Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Қарапайым адамдары еңбектің…

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылында «Молсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1991 жылы құрылды. Бұл еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жинауға талпынып жатқан шақ. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласының жағдайы мүшкіл болатын. Бәрі тапшы. Шаруашылықтардың қаржы-қаражаты жоқ. Адамдар «Не істейміз? Қандай тірлік жасаған жөн?» деп абдырап қалған уақыт. Осындай абыр-сабыр шақта Бескөл ауылының тұрғындары шаруашылықтың тізгінін Сергей Дмитриевич Чепуркоға сеніп тапсырды.

Бас директор жұмысты «нөл­ден» бастады. Бүгінгі таңда бұл қуатты шаруашылық табиғи сүт өнімдерімен тек елімізді ғана емес, сонымен бірге Ресейдің шектес ай­мақтарын да қамтамасыз етіп отыр.
Кәсіпорынның қуаттылығы – ауысымда 17,2 тонна сүт өңдеу. Мекеме жылына 5 000 тонна сүт өнім­дерін шығарады.
«Молсервисте» «ACTINI-INTERNATIONAL» француз фир­масының жабдықтары орнатылған. Ең жаңа технологиялар бойынша сүт өнімдерін дайындайды. 15-тен астам өнім түрі бар.
Бүгінгі таңда бұл кәсіпорында 120-дан астам адам еңбек етеді. Олардың көбінің лайықты маман­дығы бар. Он пайыздан астамы құрметті еңбек демалысында болса да саптан шыққан жоқ. Күні бүгінге дейін еңбек етіп жүр. Оларды серіктестік ұжымы ерекше баға­лайды.
Ыдыс жуушы Вера Кудрявцева былай дейді: «Мен бұл жерде 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеймін.Басқа ауданнан көшіп келіп, бірден орналастым. Менің жұмысым сүт құятын ыдыстарды жуу. Алғашқы уақытта жұмысымды қол күшімен атқардым. Осыдан бірнеше жыл бұрын цехқа бумен жуатын машина алынды. Содан бері жұмыс жеңілдеді. Ұжым жақсы. Еңбекақы тұрақты. Көптеген жеңіл­діктер бар. Осы ұйымшыл ұжымда әрі қарай жұмыс істей беремін».
Бас директор Сергей Дмитрие­вич­тің сөзіне қарағанда, кәсіп­орында жаңа жабдықтар орнатылға­нымен, адам күші бәрібір керек. Бір адам өзіне тиесілі жұмысқа жауапсыз қарап, шала орындаса, оның кесірі бүкіл ұжымға тиюі мүмкін. Кәсіпорынның атақ-абыройына нұқсан келеді. Тұтынушылар теріс айналуы мүмкін. Сондықтан мұнда жұмысқа деген жауапкершілік өте жоғары. Тәртіп қатал. «Мәселен, кейбіреулер Вера Михайловна­ның жұмысы бар-жоғы ыдыс жуу деп ойлайды. Шын мәнінде бұл оңай емес. Бір жәшіктің салмағы – 1,7 кг. Бір ауысымда Вера Михайловнаның қолынан мыңы өтеді. Әрқайсысын машинаға қою және кері түсіру керек. Енді оның күн сайын неше килограмм тасымалдайтынын есептей беріңіз. Сондықтан жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарай­тын кадрларға қамқор болуымыз керек», – дейді кәсіпорын басшысы.
Басшылықтың қамқорлығын кәсіпорынның басқа да жұмыскер­лері жақсы сезінеді. Кір жуушы Мария Палёнаяның «Молсервисте» жұмыс істегеніне 21 жыл болған. Жұмысына дән риза. «Ұжым ұйым­шыл» дейді.
Дәнекерлеуші Николай Киреев кәсіпорын құрылған күннен бастап жұмыс істейді – 26 жыл. Ұстамды және аз сөйлейтін жан. Өз жұмысын бүге-шігесіне дейін жақсы біледі. Оны ұжым да, басшылық та жоғары бағалайды, әріптестері құрметтейді. «Ол жоғары сыныпты дәнекерлеуші. Жұмыстан бас тартпайтын, тиянақты, адал адам. Күн болсын, түн болсын, санасып жатпайды, тиесілі жұмысты жарты сағаттың ішінде тап-тұйнақтай етіп орындайды», – дейді жөндеу-механикалық цехының шебері.
Жұмыс өз алдына, сонымен бірге Николай Павловичтің хоббиі – автосаяхатшы. Зайыбы екеуі автомобильмен бүкіл Қазақстанды және жарты Ресейді шарлап шыққан. Сонымен қоса, ол спортшылардың әкесі және қайын атасы, төрт немере қыздың атақты атасы. «Маған менің жұмысым ұнайды, – дейді ол, – еңбек жағдайы көңіліме қонады. Кезінде айнала бәрі күйрегенде, осы кәсіпорын бізді қиындық­тан құтқарды. Біз үнемі арнайы киімдермен және барлық ең қажет­тілермен қамтамасыз етілеміз. Ең­бек­ақы айына екі рет беріледі.Бұған риза болмау мүмкін емес».
Сылақшы-сырлаушы Иван Синчинов кәсіпорында 17 жыл жұмыс істейді. Ол серіктестіктің аумағындағы қондырғылардың басым бөлігін орнатуға атсалысты. «Мұнда барлық нысан таныс. Біз бәрін дерлік өз қолымызбен жасадық. Еңбек ету жағдайлары ұнайды. Заңнама қатаң сақталады. Бәрі жаңартылып жатыр, адамдар ескі жабдықтармен жұмыс істемейді. Дербес қорғаныш құрал­дары беріледі. Жұмыскерлерді тегін тасымалдау қамтамасыз етілген».
«Иван Михайлович – кең салалы маман. Ол бір плитканы салса да, еріксіз сүйсінетіндей етіп салатын бесаспап және үлкен ағаш шебері. Жалпы айтқанда, қолы алтын адам», – дейді бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары.
Кәсіпорынның аумағында ша­ғын қазандықтар бар. «Мазут пайдаланылатын екі қазандық кезекпен жұмыс істейді. Жылу тек қыста ғана емес, жеке цехтарға жазда да керек. Қазандықтардың қуаттылығы 3,5 гектардай дерлік аумақта орналасқан жұмыс орындарын жылумен қамтамасыз етуге жетеді», – дейді Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Владимир Пономарев.
Шағын шаруашылық қой­ма­лары кәсіпорынның сұра­нысын қамтамасыз етеді. Дайын өнім сүт цехында қатталып жиналады және тапсырыстарға сәйкес, еліміздің қалаларына тасымалданады. Бұл үшін 50 техника қарастырылған. 24 жүргізуші және диспетчер жұмыс істейді. Отынды өз бензин тасымалдаушылары жеткізеді. Қазір техниканың біраз бөлігі сұйытылған газбен жұмыс істейді.
Кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы «Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы қызмет­керлерінің жергілікті кәсіп­тік ода­ғы» қоғамдық бірлесті­гінің ішін­дегі ең беделдісі. Кәсіп­одақ өз жұмысын 1991 жылы «Молсервис» ЖШС-нің құрылған күннен бастаған. Төрайымы – Ольга Михайловна Краснощек.
«Бізде жұмыскерлер үшін әлеу­меттік жеңілдіктердің барлық түрі қарастырылған. Асханада та­­мақтың құны 50 пайызға арзан. Жыл­дың соңында он үшінші еңбекақы төленеді. Еңбек демалысына шыққанда бір айдың еңбекақысы қосымша беріледі. Оның үстіне еңбек демалысына үш күн қосылады. Мерейтой иелеріне ақшалай-заттай сый-сияпат жасалады, Ұжымдық келісім-шартта кәсіподақ мүшелері үшін басқа да жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған», – дейді Ольга Михайловна.
«Бізде жеңілдіктерді төлеуге жылына бір адамға кем дегенде 120 мың теңге жұмсалады. Одан басқа біздің барлық қызметкерлерімізге және олардың ата-анасына көмірді тегін жеткізіп береміз. Он жылдан астам уақыт болды, қарт адамдарға қамқорлық жасаймыз. Олар осы «Молсервисте» жұмыс істейтін адам­дардың ата-аналары. Сонау тоқсаныншы жылдары олардың көпшілігі бауыр басқан ортасын, дос-жарандарын қалдырып, балаларымен бірге осында көшіп келді ғой. Тұрақтап қалды. Оларды біз қамқорлықсыз қалдырмауымыз керек. Қолдан келер көмегімізді жасауға міндеттіміз. Отбасындағы жағдай жайлы болса, жұмыс та нәтижелі болады», – дейді Сергей Дмитриевич Чепурко.
Кәсіпорынның өз физиока­бинеті бар. Онда ем-домды маман­данған медициналық қызмет­кер жасайды. Қан қысымын өлшеп, дәрігердің жазып бергені бойынша инъекция алуға болады. Уқалау курсынан өтуге мүмкіндік бар. Аудандық ауруханадан келетін медбике вирустық және басқа да ауру түрлері бойынша екпе егеді.
«Молсервис» ЖШС-нің басшысы Сергей Чепурко физиокабинетті ұстау – қызметкерлердің денсау­лығын сақтау, ауруханаға баруға кететін уақытты үнемдеу арқылы өзін өзі толық ақтайтынын айтады. ЖШС-те 10-нан астам жылы әжетханалар және гигиеналық бөлмелер жаб­дықталған, себізгі бөлмесі және сауна бар.
Кәсіподақ комитетінің негізгі жұмысы – еңбек қауіпсіздігін сақтау мен еңбекті қорғау. Мырзатай Жақыпов – техника қауіп­сіздігі жөнін­дегі маман. Ұжым мү­шелері­мен еңбек қауіпсіздігіне байла­нысты шаралар ұдайы өткі­зіледі.
Талаптарға сәйкес, жұмыс орын­­­­­дарын аттестациялау жүргі­зіл­еді. Оның қорытындысы кәсіп­орын­­­дағы жұмыс барлық талаптарға сай жүргізілетінін көрсетті.
Ұжымдық келісімшартқа сәй­кес, бала туғанда бір реттік ма­териал­дық жәрдем көрсетіледі. Қызмет­керлердің балаларының денсаулығын түзеуге кететін қара­жаттың 70 пайызы төленеді. Басқа да жеңілдіктер бар. Әлеуметтік па­кеттің құны, ұжымдық келісім­шарт бойынша бір адамға жылына 120 мың теңгені құрайды.

Ғалым АСЫЛ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру