Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

Нарықты зерттеп алмай, кәсіп ашпа

Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен Батыс Қазақстан облысына гранттық қаржыландыруға 47 млн. теңге бөлінді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша, 2017-2019 жылдарға арналған қаржыландыру жоспарына сәйкес аталмыш бағдар­лама аясындағы мемлекеттік гранттар беруге облысқа жыл сайын 47 млн.теңге бөлініп келеді. Сонымен қатар «2019 жыл – Жастар жылы» бо­лып белгіленуіне байланысты, атау­лы мемлекеттік гранттарды беруге қосымша 45 млн. теңге бөлінді. Бұл конкурсқа қатысушылар негізінен жастар, жас кәсіпкерлер (29 жасқа толғандарды қоса санағанда) болып табылады. Жастарға қайтарымсыз негізде қаржылай қолдау көрсететін конкурс биылғы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдаламасы аясында қайтарымсыз грантты иелену конкурсына қатысуға өтінімдер биылғы жылдың 15 сәуі­рінен 15 мамыр аралығында қабыл­данды. Конкурсқа қатысуға жалпы 185 өтінім түсті. Мемлекеттік грант­тар беру бойынша облыстық комис­сиясының отырысы 20 мамырдан 27 мамыр аралығында өткізілді. Конкурсқа қатысушылар қатары жыл санап көбейіп келеді. Биыл жалпы шамасы 47 млн.теңгеге 20 жоба мақұлданды, соның 10-ы қаладан, 10-ы ауылдық жерлерден. Қызықты жобалар баршылық, мысалға, Сырым ауданынан африкалық кларий жайынын өсіру жобасы, Бөрлі ауданынан «Жасанды интеллект зертханасы» және өзгелері бар, – деді Мейрам Қабдығалиев.
Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 3 млн. теңгеге дейін мемлекеттік грант беру аталмыш бағдарлама аясында 2012 жылдан бері жолға қойылған. Содан бергі уақытта мемлекеттік гранттар беру тетігі бойынша жалпы шамасы 271 млн. теңгеге 130 жобаға мақұлданған. Оның ішінде 139 млн. теңгеге 76 жоба ауылдық мекенде, 132 млн. теңгеге 54 жоба қалада жүзеге асырылады деп көрсетілген. Жүзеге асырылған жобалар аясында 2012 жылдан бастап 200- ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
– Мемлекеттік қайтарымсыз грант­тық қаржыға ұсынылған жобаларды жасақтау кезінде кейбір қатысушылар тарапынан асығыстық, жүрдім-бардым қараушылық бай­қалады. Көбінесе өзі кәсіп жүр­гізгелі отырған саланың нарығын нақты зерттемеушілік, тауардың қаншалықты сұранысқа ие болуы жағын ескермеу, шикізатпен қамтамасыз ету бойынша мәселе­лердің толыққанды шешілмеуі және тіпті зерттелмеуі кездеседі. Нарықтық бәсекелестік заманында нарықты зерттеп алмай, жаңа өндіріс не кәсіпкерлік нысанын ашам деуге болмайды. Өйткені ашқан күннің өзінде өнімің сұранысқа ие болмаса, қайда апарып өткізетініңді білмесең қиын болады, – деді Мейрам Қабдығалиев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру