Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Ортақ игілік бастауы – өңірлерде

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іс-сапары барысында алға қойған нақты міндеттер бойынша әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары, сонымен қатар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында айтылған отандық халық тұтынатын тауарлар өндірісін арттыру жөніндегі міндеттерді орындау, Мемлекет басшысының өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде экономиканы әртараптандыру бағытында берілген тапсырмаларын іске асыру аясында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – еліміздің өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі болып табылатын Шымкент шаһарын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының негізгі бағыттары мен қарастырылған іс-шаралар туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, кешенді жоспарды іске асырудың қала және жалпы ел экономикасы үшін күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсері туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндап берді.
Кешенді жоспарда жалпы 1 трлн теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру қарастырылған, оның ішінде 836 млрд теңге (65%) – жеке инвестициялар есебінен, 68 млрд теңге – мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы. Мегаполистің кешенді жоспары қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды, сондай-ақ тұрғындар үшін өмір сүретін ортаның көркем, таза, қолайлы және ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді. Кешенді жоспарды жүзеге асыру инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 трлн теңгеге дейін жеткізуге жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Баяндамашыларды тыңдағаннан кейін, Үкімет басшысы қаланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында жаңа «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялдық аймақтары құрылысын жүргізу, «Оңтүстік» АЭА аумағын ұлғайтуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Көлік және инженерлік инфрақұ­ры­лымды дамыту бағыты бойынша 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысын және теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Ташкент даңғылын жалғастыру және А2 айналма авто­жолының құрылысы қамтамасыз етіледі. Бұл қаланың көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Премьер-министр қаланы энергиямен қамту және газбен қамтамасыз ету үшін газ тарату станциясының (АГРС-3), сондай-ақ ERG компа­ния­сының жеке инвестициялары есебінен қуаты 450 мегаватт бу-газ қондырғысының құрылысын аяқтауды тапсырды. «Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысы көлемін кезең-кезеңмен, биылғы 500 мың шаршы метрден жылына 1 миллионға дейін ұлғайта отырып, баспанамен қамтамасыз етуді 1 тұрғынға шаққанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Асқар Мамин.
Мысалы, тек «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асырудың өзі әлеуметтік инфрақұрылымы дайын 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы ол үшін тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Осы ретте ықшам қала құрылысына және тұрғын үй құрылысының халықаралық стандарттары бойынша жұмыс істейтін инвесторлардың тәжірибесін пайдалануға баса назар аударылады.
Туристік салада даму көкжиегі кеңеюде. «Цитадель» қалашығын қайта жөндеуді және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау қосымша туристер ағынын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкент шаһарларына жақын орналасуы туристік инфрақұ­рылымның дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына тың серпін мен синергетикалық әсер берері сөзсіз.
Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жарияланды. Осы ретте мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфра­құрылымдық нысандардың әзірлігін уақытылы қамтамасыз ету тапсырылды. «Кешенді жоспарды іске асырудың арқасында Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 2018 жылғы 2 трлн теңгеден 2023 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге дейін жеткізіледі», – деді премьер-министр.
Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты жеңіл­дікпен несиелендіруді жүзеге асыру бағдарламасын іске асыру бойынша жобалық кеңсе жұмысы, «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын сатып алуда жергілікті қамту үлесін арттыру шаралары туралы премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың осы бағыттағы жұмыстары тыңдалды.
Жобалық кеңсе жұмысында «қара­пайым заттар экономикасының» 1 трлн теңгеден астам сомаға 1500-ден астам жобасы бар. «Қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша бизнестің жоғары белсенділігі Ақмола, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда облыстарында байқалып отыр. Өз кезегінде, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріне халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейту, оның ішінде шығарылатын өнім көлемі мен құнына баса назар аудару тапсырылды.
Үкімет басшысы бизнес-қоғам­дастық пен мемлекеттік орган­дар­дың ұсыныстарын ескере отырып, «қарапайым заттар экономи­касы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікті қаржыландыру шарт­тары өзгер­тілгенін айтты. Атап айтқанда, пайыз­­дық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендетілді, қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі енгізілді, шығары­латын өнімнің 45 жаңа түрі қосылды. Қабылданған шаралар біршама ком­панияларға жеңілдікті қаржы­ландыру мүмкіндігін береді.
Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында премьер-министр Асқар Мамин агроөнеркәсіп кешені жобаларының айналым қаражатын толықтыру үшін субсидияларды ұлғайтуға қаражат бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар, басқарушы холдингтерге «қарапайым заттар экономикасының» сатып алынатын отандық тауарлары мен қызметтерінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша КРI-ға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
«Қарапайым заттар экономика­сын» дамыту бағдарламасы – кәсіп­керлікті дамытудың және жұмыс­пен қамтамасыз етудің маңызды құра­лы. Бұл тұрғыда жобалардың бәрі негізінен өңірлерде іске асырылады. Осы ретте үкімет басшысы әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керектігін атап айтты.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру