Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Украина – Қазақстан үшін өте маңызды экспорттық нарық

Жаңадан сайланған мемлекет басшысының шетелге жасайтын алғашқы сапарлары көп нәрсені аңғартатын болса керек. Мәселен, бұрындары ТМД-ның шағын елдерінің тыңнан билік басына келген президенттері де алдымен көрші республикалар мен Ресейге, сонан соң Батыстың алпауыт мемлекеттеріне баруды жөн көретін де, Қазақстанға кейінірек бір реті келгенде ғана ат басын бұратын. Қазір бұндай дәстүр өзгере бастаған сияқты. Олай дейтін себебеміз мынада. Ресей Федерациясының үшінші президенті Дмитрий Медведев өзі 2008 жылы осы қызметке сайланған соң, алғашқы шетелдік сапарын Қазақстан мен Қытайға жасады.

Тәуелсіз Өзбекстанның екінші елбасы Шавкат Мирзиеев алдымен Түрікпенстан мен Тәжікістанға ба­рып алған соң, ат басын Қазақстан­ға бұрды. Украинаның төртінші президенті Виктор Янукович те Еуроодақтың бас қаласы Брюссель мен Мәскеуге барып алғаннан кейін Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтанға) келіп кетті.
Ал ол елдің таяуда билік басына келген жаңа басшысы Владимир Зеленский Қазақстанның жақында сайланған екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты шартты түрде құттықтаумен ғана шектелмей, оны Киевке ресми сапармен келіп-кетуге шақырды. Оның орыс тілінде жолданған телеграммасында мынадай сөздер келтірілген екен: «Доверие, оказанное вам избирателями, является свиде­тельством вашего высокого авто­ритета и преданности служению народу Казахстана. Я убежден, что обоюдными усилиями нам удастся углубить конструктивное сотрудничество между нашими странами. Я, пользуясь случаем, приглашаю вас посетить Украину с визитом для придания нового импульса развитию отношений между Киевом и Нур-Султаном».
Бұл алыстағы украин елі үшін де Қазақстанның соншалықты маңызды екенін танытатын ишарат болса керек. Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынасты реттейтін келі­сімдік-құқықтық база қорына 95-тен астам құжат қатталған, оның ішінде 1994 жылдың 20 қаңтарында жасалған Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы достық және ынтымақтастық туралы Шарт та бар. 2010 жылдың 7 сәуірінде, яғни Виктор Януковичтің жоғарыда аталған Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтанға) жасаған сапары барысында екіжақты келіссөздер жүргізген. Олардың нәтижесінде «Жол картасы-3» деп аталатын 2010-2011 жылдарға арналған Қазақстан мен Украина ынтымақтастығының жоспарына қол қойылған.
Осы құжат бір жағынан Астана мен Киев арасындағы бұрын­дары қол жеткен келісімдерді қайта жандандыруды көздесе, екінші жағынан саяси, экономика­лық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жаңа мүмкіндіктерді ілгерілетуге жағдай жасауды ескеруге тиіс еді. Яғни оның мақсаты екі араны қайтадан жақындатып, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту болса керек.
Қазақстан елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жыл­дың 22 желтоқсанында Киевке жасаған жұмыс іс-сапары екіжақты байланыстың тағы бір маңызды кезеңіне жол ашты. Бұл Виктор Яну­ковичтің президенттіктен кетіп, оның орнын Петр Порошенко басқан шақ болатын. Сол жолы екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың зама­науи жаңа күнтәртібі дайындалды.
Ал Украина президенті Петр Порошенконың 2015 жылдың 8-9 қазанында Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтанға) жасаған ресми іс-сапары нәтижесінде «Жол картасы-5» деп аталатын 2015-2017 жылдарға арналған Қазақстан мен Украина ынтымақтастығының жоспарына қол қойылған.
Екі ел арасындағы байланыс ауқымында саудалық-экономикалық ынтымақтастық басты бағыт болып қала бермек. 2017 жылдың қоры­тындысы бойынша Қазақстан Рес­публикасы мен Украина арасын­дағы сыртқы сауда айналымы 778,6 миллион долларды құраған және оның алдындағы 2016 жылғы тиісті көрсеткішпен (928,0 миллион дол­лар) салыстырғанда 149,4 миллион долларға немесе 16,1 пайызға кеміген. Ал өткен 2018 жыл барысын­да Украинаға жіберілетін Қазақстан экспортының көлемі бірден 6,8 пайызға ұлғайған. Бұл айтарлықтай жетістік болса керек. Яғни Украина Қазақстан үшін өте маңызды экс­порттық нарық болып табылатын көрінеді.
Украинада жақында жаңадан президенттік сайлау болып өтті. Онда Владимир Зеленский жеңіске жетті де, Петр Порошенко оставкаға кетті. Қазіргі украин президентінің өз елінің Ресеймен және Белоруссиямен ғана емес, Қазақстанмен де бұрынғыдан гөрі жақынырақ қарым-қатынас құруға ынталы екені белгілі. Ол сонысын Қасым-Жомарт Тоқаевты Киевке ресми сапармен келіп-кетуге шақыруымен танытты. Қалай дегенде де, Украина мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына біздің еліміз мүдделі. Өйткені ол ТМД-дағы халқының саны жағынан екінші ең ірі ел болып табылады. Сондықтан қазақ-украин байланыстарының нығаюын қолдау қажет.

Сәния САМАТҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру