектарды, майлы дақылдар 2,7 млн. гектарды, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 458,3 мың гектарды, азықтық дақылдар1,2 млн. гектарды, қант қызылшасы, мақта, темекі сынды техникалық дақылдар 144,0 мың гектарды алып жатыр. Тілге тиек етіліп отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану диқандардың қазіргі таңдағы басты міндеті десек, қателеспейміз. Өйткені, жер – мемлекет меншігінде тұрған еліміздің ең басты активі. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің тиімділігін арттыру үшін бірінші кезекте жердің сапа көрсеткіштеріне ерекше назар аударылуы керектігі айқын. Ол үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің топырақтық, геоботаникалық және агрохимиялық зерттеу-зерделеумен қамтылу көлемін ұлғайту қажет болады. Бүгінге дейін жүргізілген зерттеу-қарау қорытындылары бойынша электрондық топырақтық және геоботаникалық карталар жасалған, бұлар осы саладағы тиісті бақылау мен ашықтық үшін негіз қалайды. Бұдан басқа, қазіргі уақытта цифрлық даму және аэроғарыш саласындағы орталықтардың көмегімен ауыл шаруашылығы жерлері қамтылған кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы жобасын жасау қолға алынды.
Диқан қауымы жерден өнгеннің жерде қалмауы үшін алтын дән тасымалымен айналысатын мекемелермен, соның ішінде теміржол кәсіпорындарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Өзара уағдаластықтарға сәйкес «Қазақстан темір жолы» компаниясы астық тасымалдау вагондары паркін жабдықтауды қолға алды. Үстіміздегі жылы жүк тиеудің жалпы көлемі 10 млн. тонна астық және 1,8 млн. тонна ұнтақ өнімдері болады деп күтіліп отыр. Ағымдағы жылдың жартысында 5,4 млн. тонна астық тиелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 2 пайыз жоғары болды, сондай-ақ 1,3 млн. тонна ұнтақ өнімдері тасымалданды. Астық экспорты өткен жылғыдан 5 пайызға артуы жоспарланып отыр, ол болжам бойынша 4,2 млн. тоннаны құрайды. Бұл орайда Орталық Азия елдеріне астықтың 50 пайызы, ал еуропалық бағытқа 25 пайызы жөнелтіледі. Ұн өнімдері негізінен Ауғанстанға және Орталық Азия елдеріне жөнелтіледі. Бұл орайда «Қазақстан темір жолы» компаниясының «Жүк тасымалы» кәсіпорны дәнді дақылдар тасымалдауда төмендеткіш коэффициенттер белгілеп, негізінен алғанда астық өнімдері құрайтын маусымдық жүк тасымалын тиімді ұйымдастыруды қолға алуда. Контейнерлік пойыздармен өндірістік ұн-жарма өнімдері мен дәнді-бұршақты дақылдар тасымалдануда. Ал, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Өзбекстан мен Тәжікстанға жөнелтілетін астық бағыты құрылатын болады. Мұның арқасында жүктерді жеткізу жеделдеп, вагондар айналымы екі есеге қысқарады.
Осы орайда астық нарығындағы ахуалға тоқтала кетудің реті келіп тұр. Аграршылардың деректеріне сәйкес өткен жылдың басынан бастап Орталық Азия, Иран аймағында астық бағасының оң өсімі байқалып, сұраныстың артуы орын алып отыр. Бұған 2018 жылы Ресейде дәнді дақылдар түсімділігінің алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеуі әсер еткен. Үшінші сыныпты бидайдың бір тоннасы 75 мың теңгеге дейін жеткен. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жағымды жағдай екендігі түсінікті. Бағаның жоғары болуынан көптеген шаруалар кредиттерін жауып, көктемгі дала жұмыстарына қаржы бөле алды. Бірақ, кейінгі кезде ішкі және экс­порт­тық нарықтарда астық бағасының төмендей баста­ғаны байқалады. Осының салдарынан үшінші сы­нып­ты бидайдың бір тоннасы 65 мың теңгеге дейін түсіп кетті.
Мұндай жағдайды Ресейде де байқауға болады. Бұл астық қолхаттарымен жасалатын мәмілелердің барлығы дерлік тіркелетін астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізіліміндегі сауда-саттық деректері бойынша да расталып отыр. Қазіргі уақытта республикада ресми статистикаға және әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес 10,5 млн. тоннаға жуық астық бар, оның ішінде лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында 3,7 млн. тонна, ұн тарту кәсіпорындарда 462 мың тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 6,3 млн. тонна астық сақталуда. Көрсетілген деректер астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік тізілімі порталындағы есептіліктермен расталады, онда онлайн тәртібінде астық қолхаттарын шығару құқығына ие, лицензиясы бар барлық астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысын бақылап отыруға болады. Порталда астықпен операциялар жасауға тікелей қаты­сы бар 4 мыңнан астам пайдаланушы жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру