Валюта бағамы: $ 385.16 425.95 6.01 ¥ 54.51

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРА МА?

Астана халықаралық қаржы орталығында Astana Finance Days қаржы форумы өтті. Оған әлемдік сарапшылар, саясаткерлер, бизнес өкілдері және «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген компаниялардың өкілдері келді. Форум аясындағы іс-шаралар төрт күн бойы жалғасты.

BLOOMBERG СТУДИЯСЫ АШЫЛА МА?

Astana Finance Days қаржы форумына көптеген қадірлі қонақтар келді. Қазақстан Президенті олар­дың біразын қабылдады. Соның бірі – Bloomberg Media Group компания­сының Бас атқарушы директоры Джастин Смит.
Қазақстан Президенті Bloom­berg ком­паниясының бүкіл әлем бой­ынша іскерлік және қаржылық ақпарат тарататынын атап өтіп, Қазақ­стан­ның инвестициялық мүм­кін­­діктерін ілгерілету үшін оның ай­рықша рөл атқаратынын айтты.
Кездесу барысында «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығы ала­ңынан тікелей хабар тарататын Bloomberg студиясын ашу, беделді халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарын тарту үшін медиахаб құру, ірі ұлттық компаниялардың акцияларының «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығы биржасына шығуын сүйемелдеу мәселелері тал­қы­ланды.
Сондай-ақ, тараптар Қазақ­стан­ның инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту перспективалары жө­нін­де пікір алмасты.

ТӨРЕЛІК-МЕДИАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ ЖАНДАНАДЫ

АХҚО Халықаралық төрелік орталығы Төрелік-Медиация немесе «Арб-Мед» атты жаңа қызметін іске қосты. Арб-Мед аясында дау төреліктің қарауына жіберіледі. Егер тараптар өз дауын төрелікте шешпейтін болса, олар дауды медиация жүргізу жолымен шешуді талап ете алады.
Арб-Мед қызметі ХТО Төр­ағасы Барбар Доманның басшы­лығымен, сондай-ақ екі төреші Стефана Григолли мен Томас Крюмельдің қатысуымен жүргі­зілетін төрелік іс қарау және медиация арқылы қаржылық дауды шешудің қойылған үдерісінің таныстырылымы аясында іске қосылды. ХТО төрешілері мен медиа­торлары тізілімінде тұрған АХҚО Сотының судьясы сэр Робин Джэй­коб медиатор рөлін атқарды. Қазақ­стан заң қоғамдастығының төрт жетекші заңгері төрешілер мен медиаторларға өз дәлелдерін ұсынды.
Төрелік-медиация қызметі мен таныстырылымы Еуразия аума­ғын­дағы халықаралық төрелік орта­лығында алғаш рет өткізілді. Басқа төрелік орталықтарда ұсынылатын қызметтерден Арб-Медтің айыр­ма­шылығы – ХТО-да медиация жолымен дауды шешу үшін тағайындалған медиатор сондай-ақ төрелік іс қарау шеңберіндегі дауды қарайтын төреші ретінде әрекет етпейді. Медиатор төрешілерден тәуелсіз тұлға және бейтарап делдал болып табылады. ХТО Арб-Мед қызметінің ұсынылуы коммерциялық дауларды аса тиімді және экономикадан тыс әдіспен шешу бойынша ХТО мүмкіндігін әрі қарай нығайтады деп күтілуде.
Қазіргі таңда ХТО-да 36 қазақ­­стандық оқудан өтті, олар медиация жүргізу бойынша оқыту бағдар­ламаларының үздік жеткізушісі болып табылатын Лондондағы Дауларды тиімді шешу жөніндегі орталық арқылы медиатордың халықаралық аккредиттеуі мен біліктілігін алды. Соңғы рет мұндай тренингтер Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2019 жылғы маусым айында өткізілді.
ХТО және АХҚО Соты ап­па­ра­тының басшысы және тіркеушісі Кристофер Кэмпбелл-Холт мырза былай деп түсіндірді: «ХТО мақ­саты – Еуразияда дауларды баламалы жолмен шешу үшін нөмірі «бірінші» таңдау болып табылады. Арб-Мед – біздің ең жаңа бастамамыз, біз оны бүгінгі таңда қуана отырып іске қосамыз. Біз сондай-ақ ХТО-да тараптардың дауларды мүмкіндігінше жылдамырақ және тиімдірек шешуін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда үздік халық­аралық медиация стандарттарын ұсыну біліктілігі бар медиаторлар қоғамдастығын дамытамыз».

AIFC LAW PRO BONO КЕҢСЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Қазақстанның халықаралық қаржы орталығында AIFC Law Pro Bono кеңсесі ашылды.
Іс-шараға Baker & McKenzie, White & Case, Norton Rose Fulbright LLP, Curtis Mallet-Prevost, Grata International және басқа да жетекші халықаралық және жергілікті заң фирмаларының өкілдері қатысты.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі» басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Марат Әйтенов AIFC Law Pro Bono кеңсесінің қызметінде өзара тиімді жағдайлар жасалатынын атап өтті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы іске қосылғаннан кейін Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей құқықтық жүйе қалыптасты. Осы жүйе арқылы тиісті заң кеңестерін алуға мүмкіндік бар. AIFC Law Pro Bono кеңсесі АХҚО шеңберінде туындайтын заң мәселелері бойынша кеңес бере алады. Айта кету керек, бұл қызмет тегін.
AIFC Law Pro Bono кеңсесі-бұл боно туралы бірегей платформа.
«Pro Bono» термині «қоғам игі­лігі үшін» деген мағына береді. Бұл тәжірибе көптеген ұйымдарда жолға қойылған. Кәсіби заңгерлік ұйымның құрамында болсаңыз, қоғам алдындағы жауапкершілік ретінде қайырымды іспен айналы­суыңыз керек. Негізгі мақсат – заң­гер жалдауға қаражаты жетпеген адамдарға тегін сапалы қызмет көрсету», – деп түсіндірді АХҚО са­рап­шысы Дэвид Галло Law Pro Bono кеңсесінің ашылуына ар­налған брифингте.
Тегін кеңес беруде АХҚО-да тір­келген халықаралық және жер­гілікті заңгерлік компания­лардың қызметкерлері жұмыс істейді.
«2018 жылы АХҚО аумағында 20-дан астам заңгерлік компания тіркелді. Олардың арасында Baker&McKenzie, Curtis Mallet-Prevost, Grata International сынды танымал заңгерлік ұйымдар бар. Астана халықаралық қаржы ор­талығы қаржы мәселесіне қа­тысты сұрақтармен айналысатын болғандықтан, заңгерлік кеңестер де өз құзіретіміздегі мәселе болмақ. Кез келген елдің заңды немесе жеке тұлғасы қаржы, бизнес салалары жөнінде заңгерлік кеңеске жүгіне алады», – деді Марат Әйтенов.
Law Pro Bono кеңсесі ЭКСПО аума­ғында орналасқан.

ТҮСІНІСТІКПЕН ЖҰМЫС ІСТЕГЕНДЕР ҰТАДЫ

АХҚО Соты, Халықаралық төрелік орталығы Қазақ­станның еуропалық бизнес қауым­дасты­ғымен өзара түсіністік туралы ме­мо­рандумдарға қол қойды. Бұл қауымдастық АХҚО сотының және ХТО-ның стратегиялық серіктесі болып табылады.
Қол қою рәсімі Astana Finance Days форумы кезінде дөңгелек үстел шеңберінде өтті. Оның отырысын ХТО және АХҚО соты аппаратының басшысы және тіркеушісі Кристофер Кэмпбелл-Холт мырза ашты және оған АХҚО сотының төрағасы Лорд Вульф, ХТО төрайымы Барбара Доманн ханым, Қазақстандағы Еуропа делегациясының басшысы және елшісі, ЕВРОБАК-тың құрметті мүшесі Свен-Олов Карлссон мырза және ЕВРОБАК атқарушы директоры Юлия Куссиди ханым қатысты.
АХҚО Соты, Халықаралық тө­релік орталығы Қазақстан­ның Еуропалық Бизнес Қауымдасты­ғымен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл қа­уымдастық АХҚО сотының және ХТО-ның стратегиялық серіктесі болып табылады.

Куссиди ханым былай деп түсіндірді: «АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының ерекше маңыздылығын ескере отырып, олармен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылуы – ЕВРОБАК үшін үлкен мәртебе болып табылады. Біз келешекте арамыздағы ынтымақтастықтың әрі қарай жалғасын табатынына сенеміз».
Ал Кэмпбелл-Холт мырза былай деді: «АХҚО соты мен ХТО біршама уақыт бойы ЕВРОБАК-пен ойдағыдай жұмыс жасап келеді және біз әрі қарай ынтымақтасуды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылғанына өте қуаныштымыз. Еуропалық инвесторлар Астана халықаралық қаржы орталығы тарапынан дауларды шешу бойынша үздік халықаралық стандарттардың қолданылуы мен аса жоғары сападағы қызметтердің ұсынылатынына сенімді бола алады».
Дөңгелек үстел аясында еуропалық компаниялар мен дипломатиялық миссиялардың жоғары шенді өкілдеріне АХҚО соты мен ХТО туралы және олардың қызметтерін пайдалану туралы көбірек білу мүмкіндігі ұсынылды.
Қазақстанның еуропалық бизнес қауымдастығы – Еуропаның іскерлік топтарының біздің елдегі коммерциялық емес ұйымы болып табылады. Қауымдастық Еуропа Ода­ғының Қазақстанда жұмыс істейтін және инвестициялар салуды жүзеге асыратын компаниялары мен Еуропа комиссиясы делегациясының бастамасы бойынша 1999 жылы құрылған.

СЕМИНАРЛАРДЫҢ БЕРЕРІ КӨП

Халықаралық қаржы нарықтарына шығу және шетелдік инвестицияларды тарту үшін не істеген жөн? Осы мақсатта «Getting trained for IPO» тәжірибелік воркшоптар сериясы ретіндегі сараптамалық алаң АХҚО бюросы базасында құрылды. Оның бағдарламасына сәйкес IPO саласына қатысты өзекті мәселелерге, компаниялардың жария нарыққа шығу процесінде тап болуы мүмкін проблемаларға және АХҚО сарапшылары ұсына алатын шешімдерге назар аударды.
Бағдарламаға беделді халықаралық сертификаттау базасында құзыреттердің негізгі бағыттары бойынша жетекші сарапшылар қатысты. Инвестициялық менеджмент, тәуекелдерді басқару, бухгалтерлік есеп және аудит, персоналды басқару, корпоративтік басқару, заңды сүйемелдеу және инвесторлармен «IPO-ға дейін және одан кейін» қарым-қатынас туралы жан-жақты мәлімет берілді.
АХҚО Бюросы бастама жасаған са­раптамалық іс-шара Инвести­ция­лық ме­неджмент саласындағы сауат­тылықты дамытуға, инвестор­лардың мүдделерін қорғауға, қазақ­стандық мамандардың кәсіби дамуына бағытталды.
Бұл сараптама қор нарығына шы­ғуға дайындау, жекешелендіру және қаржы тарту аясында ұлттық және жеке компаниялар кадрларын кәсіби даярлау үшін қажет.
Тыңдаушылар алдында Қазақстан, Ұлыбритания, Австралия, Франция, Италия сарапшылары ақпараттық сессиялар, воркшоптар туралы және Қазақстанның қаржы нарығы үшін өзекті тақырыптарға байланысты дәріс оқыды. Олардың ішінде АХҚО академиялық кеңесінің төрағасы, профессор Александр Ван де Путт, AIX Бас директордың орынбасары Сэм Ван, EMEA, GARP вице-президенті, бизнесті дамыту жөніндегі директор Марион Ле Брюшек, Korn ferry Hay Group Қазақстан директоры Тамерлан Ларионов, АХҚО банктермен жұмыс жөніндегі директоры Хайнер Хартвич және басқа да белгілі қаржыгерлер мен сарапшылар бар.

СЕРІКТЕСТЕР СЕРТТЕРІНДЕ ТҰРАДЫ

«Астана» халықаралық қаржы орта­лығы Әлемдік экономикалық форум­ның төртінші өндірістік революция орталығымен серіктестік келісім­шартына қол қойды.
Төртінші өндірістік революция орталығы ғылым мен техниканың жетіс­тіктерін пайдалануды жеделдететін, саясат негіздерін әзірлеу және ынтымақтастықты дамыту мақсатында көптеген мүдделі тараптардың қаты­суымен жұмыс істейтін жаһандық орталық болып табылады.
АХҚО бірінші кезең үшін үш басым бағытты анықтап алды. Бірінші – жасанды интеллект және машинамен оқыту. Екінші – блокчейн және таратылған тізілімдердің технологиясы. Үшінші – цифрлық сауда.
Орталықтың серіктесі болу арқы­лы АХҚО жаңа технологияларды пай­­далануға, құрылымды жасау үшін үкімет­термен, саясаткерлермен, рет­теу­­шілермен, өнеркәсіптік және ғылыми орталармен бірге жұмыс істеу­ге мүмкіндік алады.
Бұл Қазақстан ғана емес, аймақтық экономиканың нәтижелеріне қол жеткізу үшін зор мүмкіндік. АХҚО стартап ұжымдармен инновациялық зертханалар, сандық топтар және жергілікті өнеркәсіптік серіктестермен ынтымақтастық арқылы жұмыс істейді.
«Біздің мемлекет «Қазақстан 2050» стратегиясымен серпінді дамып келе жатқан әлемдегі ең қауіпсіз, ең тұрақты ел ретінде және «Цифрлық Қазақстан» бастамасы шеңберінде цифрлық технологияларды дамыту үшін Әлемдік экономикалық форумның төртінші өнеркәсіптік революция орталығына қосылып отыр», – дейді АХҚО Бас­қарушысы Қайрат Келімбетов.
«Астана халықаралық қаржы ор­талығы орталық желісіне бірегей сер­пін әкеледі. Біз жасанды интеллект, блокчейн және цифрлық сауда жобаларында олармен бірге жұмыс істеуді күтеміз», – дейді Әлемдік эконо­ми­калық форумның төртінші өнеркәсіп­тік революция орталығының басшысы.
Орталықтың мүшесі болу ғылым, технология және инновацияларға арналып жыл сайын Қытайда өткізілетін жаңа жеңімпаздардың жиналысы мен форум кеңесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мүшелік форумның онлайн-платформаларын, TopLink және Transformation Maps-ты қолдануға мүмкіндік береді.
АХҚО төртінші өнеркәсіптік революцияны басқаруды белгілеуге көмектесу үшін ауқымды және жаһан­дық компаниялар болып табылатын орталықтың серіктестеріне қосылады. Олардың қатарында Accenture, Cognite, Deloitte, Deutsche Bank, Дубай Электр энергетикасы және сумен жабдықтау басқармасы, McKinsey & Company, Microsoft Corporation, Mitsubishi Chemical Holdings Corporation, SAP, Saudi Aramco, Splunk, Inc, Suntory Holdings Ltd, Takeda Pharmaceuticals, Visa Inc компаниялары бар.

ЕУРАЗИЯ ЖӘНЕ НАРЫҚТЫҢ  ДАМУЫ: БӘСЕКЕЛЕСТІК НЕМЕСЕ  ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ?

Астана халықаралық қаржы орта­лығында өткен форум барысында сарапшылар осы тақырыптағы дөңгелек үстелге қатысты. Олар Еуразиялық экономикалық интеграцияның негізгі аспектілерін, сондай-ақ нарықтың дамуы мен елдер арасындағы ынтымақ­тастық қажеттілігін талқы­лады.
Баяндамашылар қазіргі әлемде ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік халықаралық интеграция мен өзара пайданы ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл ретте адал бәсекелестік эконо­микалық тиімділіктің негізгі ынталандыруы болып қалуы тиіс. Мысал ретінде АСЕАН және ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардың тәжірибесі келтірілді. Атап айтқанда, бірқатар сарапшылардың пікірінше, биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтетін АСЕАН өңірлік ынтымақтастық үшін үлгі.
Сонымен қатар, баяндамашылар Орталық Азия аймағында нарықтың біршама аз екенін ескере отырып, табысты ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін тиімді басқару дағдыларын үнемі жақсарту қажеттігін атап өтті.
Орталық Азия елдері экономи­каларының бәсекеге қабілеттілігінің әлеуетіне, тауар айналымы өсімінің маңыздылығына, визалық талаптарды жоюға, шекараларды ашуға және инвестициялардың өсуін арттыру үшін басқа да ынталандыруларды енгізуге ерекше назар аударылды.

НҰР-СҰЛТАН МЕН ПУСАН ҚАЛАЛАРЫНЫҢ АРАСЫ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ

«Астана» халықаралық қаржы орта­лығы мен Пусан қаласының ха­лық­а­ралық қаржы даму орталығы Astana Finance Days қаржылық конференциясы аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар бизнес-желілерді өзара тиімді кеңейтуге, экономиканың өсуіне және өңірлік жобаларды ілгерілетуге бағытталған бірыңғай бизнес-стратегиялар мен жобаларды әзірлеуге, сондай-ақ түрлі бағдарламалар мен іс-шаралар арқылы білім алмасуға белсенді қатысуға ниет білдіріп отыр.
Құжатқа «АХҚО Әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Құсайынов пен Пусан қаласын дамытудың ха­лықаралық қаржы орталығының басшысы Янг Хо Парк қол қойды.
Меморандумның мақсаты ортақ мүддені білдіретін мәселелерде тараптар арасындағы ынтымақтастық үшін, сондай-ақ екі орталықты кеңейту және дамыту үшін ортақ шеңберлерді қамтамасыз ету болып табылады.
Пусан қаласын дамытудың халық­аралық қаржы орталығы мен АХҚО реттеу құрылымы, халықаралық қаржы саласындағы және қаржы құрал­да­рындағы үрдістер, банктік, қаржы­лық қызмет көрсету және бағалы қағаз­дар туралы заңнама сияқты салаларда тәжірибе алмасатын болады.

ОРНЫ БӨЛЕК FINTECH SUMMIT

Astana Finance Days аясында алғаш рет қаржылық технологиялар тақы­ры­бына арналған Fintech Summit өтті. Саммитке қатысу үшін әлемнің барлық елдерінен сарапшылар, инвесторлар және бизнес өкілдері жиналды. Олардың арасында Евгений Лесняк (Fintech&Ventures, Visa), Антон Мусин (Accenture), Сэм Тидсуэлл-Норриш (Motive Partners), Ерез Шахар (Qumra Capital), Йохан Биддерман (WAIFC) және басқа да белгілі тұлғалар бар.
Олар Орталық Азияға қажетті тренд­тер мен инвестицияларды ынталандыру шарттарын, блокчейн мен киберқауіпсіздікті талқылады. Motive Partners негізін қалаушы, бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Сэм Тидсуэлл-Норриш «Экожүйенің финтехін дамыту үшін үш ингредиент қажет: капитал, тұжырымдама және коллаборация», – деді.
Accenture компаниясының Қазақ­стан­дағы басқарушы директоры Антон Мусин финтех тренд үлгісі ретінде банктер өздерінің ақпараттық активтерінің бір бөлігіне қол жеткізгенде, ал үшінші тараптар деректерге қол жеткізгенде Open Banking тұжырымдамасын пайда­лануға алып келеді деген ой айтты.Accenture өкілі Open Banking стратегиясын енгізбейтін банктер мен қаржы ұйымдары табысының 30 пайызына дейін жоғалтады деп санайды.
Сондай-ақ саммит аясында Deloit­te, KPMG және PwC аудиторлық ком­­па­нияларымен әріптестікте АХҚО дайындаған «Өңірдегі қаржы секторына шолу» есебінің тұсаукесері өтті. Құжатта банк және қаржы индустрия­сының көлемі, посткеңестік елдердегі мемлекеттік қолдау шаралары, салық­тық реттеу және инвестициялық ахуал туралы ақпарат берілген. Есеп қаржы нары­ғының толық жағдайын және қар­жы­лық технологиялардың оған әсерін түсіну үшін пайдаланылуы мүмкін.
Саммиттің басты сәттерінің бірі Ор­та­лық Азияда алғашқы рет АХҚО-мен серіктестікте өткізілетін Visa Every­where Initiative жаһандық конкур­сының қорытындысы болды. Қазылар алқасы 5 стартап-жеңімпазды іріктеп алды.
«Финтех Саммит бағдарламасы өте мазмұнды болды. Осындай іс-шара қаржы технологиялары туралы хабардар болу деңгейін көтереді. Астана халықаралық қаржы орталығы қаржы бағытын дамытуға ерекше көңіл бөледі», – деп атап өтті АХҚО Басқа­рушысы Қайрат Келімбетов.
Финтех хабта цифрлық көрме өтті. Онда хаб пен оның серіктестері-CrimsonLogic, «Сбербанк», Транстелеком және BI.ZONE, сондай-ақ Visa Everywhere Initiative финалистерінің жобалары ұсынылды.

МЕМОРАНДУМ МӘРТЕБЕСІ

«Астана» халықаралық қаржы ор­талығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті Бағалы қағаздар жөнін­дегі халықаралық комиссияның консультациялар, ынтымақтастық және ақ­­парат алмасу туралы көп жақты түсі­ністік туралы меморандумына қол қойды.
Қол қойылған меморандумның мәр­тебесі қаржылық қызметтерді реттеу саласында АХҚО нормативтік базасы капитал нарықтарындағы транс­ше­каралық қаржы қызметі саласындағы және ақпараттың құпиялылығын қорғау саласындағы ақпарат алма­судың жаһандық стандарттарына сәйкес келетінін растайды. Бұл трансшекаралық бағалы қағаздар мен мәмілелерді қадағалауды жүзеге асыруды айтарлықтай кеңейтеді, сондай-ақ АХҚО актілері мен ережелеріне сәйкестікті бақылауға көмектеседі.
Жаһандық қор нарығында IOSCO Меморандумы қаржы саласындағы тиімді ынтымақтастық үшін маңызды құралдар ұсынады. Бұл меморандумға қол қою жаһандық қор нарығының ажырағысыз бөлігі болып табылады.
АФСА Бас директорының міндетін атқарушы Мұхтар Бөбеев: «IOSCO Меморандумына қол қою Астана халықаралық қаржы орталығының нормативтік базасының қалыптасуы мен қор нарығының дамуындағы маңызды белес» деді.

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру