Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Бюджет ашықтығы қамтамасыз етіледі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Бүгінде еліміздің қаржы мекемелері қолға алып жатқан бюджеттің ашықтығы бастамасы қаражат жүйесінің ашықтығы мен есептілігі қағидаттарын іске асыру мақсатында зерттеулер жүргізудің жаһандық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бюджеттің ашықтығын зерттеу, мамандардың пікірінше, қаржы қозғалысы үдерісін талдау деңгейін және атқарушы биліктің жұртшылыққа бюджет туралы ақпаратқа қолжетімділік беру дәрежесін білдіреді.
Бұл бағдарлама көптеген елдерді қамти отырып, әлемдегі бюджет ашықтығын зерделейтін жалғыз тәуелсіз зерттеу болып табылады. Зерттеу азаматтық қоғамды зерделеу жөніндегі тәуелсіз мамандардың қатысуымен әрбір екі жылда бір рет жүргізіледі. Осы мақсатта бюджет ашықтығының индексі әзірленіп, онда қоғамға үкімет ұсынатын бюджет үдерісі туралы ақпарат негізінде әрбір мемлекеттің бағасы қамтылған. Бюджеттің ашықтығы бойынша сауалнамада Халықаралық валюта қоры, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Халықаралық жоғарғы бақылау органдары ұйымы сияқты көпжақты ұйымдар әзірлеген халықаралық өлшемшарттар пайдаланылған. Бүкіл үдеріс 18 айды қамтиды. Базалық негіз ретінде тексеру үшін сегіз негізгі бюджеттік құжат қабылданған. Бұл ретте Қазақстанда қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес жетеуі жасалмақ. Оларға сәйкес бюджеттің атқарылуын жақсарту мақсатында мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсету қашықтан қамтамасыз етілмек, бұл мемлекеттік мекемелермен өзара іс-қимыл жасау кезінде қазынашылық органдар жұмысының тиімділігін едәуір арттырып, тиісінше бюджеттердің орындалу сапасын жақсартады. Мемлекеттік мекемелер құжаттардың электрондық нысандарын өзіне өзі қызмет көрсету тәртібінде толтырады. Тексеру, келісу және бекітуден кейін бұл құжаттар қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінде өздігінен қол жетімді болады. Мемлекеттік мекемелерге қашықтан қызмет көрсету есебінен мемлекеттік мекемелердің қызмет көрсету жылдамдығы ұлғаяды, қағаз, уақыт және көлік шығындары қысқарып, әкімшілік кедергілер кемиді, адами фактордың қателері есебінен қайтару саны азаяды. Қазынашылық жүйесінде 12 мыңнан астам мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетіледі, жүйе пайдаланушылардың 3 мыңға жуығы мемлекеттік бюджет қаражатын есепке жатқызу және жұмсау рәсімдерін жүргізе отырып, операцияларды қазынашылықтың ақпараттық жүйесінде нақты уақыт тәртібінде жүзеге асырады. Бұдан басқа жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру, шеңберінде ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала деңгейінде дербес жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті енгізіледі.
Мемлекеттік бюджеттің жетілдірілген, төртінші деңгейін барлық жерде 2020 жылдан бастап енгізу ұсынылып отыр. Бұл шара жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі халықтың рөлін арттыруға және оны жергілікті қоғамдастық істеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қажетті қаржылық және материалдық ресурстар беріледі, бұл басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде олардың дербестігін және жауапкершілігін арттырады, қағазбастылық және сыбайлас жемқорлық көріністерінің деңгейі төмендейді. Қала және аудан орталықтарынан алыс орналасқан жергілікті өзін-өзі басқару органдары селолық округтің шегінен шықпай-ақ аумақтық қазынашылық органдарында «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы қызмет алуға қол жеткізеді. Алғашқы кезең қорытындылары бойынша қазынашылық органдары қызмет көрсететін жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің саны 1062 бірлікке жетеді, бұл 43,5 пайыз. Ал, келесі, 2020 жылдан бастап 100 пайыз қызмет көрсету жоспарлануда. Бұл ретте «аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің бюджеті» жаңа ұғымын енгізу; аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің бюджетін қалыптастыру, қарау, бекіту, атқару тәртібі мен мерзімдерін анықтау; аудандар, облыстық маңызы бар қалалар бюджеттері мен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің бюджеттері арасындағы бюджетаралық қатынастарды реттеу; аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің бюджетінің кіріс бөлігін құрайтын салықтық және салықтық емес түсімдердің тізбесін енгізу; аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің бюджет шығыстары жүзеге асырылатын бағыттар бөлігінде тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Мұның өзі, түптеп келгенде бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету жолындағы қадамдар болып табылады. Сөйтіп, бюджет қаражатын оңтайландыру арқылы экономикалық өсуді, халықтың жұмыспен қамтылуын және адами әлеуетті нығайтуды қамтамасыз етуге жол ашылмақ. Осы орайда 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте шығыстардың әлеуметтік бағыттылығын күшейту және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындау арқылы адами капиталды дамыту; экономиканы технологиялық жаңғырту және цифрландыру, аграрлық секторды, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту; мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қарастырылған, бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін біртіндеп төмендету және салық түсімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы іске асырылатын ынталандырушы макроэкономикалық саясат жүргізу көзделген.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру