Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Жол битумына қажеттілік толық қамтылып отыр

Үкімет басшысы Асқар Мамин «CASPI BITUM БК» ЖШС-не (Ақтау битум зауыты) жұмыс сапарымен барды.

Аталған зауыт жол құ­рылысы саласының жо­ғары сапалы жол битумына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасының аясында салынған.
Ақтау битум зауыты 2013 жылғы желтоқсан айында пайданалуға берілді және техникалық сипаттамалары бойынша сапасы жоғары жол битумын шығару үшін ең оңтайлы шикізат болып табылатын «Қаражанбас» кен орнының мұнайын жылына 1 млн тоннаға дейін өңдей алады. Зауыт жұмысының нәтижесінде және басқа отандық өндірушілер­дің өнімін қоса алғанда, бүгінде елдің жол битумына деген қажеттілігі толық қамтылып отыр. Салыстыратын болсақ, 2013 жылы Қазақстанға әке­лінетін битум импорты 200 мың тоннадан астамды құрады. 2018 жылы зауыт өнімі елдің ішкі нарығы қажеттілігінің 37%-ын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта Ақтау битум зауытында жоғары сапалы, оның ішінде бұған дейін Қазақстанда шығарылмаған полимерлі-түрлендірілген битум өндіріледі. Полимерлі-түрлендірілген битум жылуға, аязға және тозуға төзімділігі бойынша жақсартылған сипаттамалары есебінен ас­фальт-бетондық жабындылар қызметінің мерзімін 1,5-2 есеге ұзартады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры Мұратжан Мұсайбеков зауыт іске қосылған уақыттан бастап 3,52 млн тонна мұнай өндіріліп, 1 млн тоннадан астам жол битумы немесе 3 500 шақырымға жуық жолға қажетті материал шығарылғанын атап өтті. Ақтау битумы Қазақстанның барлық дерлік стратегиялық автожолдарының, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының құрылысы кезінде пайдаланылды. Ақтау зауытының битумы барлық көрсеткіштері бойынша мемлекеттік және халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру