Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Қазақстанның қаржылық ахуалын арттыратын шара

Астана халықаралық қаржы орталығында 1 шілдеден бастап Astana Finance Days қаржы форумы өтті. Оған әлемдік сарапшылар, саясаткерлер, бизнес өкілдері және «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген компаниялардың өкілдері келді.
Осы форум аясындағы іс-шаралар төрт күн бойы жалғасты. Конференцияға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Қаржы орталығы инвестициялар тартуы тиіс

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халық­аралық қаржы орталығын басқару жөніндегі Кеңес отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Отырысқа Кеңес төрағасы – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, сондай-ақ Кеңес мүшелері: Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, JP Morgan Chase International Директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, Ресей Сбербанкінің президенті және басқарма төраға­сы Герман Греф, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, «Яндекс» компаниялар тобының басшысы және негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож, Citigroup инвестициялық және корпоративтік банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогы­ның басшысы Джули Монако қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сө­зінде Кеңестің жаңа мүшелеріне ризашылығын білдіріп, шетелдік инвесторлардың күш-жігері мен қолдауының арқасында «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының алдағы жұмысына негіз қаланғанын атап өтті.
– Ресми түрде іске қосыл­ғаннан бері бір жыл ішінде Халықаралық қаржы орталығы беделді қаржы орталықтарының жаһандық ин­дексі бойынша 37 позицияға көтеріліп, 51-ші орынға ие болды. АХҚО табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған, қажетті инфрақұрылым бар. Енді бізге нақты нәтижелерге қол жеткізу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы әлемге танымал халықаралық қаржы орталығына айналып келе жатқанын атап өтті.
– Әлемнің жетекші сәулет­ші­лері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүниежүзінің бел­гілі қаржыгерлері осы жерде табыс­ты қаржы орталығын қалып­тастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО ба­засында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет.

Бұл жерде «Қазақтелеком», «Қаз­мұнайгаз», ҚТЖ, «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың IPO-сы өтеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Отырыс барысында АХҚО-ның жылдық есебі бойынша ресми таныстырылымы өтті.

АХҚО Сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраждық  орталық ашылды

«Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ашты» деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсім барысында Сот ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орта­лықты ресми түрде ашық деп жариялап, қалыптасқан үрдіске сәйкес арнайы балғамен соққы жасады.
Қазақстан Президенті өз сөзінде заң үстемдігін сақтау қағидаты ор­нықты экономикалық дамуға және инвесторларға деген сенімге ықпал ететінін айтты.
– Біз заманауи, кәсіби және дербес сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. «Астана» халық­аралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық арбитраждық орта­лығын ағылшын құқығы қағидаты негізінде құру арқылы біз «Астана» халықаралық қаржы орталығының институционалдық құрылымын жасауды аяқтаймыз. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу үшін жасаған қадамдарының бірі саналады.
– Біз мұның биік мақсат екенін түсінеміз. Ол тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді, әртараптан­дыруды, жаңа инвестиция мен технологияны тартуды талап етеді. Біз ре­формалардан қорықпаймыз. Сон­дықтан, бұрынғы КСРО аума­ғында алғаш рет ағылшын құқығы сот төрелігінің жалпы жүйесі аясында елімізде табысты қолданылып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Астана» ха­лық­аралық қаржы орталығында исламдық қаржыландыру, адам капиталын, инновация мен цифрландыруды дамыту, стартап-жобаларды қолдау салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың ма­ман­дандырылған көрмесін аралап көрді. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысымен танысты.

Исламдық қаржыландыру қарқынды болмақ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Finance Days қаржы форумына арнайы келген Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджармен де кездесті. Мемлекет басшысы Ислам даму банкі тобының «Астана» халықаралық қар­жы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысына қатысуы және Бандар Хаджардың Кеңес мүшесі лауазымына тағайындалуы Қазақстандағы исламдық қаржылық қызметті дамы­туға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
– Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті мен Үкіметі исламдық қаржылан­дыруды дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Бізде ислам банкі мен қаржы мекемелерінің қызметі үшін барлық жағдай жасалған. Осы бағыттың табысты болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында тараптар «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының жұмысына Ислам даму банкінің қатысу мәселесі, соның ішін­де басқа да исламдық қаржы институттарын тарту, «Астана» халық­аралық қаржы орталығының базасында ИДБ құрылымдарын орналастыру, осы орталықтың биржасында ислам облигацияларын шығару жөнінде пікір алмасты.

Байланыс берік болса…

Астана» халықаралық қаржы ор­талығы бір жылдың ішінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асырған. Бұл туралы осы орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов Astana Finance days аясында өткен АХҚО Кеңесінің отырысында мәлім етті.
«Соңғы 12 айда өте жақсы жетіс­тіктерге қол жеткіздік. Біздің реттеуші аясында 200-ден астам компанияның тіркелуіне келсек, бұл компаниялар арасында аса танымал ұйымдардың бар екенін мақтанышпен айтқым келеді. Мәселен, Қытай даму банкі, Қытай құрылыс банкі бар. Сонымен бірге, «Бір белдеу – бір жол» бастамасының нағыз қаржылық хабына айналғымыз келеді», – деді Қайрат Келімбетов.
Астана халықаралық қаржы ор­талығының шын мәнінде инфра­құры­лымдық және қаржылық хаб болуға мүмкіндігі бар. «Үкімет пен Ұлттық банк бұл жобаны қолдап отыр және мұндағы маңызды мәселе – басқа ұйымдармен өзара байланыс. Сондықтан, қазір Токио, Сингапур, Шанхай қалаларына тікелей әуе рейсін ашу жөнінде Үкіметпен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл АХҚО-ны ірі жаһандық қаржылық орталықтармен байланыстырады», – деп атап өтті Қ.Келімбетов.

Ғалым Омарханов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру