Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Исламдық қаржыландыру құндылығы неде?

Шілденің алғашқы төрт күнінде Елордада дәстүрлі Astana Finance Days (AFD) мамандандырылған қаржы конференциясы болып өтті. Алқалы форумға бүкіл әлем мойындаған сарапшылар, саясаткерлер, бизнес өкілдері мен «Астана» халықаралық қаржы орталығында іскерлік байланыспен тіркелген компаниялардың өкілдері қатысты. Беделді басқосуға жиналғандар соңғы он жылда қаржы саласында орын алған өзгерістерге жан-жақты талдау жасап, экономиканың осынау белді бөлігін одан әрі ілгерілетудің қыр-сырларын талқылады.

Солардың бірқатар тақырып­тарын тереңірек қаузаған «TENGE MONITOR» тілшілерінің мақала­ларымен өздеріңіз де таныса аласыздар. Бұл жерде әңгіме осы конферен­ция барысында мамандардың да, басқа тараптардың да, тіпті қарапайым жұртшылықты да айрықша толған­дырған маңызды мәселе – шариғат жолымен қаржыландыру жайында болмақ. Жалпы алғанда, «ислам­дық қаржыландыру» – бүгінгі күні Орталықазиялық аймақтағы серпін­ді дамушы бағыттардың бірі.
Атап айтқанда, Халықаралық исламдық сауда-қаржылық корпорациясы (ITFC) тарабы бойынша ғана өткен жылы ТМД елдеріндегі сауда операцияларының ауқымы 57 млн АҚШ долларын құрапты. Бұл туралы Astana Finance Days аясында АХҚО негізінде Ислам даму банкі тобы ұйымдарының семинары барысында ITFC-дің ТМД бойынша бас мене­джері Анвар Нигматов байыпты тоқталды.
Мұның үстіне ITFC аталған нарық­тарда өз іс-қимылдарын одан әрі нығайтуды жоспарлап отыр. «Біздің мақсатымыз – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікпенстан, Әзірбайжан, сондай-ақ Қырғызстанды қоса есептегенде, ТМД елдеріндегі сауда операцияларының көлемін 2019 жылы $100–150 млн-ға жеткізу. Ал 2020 жылға қарай аймақ бойынша нысаналық көрсеткіш деңгейін шамамен $200–250 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.
Айта кету керек, Қазақстан – исламдық қаражатты тарту бойынша көшбастаушылардың бірі. Анвар Нигметов мысалға келтірген мәліметтер бойынша, ITFC Орталық Азия елдерінің нарықтарына енген кезден бері осы аймаққа $1,15 млрд тартылған. Ал осыншама қаржының негізгі алушысы Қазақстан болып табылады.
«Бұл ретте қаржыландыру негізі­нен ауыл шаруашылығына, энерге­тикалық салаға, тамақ өнеркәсі­біне жұмылдырылған. Негізгі клиенттер – үкіметтер, корпорациялар мен қар­жылық институттар болды», – деп тия­нақтайды Анвар Нигматов.
ITFC айтарлықтай ауқымды жоба­ларға ақша инвестициялайды. Жыл сайын бұл корпорация 70-тей мәміле жасайды екен. Қаржыландырылған мәмілелердің жалпы сомасы 2018 жылы $5,2 млрд-ты құраған.
Орталық Азия аймағында ислам­дық қаржыландыру идеясын белсенді ілгерілетіп жүрген тағы бір ұйым бар, ол – Инвестициялар мен Экспорттық несиелендіруді сақтандыру жөніндегі Ислам Корпорациясы (ICIEC – The Islamic Corporation for the Insurance of Investment and Export Credit). Компанияны ресми түрде таныстыра келе, оның елдік менеджері Огуз Актун, нақ өткен аптада ғана Өзбекстанның ICIEC құрамына кіргенін жариялады.
ICIEC капиталы 600 млн АҚШ долларын құрайды, бұл – исламдық қаржыландыру қағидаттары негі­зінде қызмет көрсететін жалғыз экс­порттық-несиелендіру агенттігі. «Біз бизнесті несиелендіру және сақтандыру жағдайларымен жұмыс істейтін жеке және мемлекеттік ком­па­ниялардың бөлігі болып есеп­телеміз, сондай-ақ түрлі исламдық агенттіктер мен экспорттық несие­лендіру агенттіктерінің одағы құра­мына кіреміз», – деп жария етті Огуз Актун.
ICIEC әдеттегі сақтандыру компанияларынан, басқа елдердің экономикасына қаржыландыруды инвестициялау кезінде, экономикалық және саяси тұрғыдағы тәукелділікті өтеуімен ерекшеленеді.
«Экономикалық тәуекелдерге келер болсақ, бұл сатып алушының қауқарсыздығы, әлдебірдеңе алушы­ның тауарды қабылдаудан бас тартуы. Саяси тәуеклдер барысында, бұл соғыс қимылдарымен немесе азаматтық бағынбаушылықпен байланысты өрбуі мүмкін», – деп О. Актун сақтандыру жағдайларын мысалға келтіреді.
Исламдық сақтандыру корпора­ция­сының тағы бір айрықша ерек­шелігі – сақтандыру жағдайларын еңсеру ауқымы.
«Әдетте біз 90%-ын жабамыз. Бұл шегіміз. Бұдан төмен көлем, менің байқауымша, болып көрген емес. Кейде, тіпті одан да, жоғары болып жатады. Инвестицияларды сақтандыруға келер болсақ, мәселен, 100 млн АҚШ доллары мәмілесі кезінде, біз $90 млн-ын сақтандырамыз, $10 млн – бұл «жеке жауапкершілік» деп аталатын міндетіміз. Қаржыландыру жағдайында болса, біздің лимитіміз 95%-ға дейін. Біз, өтеудің сақтандыру сомасы барынша көп болуын ескере отырып, әрқашанда осындай деңгейде өтейміз»,– деп мәлімдеді ICIEC-дің біздің еліміздегі менеджері.
Жыл сайын Ислам сақтандыру корпорациясының мамандары ұйы­мның сараптау операцияларының арнайы талдауын дайындайды, сондай-ақ нарықтағы жағдайға зерттеу жүргізеді.
Келешегі зор бағыттардың бірі – исламдық қаржыландыру қағидаттары негізіндегі лизинг. Осы саланың жұмысы туралы «Қазақстандық Иджара Компаниясы» АҚ Бас директоры Юсуф Каршы мырза әңгімелеп берді.
Бұл ұйым жұмысының тарихы бес жылдан астам мерзімді құрай­ды, оның басшылығы қызмет көрсе­тудің бастапқы кезінен шариғат қағи­даттарымен лизингтік қызмет ұсыну жолымен елімізге исламдық қаржы­ландыру арқылы капитал тартуды дамытты.
2014 жылы бастапқы кездегі ак­цио­нерлердің компанияға капиталы 28 млн АҚШ долларын құрады.
«2019 жылдың басына біздің капитал қоржыны 6,8 млрд теңгені құрады. оның үстіне 2018 жылғы таза пайдамыз 710 млн теңге құрап, бұл компания іс-қимылының бүкіл кезеңіндегі үздік көрсеткіш болды. Біз клиенттік базамызды нақты бір немесе басқа салаларда қауіп-қатерді төмендету мақсатында әртараптандыру жүргіз­дік. Бүгінгі күнге компаниямыз кли­ент­терінің басым бөлігін – шағын және орта бизнес өкілдері – 67 компания құрайды. Бұдан өзге құрамымызда корпоративтік клиенттеріміз де бар», – дейді ол.
Юсуф Каршының айтуынша, корпоративтік клиенттерді қаржы­ландырудың орташа сомасы 261,2 млн теңгені құрайды.
Шағын және орта бизнес өкілдері, орта есеппен 83,4 млн теңге құрайтын, азырақ көлемдегі қаржыландыруға тапсырыс береді. Қазақстандық бизнесмендер көп жағдайда ұлттық валютамен қаржыландыруды қалайды, сөйтіп, теңгемен мәміле үлесіне 81,2% тиесілі.
Конференцияда Татарстан Рес­публикасы KazanSummit Инвес­тициялық даму агенттігі ұйымдастыру комитетінің қаржы директоры Римма Саляхованың сөзі өте тартымды болды. Ол 2019 жылы Татарстан билігі Halal lifestyle жобасын жүзеге асыру бойынша «жол картасын» қабыл­дағанын айтты. Бұл бағыттағы жұмыс «Ресей – Ислам әлемі» стратегия­лық көз­қарас тобы аясында жүргізілуде екен.
Римма Саляхованың айтуынша, жобаның өзі халал өмір салтын дамыту және дәріптеуге бағытталған кең көлемді іс-қимылдар жоспарынан тұрады. «Бұл картаны іске асыру үшін 6 бағыт белгіленді. «Қазан Саммит» аясында халалдық киім топтамасының сән үлгілері көрсетіледі. Бұдан басқа саммит аясында «Халал-Экспо» көр­месі өткізіледі, онда халал өнімін шығарушылар өздерінің өнімдерін ұсынбақ. Татарстан Республикасы Ресейде халал туризм дамытуды белсенді жүргізуде. Сонымен бірге халал қаржыландыруды дамыту бойынша міндеттер айқындалды», – деп жария етті ол.
Айта кету керек, 2018 жылы Татарстан Инвестициялық даму агенттігі «Астана» Халықаралық қаржы орта­лығымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Соның аясында тараптар исламдық қаржыландыру, «жасыл» қаржылар дамыту, инвестициялар тарту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл танытуға келіскен.
Сөзінің соңында Римма Саляхова АХҚО өкілдерін 2020 жылдың жазына жоспарланған кезекті XII KazanSummit форумына қатысуға шақырды.

Исатай Қамбаров


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру