Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСТА КЕЛЕЛІ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Әкімдерге де нақты тапсырмалар берілді

Аптаның алғашқы жұмыс күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басшылығына келгелі бергі тұңғыш рет алқалы жиын – Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізуімен басталды. Президент Үкімет мүшелеріне жеке-жеке және нақты тапсырмалар берді.

ЖАРТЫ ЖЫЛДЫҚ  ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Кеңейтілген Үкімет отырысында ҚР Премер-министрі Асқар Мамин баяндама жасады. Баяндамада мынадай негізгі көрсеткіштер атап көрсетілді:
Ағымдағы жылдың алты айында негізгі көздері – өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы болып табылатын экономикалық өсім – 4,1%-ды құраған. Негізгі капиталға инвестициялар 11,7%-ға, оның ішінде жеке инвестициялар 13%-ға артқан. Мемлекеттік бюджеттік кіріс 4 трлн 379 млрд теңге болды. 2019 жылдың басынан бері инфляция 2,6%-ды құрап, жылдық мөлшері 5,4%-ды құраған.

ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ САЛАСЫ

Аз қамтылған отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы 20 мың пәтерге көбейген. Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үй Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 есеге, яғни 3 мың пәтерге жеткізіліпті. Орташа айлық жалақы 9%-ға, тұрғындардың табысы 5,5%-ға өскен. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға төмендеп, шағын несиелендірумен 19 мың адам қамтылыпты. Жаңа бизнесті дамыту барысында 37 мың адамға қаржылай несие берілген, электронды форматта берілетін мемлекеттік қызметтер 80%-ға жетіпті. Жыл басынан бері ең төменгі жалақы 1,5 есеге көбейген. Салық жүктемесі 10 есе төмендеп, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өскен.

БІЛІМ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ

Биыл қыркүйек айынан бастап техникалық және кәсіпке қатысты жұмысшы мамандықтарда оқитын білім алушылардың шәкіртақысы 30%-ға өседі. 2021 жылға дейін жоғары оқу орындары мен колледждерді жаңа оқыту бағдарламасына көшіру пысықталып жатыр. Тұрмысы төмен отбасылар және көп балалы отбасылар үшін 5 мың білім гранты бөлінген.

КЕПІЛСІЗ ТҰТЫНУ  НЕСИЕСІН ӨТЕУ МЕН САЛЫҚТЫҚ РАҚЫМШЫЛЫҚ

ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев еліміздің экономикалық жағдайы және халықаралық эконо­ми­калық интеграцияға қатысты жағ­дайға талдау жасады.
Сонымен бірге ол кепілсіз несиені өтеуге бөлінген 105 млрд теңгенің 88,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалған 17 млрд теңге проблемалық несиелер қорынан тартылып жатқанын айтты. Оған қоса салықтық рақымшылыққа қатысты да мәліметтерді жария етті.

ТҰРҒЫН ҮЙДІ БАСҚАРУ – ӨТКІР МӘСЕЛЕ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрі Роман Склярдың баяндамасын тыңдаған­нан кейін тұрғын үй-коммуналдық мәселеге қатысты түсіп жатқан арыздар бойынша не істеліп жатқанын сұрады.
– Түскен арыз өте көп. Осыған қатысты заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Ол Сенатта. Осыдан былай тұрғын үйлерді басқаруды сол үйде тұратын тұрғындардың өздері шешетін болады. Ол үшін «Е-Шаңырақ» бағдарламасы жасалып жатыр, – деді министр.
Тоқаев Тұрғын үйге қатысты дау­лы мәселелерді шешу Үкіметтің маңызды міндеті екенін ескертті.

ЖҮК ТАСЫМАЛЫНАН  ТҮСЕТІН КІРІС АЗАЙҒАН

Қасым-Жомарт Тоқаев жүк тасымалынан түсетін кіріс 2020 жылы 5 млрд долларға жету керек екенін ескертіп, түсімнің төмендеу себебіне назар аударуды тапсырды.

Өз кезегінде Роман Скляр Иранға салынған санкция мен Қап тауы елдері арқылы өтетін транспорттық шектеулерге байланысты транспорттық кірістің төмендегенін жеткізді. Осыған орай балама жолдардың қарастырылып жатқанын айтты.
Министрдің айтуынша жүк тасымалынан түсетін кіріс мынадай: 2018 жылы – 1,7 млрд доллар болса, 2019 жылы – 2,4 млрд доллар болады деп күтілуде. Ал, 2020 жылы – жоба бойынша 3,3 млрд доллар шамасында болады деп жоспарланған.

ЗАҢСЫЗ АТАУЛЫ КӨМЕК  АЛҒАНДАР БАР ЕКЕН

Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты. Министрдің айтуынша 291 мың отбасы, яғни 1,4 млн азамат атаулы әлеуметтік көмек алып жатыр. Заңға сәйкес аталған көмекті алатындар еңбек етуге немесе еңбек келісім-шарттарын жасауға міндетті.
– Елімізде 39 әлеуметтік төлем түрі бар. Қазір 1,3 миллионға жуық азамат өзінің табысын арттырды. 230 мыңға жуық жұмыс беруші 1 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның үстіне елімізде 2 миллионнан астам зейнеткер бар. Ал орташа айлық жалақы – 85 892 теңге. Зейнетақы жүйесіне 6 миллионға жуық азамат тіркелген, – деді министр.
Сонымен бірге ол шынайы кірісті төмендету, сыбайластыққа қатысты туындап отырған мәселелердің бар екенін алға тартып, облыс басшыларымен тікелей жұмыс жүргізіп, тексеруді бастағанын хабарлады.
Еңбек министрі солтүстікке көшіп барып жатқан отбасылардың жағдайы мен жастарды жұмысқа тарту жобалары туралы да айтты.

ЖҰМЫССЫЗДАРДЫ  ОРНАЛАСТЫРУ ТЕТІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Президент жұмыссыздықты жоюға қатысты қандай шаралардың қолға алынғанын сұрады. Бердібек Сапарбаев мектеп бітірген жастарға мамандық беру және сертификат негізінде жеке кәсіп ашуға гранттар мен микронесие беру жобасы жасалып жатқанын айтты.
Министр сонымен бірге компаниялармен, түрлі ұйымдармен, әкімшілікпен бірлесе отырып, тұрақты жұмыс көзін ашуды жүйелі қолға алғандарын жеткізді.

АРЫС ҚАЛАСЫНАН БАСҚА  3 АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев хабарлады.
– Әр азаматқа 100 мың теңгеден бір реттік өтемақы төленуге дайын. Қазір банкпен келісіп, есеп шот ашып жатырмыз, – деді ол.
Төлемақы алатын азаматтар саны мынадай: Арыс қаласының 44 994 тұрғыны, Ақдала ауылдық округінің 4324 тұрғыны, Қожатоғай ауылдық округінің 4232 тұрғыны, Дермене ауылдық округінің 2052 тұрғыны.
Жалпы алғанда, алдыңғы кезекте 55 602 тұрғынға 5,6 миллиард теңге төленеді. Осы үшін Үкіметтік резервтен 3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге, «Түркістан» арнайы әлеуметтік қорынан 1,6 млрд теңге бөлінген.
Әкімнің айтуынша, Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, құрылыстар мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 159 нысан қайтадан салынады. 7000 үй жөндеуден өткізіледі.
Облыста Түркістан қаласы құрылысының қарқынды жүріп жатқанын айтқан әкім шетелдік 32 инвесторлық жобаның іске асып жатқанын да еске салды. Сонымен бірге жүздеген нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 905 гектар жерге Түркістан әуежайының салынып жатқанын да айта кеткен абзал.

ПРЕЗИДЕНТ ХАЛЫҚҚА АЛҒЫСЫН ЖЕТКІЗДІ

Президент Түркістандағы құры­лыстың барысына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге Арыс қаласындағы жағдайға тоқталды. Сондай-ақ Арыс қаласына көмектесіп жатқан халыққа, ұйымдарға, компа­нияларға рахметін жеткізді.

«АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ  ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ   ЖҰМЫСТАРЫ ТОЛЫҚТАЙ  БАҚЫЛАУЫМДА БОЛАДЫ»

Президент осылай деді.
– Оқиғаның салдары – өте ауыр. Ол туралы айтудың керегі жоқ. Қазір біз салдарын жоюға барынша күш салып жатырмыз. Шындығында, қаланың көп бөлігі бомбалауға ұшыраған. Қазір арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша кінәлі барлық тұлғаны қатаң жазалау туралы ұсынысты Президент әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесіне енгізу керек. Оның ішінде құрылысты қауіпсіздігі жоғары нысандарға жақын жерге салуға рұқсат берген азаматтық-мемлекеттік қызметшілер де қағыс қалмауы керек, – Қасым-Жомарт Тоқаев. – Бұл жұмысты 10 тамызға дейін аяқтау керек. Тиісті ұсыныстар беріңіздер. Қайталап айтамын, барлық кінәлі тұлға қатаң толық жауапқа және жазаға тартылуы керек. Қорғаныс министрлігіне басқа да осындай нысандар бойынша талдау жасауды тапсырамын. Оның қорытындысы туралы ақпарат 20 тамызға дейін анықталсын.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ  НЕГЕ ДАМЫМАЙ ОТЫР?

Бұл сұрақты да Қасым-Жомарт Тоқаев қойды. Ол:
– Шетелдік қаржы иниституттары біздің аграрлық-өндірістік мүмкіндігіміз жоғары екенін үнемі айтып келеді. Осыған қарағанда біз дұрыс басқара алмай отырмыз. Бұған қатысты, ауыл шаруашылығы министрі, не дейсіз? – деді.
Сапархан Омаров инвестиция тартуға жер мәселесі кедергі екенін айтып, оны шешу үшін инвесторлардың өңдеуші өндіріспен бірге келуі керек екенін айтты. Сонда бірлесе отырып, жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Отырыста отандық өндіріске жеткілікті көмек берілмей отырғаны да тілге тиек болды.
Президент Үкіметке мәселелерді пысықтап, шетелге ауыл шаруашы­лығы өнімдерін сату механизімін қа­лыптастыруды тапсырды.

БИЗНЕС ДАМУЫНА  КЕДЕРГІ КЕЛТІРГЕНДЕР  ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді.
– Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексеріп, ақша жинап, рейдерлік жасап, кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет. Мемлекеттік органдар мен олардың өкілдерінің бизнеске нұқсан келтіру әрекеттерін криминализациялау керек деп есептеймін. Заң бойынша қатаң шаралар қарастыру қажет. Бұл қылмыстық айыптау болуы да мүмкін.
Бірқатар елде осындай тәжірибе бар. Бизнестің дамуына кедергі келтіретін шенеуніктер түрмеге түседі. Үкіметке заңға өзгерістер енгізуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАЗАГРО-ҒА РЕФОРМА  ЖАСАУ КЕРЕК

Бұл туралы да Үкімет отырысында әңгіме болды.
– Біз ҚазАгроға қатысты шара қолдануымыз керек. 2018 жылы Қаз­Агро-ның жинақталған шығыны 120 млрд теңгеден асты. Қаржыландырған 672 жобаның 270-і тоқтап тұр. Бұл – нашар басқарудың дәлелі. Компанияға шетелдік сарапшыларды тартып, реформа жасау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке екі ай ішінде осы мәселе бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.

ПРЕЗИДЕНТ ЛРТ  ЖОБАСЫН СЫНҒА АЛДЫ

Тоқаев Нұр-Сұлтандағы LRT жобасы туралы ренішін білдірді.
– Халық үшін ыңғайлы, түсінікті, қолайлы көлік түрінің орнына қымбат ЛРТ ұсынылған. Сәулетші маман­дардың пікірі ескерілмеген. Әкімдіктің мәліметінше, халық ағымы тәулігіне 146 мың адамға жетеді. Қазіргі уақытта осыған ұқсас маршрут бойынша әуежайдан вокзалға дейін жолаушылар ағыны 2 мың адамды құрап отыр. Сіздер 70 есеге дейін қалай көтерейін деп отырсыздар, маған түсініксіз.
Өз шығынын өтей алмайтын жоба үнемі субсидияланып отырады және Үкіметке ауырлық түсіреді. Оның үстіне 100 миллиард теңге – қытайлық несие жоғалып кетті? – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев:
– Бұрынғы міндеттемелердің бір бөлігі (Астана Банкіндегі депозиттер) берілді. Проблемалы несиелер қоры осы қаражатты қайтару мүмкіндігін іздейді. Алғашқы нәтижелер бойынша қайтару ықтималдылығын 30-40% шамасында болады деп бағалаймыз, – деді төраға.

КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ЛИ КУАН Ю-ДІ ҮЛГІ ТҰТУ КЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударатынын жеткізді. Осыған орай жер мәселесі, ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісі жағдайын қадағалауды міндеттеді. Сондай-ақ жеке кәсіпкерліктерді дамыту, ғылыми дамуды негізге алуды әрі жердің үйлесімді пайдалануын зерттеуді тапсырды. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару механизмін жүйелеуді тапсырды.
Сонымен бірге әлеуметтік-эко­номикалық даму, инвестиция тартумен бірге отандық кәсіпкерлікті дамыту, заңсыздықтарды тоқтату мәселелеріне тоқталды. Сөз арасында Сингапур президенті болған реформатор Ли Куан Ю (Lee Kwan-Yew)-дың инвестиция тартудағы, жұмыс жүргізудегі іскерлігін мысалға келтірді.

ӘКІМДЕРГЕ НАҚТЫ  ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Ақордада облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.Қазақстан Президенті өз сөзінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шұғыл шешу үшін әкімдердің алдына бірқатар міндет қойды, деп хабарлайды Президент баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер корпусына халықтың талаптарын жүйелеуді және оларды шешу үшін жан-жақты жұмыс жүргізуді, сондай-ақ олардың қажеттілігі өңірдің әлеуметтік жол картасында көрініс табуы керек екенін тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, өңірлік билік облыстар мен қалалардағы тұрақтылық үшін жауапкершілікті өздеріне алуы тиіс.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті алдағы астық жинау науқанына дайындық жұмыстарын жүргізуді, дала мен орман өрттерін ескерту және оның алдын алу шараларын қабылдауды, сондай-ақ жылу беру маусымына әзірлік жүргізуді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі қойылған барлық міндеттің іске асырылуын бақылауды Президент Әкімшілігіне жүктеді.
Жиыннан кейін Мемлекет басшысы облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін қабылдады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру